Тарих

Большевиктер ұлттың еркін жоюды көздеді

Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап-ақ халықтың саны, елдің қолындағы  байлығы, ұстап отырған малының қанша екеніне дейін қайта-қайта мәліметтер жиналып, есепке алу жүргізілді. Жұртқа ықпалы бар, сөзі жүретін адамдардың еркіндігін шектеу мықтап қолға алынды.

Халықтың қалыпты тіршілігінің тынысын тарылтып, жақсысын қыспаққа алудың өзі бірнеше бағытта және түрлі деңгейде жүргізіліп отырғаны белгілі. Сайлау құқынан айыру, мал-мүлкін тәркілеу, партиялық тазалау, тіпті оқу орындарына дейін тазалаужүргізу — сол кезеңдегі билік саясатының ең сорақы тұстары еді.

Облыстық мемлекеттік архивте Ақтөбе губерниялық атқару комитетінің сайлау құқынан айыруға қатысты қаулылары сақталған. Бұл құжаттарда сайлау құқынан кімдердің айырылатыны, олардың қоғамның саяси өмірінен қалай шеттетілетіні туралы баяндалған. Халық арасындағы беделді адамдардың, әсіресе елдің бетке ұстар азаматтарының сайлау құқығы шектеліп, түрлі саяи науқандарға қатыстырылмайтыны анық жазылған.

Құжаттардың бірінде:

«Ақтөбе губерниялық атқару комитеті алдағы сайлау науқаны кезінде мынаны жетекшілікке алуды ұсынады:

1) Сайлаушылар мен сайлау құқынан айырылғандардың тізімін құру кезінде «Известияның» №263 санына шыққан БОАК-тің нұсқаулығына сай, Қазақстанда сайлау құқынан айырылғандардың қатары мынадай категориялармен толыққанын басшылыққа алу қажет:

… атқамінерлер, бұлар — кедейлер мен ауылдағы жартылай пролетарлар табына кесірін тигізетін істермен айналысып, екі арада дәнекер болып жүретін рулық заңсыз әкімшілер;

… делдалдар және басқа ауыл саудагерлері, алыпсатарлар;

…молдалар, бұрынғы және қазіргі діни-мұсылмандық оқытушылар, имамдар, ишандар, халпе, мүфтилер, мұсылмандардың діни басқармаларының мүшелері, хазіреттер, таубилер;

… қазақтар «бақсы» деп атайтын адамдар», — делінген.

Коммунистік идеологияны қоғамдық санаға сыналап енгізуге кедергі болуы мүмкін күштердің бәрін жою осылайша күн тәртібіне қойылып, жүзеге асырылып отырды. Адамдарды сайлау құқынан айыру үшінарнайы бекітілгенсайлау комиссияларының нұсқауларынан «бұрын патша өкіметіне қызмет еткен» дегенді сылтау ете отырып, елдегі би, болыс, яғни ел басқару тәжірибесі бар адамдардың барлығын шетке қағудың мақсат етілгенін көруге болады. Алайда большевиктер қанша шектеу қойғанмен,қазақ зиялылары ұлтқа қызмет етуін тоқтатпаған. Олардың әділетсіздікке қарсы, ел тағдырына ара түсу әрекеттерінің соңы1929-1930 жылдары үлкен көтерілістерге ұласқандығы белгілі.

Кеңес өкіметінің қарапайым халыққа да сенбегенін жоғарыдан жіберілген нұсқауларда сайлаушылардың арнайы үлгідегі парағы шығарылғанынан көруге болады. Бұнда дауыс берушінің аты-жөнін, туған жылын, жынысын, әлеуметтік жағдайын (шыққан тегі, тұрмысы), сайлау құқынан айырылғандығы немесе оның сақталғандығы жөнінде мәліметті, егер айырылған болса, себебін көрсету сұралған.Бұған қоса сол кездегі газеттерде сайлау құқынан айырылған адамдардың тізімі үнеміжарияланып отырған.

Ал 30-жылдары сайлау құқынан айыру, ұлт зиялыларының мал-мүлкін тәркілеу шараларынан бөлек,партиялық тазалаужұмыстары да жүргізіле бастады. «Степная правда» газетінің 1929 жылғы №11 санында жарияланған «Партия готовится к чистке» атты мақаладасайлау құқынан айырып, қоғамнан шеттетілген адамдардан басқа кісілерді детегіне, әлеуметтік ортасына қарай партиядан шығару керектігі, сол арқылы коммунистік партияны тазарту жөнінде айтылады. «Тазарту қандай да бір жолдармен тап жауларымен сыбайласқан, сөйтіп дұрыс бағыттан адасқан барлық элементтерді қамтуы керек. Әр ауылдық коммунистің  колхоз құрылысына үлес қосуы партияға лайықты болудың негізгі, шешуші шарты ретінде алынуы керек»,— деп көрсетілген мақалада.Қызылдардыңөздері құрған билікке жат элемент ретіндекөрсеткен жергіліктіазаматтардың алдыңғы тобыАлашорда қызметіне қолдау білдірген, Алаш милициясының құрамында болған адамдар еді. Ал облыс бойынша сайлау құқынан айырылған дін өкілдеріне келсек,тек1927 жылдың өзіндеғана 600-ден астамадамның тізімі жасақталған. Ондай адамдардың тізіміжылма-жыл көбейтіліп отырған. Тіпті 1933-1934 жылдары бұрын сайлау құқынан айырылған кісілердің балалары мен туыстары да қайта-қайта тексеріліп, қысымға ұшыраған. Мәселен, 1929 жылы 22 сәуірде Ақтөбеде оқу орындарын тазалау жөнінде округтік комиссияның арнайы отырысы өткен. Бірғана отырыстың өзіндеоқудан шығаруғаАқтөбе педтехникумында білім алып жүргенотызға жуық студенттің тізіміұсынылған. Осы жастардың ішінде 4 студент сол бойда кеңес үкіметіне жат элемент ретіндетанылып, оқудан шығарылған, тағы 5 студентті сырттай бақылауда ұстап, қоғамдық жұмыстарға тарту, коммунистік идеологияға тәрбиелеу жайында шешім шыққан. Қалған 16 студенттің құжаттары кері қайтарылған. Олардыкеңес қоғамына жат элемент ретінде тану үшін қажетті дәлелдердің жеткілікті емес екені айтылыпты.

Оқу орындарын тазалауға іліккен студенттерге тағылған айыптарға келсек, олардың бастысы — тегі мен отбасының кеңес қоғамына жат элемент ретінде танылуы.Яғни олардың аталары патша заманында болыстық қызметте болған, кейбірінің әкесі бай немесе діни адам болғаны көрсетілген. Кейбір студенттерді тегін жасырды деп айыптағанын көруге болады: «Педтехникум студенттері қатарынан төмендегі студенттерді шығару керек:

1) Жүнісова—қоғамға жат элемент (атасы 40 жыл болыс басқарушысы болған) және топ мүшесі ретінде;

2) Ақтемісов —үздік қызмет көрсетіп, патша билігінен медаль алған, бүгінде сайлау құқынан айырылған бұрынғы болыс басқарушысының ұлы болғаны және;

3) Рысалин —бай баласы жәнеөзінің әлеуметтік жағдайы жөнінде өтірік ақпарат беруші ретінде;

4) Өтегенов —ешқандай қоғамдық жұмысқа қызығушылық білдірмейтін, партия мен кеңес өкіметіне қарсылығын ашық көрсететін жат элемент ретінде» — деп жазылыпты облыстық архивтің 9-қорында сақталған құжатта.

Қоғамды алға жетелейтін қасиеттің бірі — ерік. Ұлт зиялыларының еркіндігі сақталса, ұлттың еркі де сақталады. Қазақтың байлары мен діни адамдарынсайлау құқынан айыру кезінде оның жеке басы ғана емес, бүкіл тегіне дейін тексеріліп отырған. Оқу орнында білім алып жүрген студенттер мен сабақ беретін мүғалімдердің барлығы мұқият тексерілген. Партияға кірмеген жастарды қоғамдық жұмыстарға пайдалану жөніндеоқу орындарына арнайы нұсқаулар берілген.Құжаттарда партия, комсомол құрамында жоқ жастарды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту да оларды тексерудің бір жолы екені атап көрсетілген.

Большевиктердің ұлттың еркін жою саясаты бірте-бірте тарихи жадыны өшіру мақсатына ұласты. 1937-1938 жылдарда қазақтың еркін заманындағы сөздерді қолданғанкісілер, жастарқудалауға жиі ұшырайтын болды. Олардың тарихты білгендігі, өзінің төл мәдениетінің құндылықтарын дәріптегеніөздеріне үлкен зиян болып тиді.

Ақылы мен білімі арқылы өзіне-өзі жетекші болатын адам да, қоғам да әрқашан ерік қасиетіне ие. Еріктің рухын зерделемей, еркіндіктің мәнін түсіне алмаймыз. Еркіндік, соның ішінде ұлт еркіндігі деп ұрпақтың ұлт, мемлекет ретінде дербес өмір сүруге қажетті дүниелерге, қасиеттерге ие болуын, соны сақтай алуын айтамыз. Ұят сезімі, жанашырлық, адалдық, жауаптылық, табандылық — осы еріктің аясындағы қасиеттер. Ал большевиктер қоғамды бай, кедей деп бөлу арқылы ұлттың тұлғалық қасиетіне айналған еріктің рөлін жоюға барынша күш салды.

Еркіндікте өмір сүрген ел болмысының әлеуметтік бейнесін «жарастық» дейміз.

Еріктің негізінде барлық қасиеттер бір-бірімен үйлесіп отырады. Үйлескен қасиет — игілікке, игілік құндылыққа айналады. Білім мен тәжірибе ұлт зиялыларының қызметі арқылы қоғамның игілігіне айналып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген еді. Сондықтан кеңестік саясат ұлттың еркін жоюды оның зиялыларының еркіндігін шектеуден, яғни игіліктерін түк қалдырмай жоюдан бастаған.

Елдің мәдениетін түп-тамырынан мұқият зерттеген қызылдар билігі алдымен қазақ зиялыларының қалыптасу ерекшеліктеріне қатысы бардың бәрін жоюға күш салған. Әсіресе ұлт пен жеке адамның тұлғалығына қатысты ұғымдар қасқана бұрмаланып, терістеліп отырған. Елдің тұтастығы, болмыстың тереңдігі, мемлекетшілдік алдымен өзіндік санаға байланысты еді. Қоғам күшті болуы үшін, ең әуелі оның адамы ақылды, рухты болуы керек. Саяси элитаның өзі қоғамның тереңдігінен шығады. Күштілік естіліктен білінеді. Тәжірибесі мол, есті кісілер елді қиын жағдайлардан алып шығып отырады. Сондықтан қоғамның игілігіне қызмет ететін рухани деңгейді, зиялылар дәстүрін сақтауда бүгінгі ұрпақ ата-бабасының неге мән бергенін ескеруі керек деп білеміз.

Қоғам тұрақты түрде өз жолымен дамуы үшін, алдыменұлт зиялыларының еркіндігі қажет. Ал еркіндік адамның қоғамдық-саяси қызметімен шектелмеген. Халыққа жол көрсететін адамдардың рухани тағылымының өзі қоғамдық ой мен пікірдің дұрыс қалыптасуына ықпал етіп отырған. Осыны ескеру — біздің парызымыз.

 Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button