Денсаулық

Туберкулез — жұқпалы дерт

Облыста туберкулез дертіне шалдығушылар көрсеткіші әр 100 мың тұрғынға шаққанда, орта есеппен, 29,8 болып отыр.

Бұл жөнінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Балалар арасында туберкулез дертінің таралу көрсеткіші 5,2 болды, ал бұл өткен жылмен салыстырғанда, 1,2 есеге төмен. Сондай-ақ осы дертке байланысты өлім-жітім көрсеткіші де, өткен жылмен салыстырғанда, 1,1 есеге төмендеді.

Туберкулез дертінің алдын алу, сондай-ақ оның асқынуын болдырмай, ерте анықтау үшін, халықтың денсаулығы осал тобы тізімге алынып, олардың 96,6 пайызы флюорографиялық тексеруден өтті. Жаңа туған нәрестелердің  94,2пайызы БЦЖ екпесімен егілсе, 1-сынып оқушылары 100 пайыз ревакцинациямен қамтылған.

Аурудың алдын алудың бір шарасы — оған қарсы иммунитет қалыптастыру. ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген екпелер күнтізбесіне сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері болмаса, балағатуғаннан кейінгі алғашқы 2-4 тәулік ішінде перинаталдық орталықта вакцина егіледі. Ал ата-анасы екпеден бас тартып не басқалай медициналық көрсетілімдерге байланысты, нәрестеперинаталдық орталықтан БЦЖ екпесін алмаған жағдайда, онымен бір үйде тұратын адамдардың туберкулезбен ауырмайтыны жөнінде анықтама талап етіледі. Сондықтанбарлық отбасы мүшелері тексеруден өтулері тиіс. Себебі БЦЖ екпесін алмаған, иммунитеті жоқ нәресте таза ортаға баруы қажет.

Туберкулез — жұқпалы ауру. Көбіне науқас адам арқылы таралады, сонымен бірге адамға малдан да жұғуы мүмкін. Туберкулез ауруының белгілері — салмақ тастау, тершеңдік, кеуде тұстың ауырсынуы, жөтел, қан түкіру, жалпы әлсіздік, тез шаршау, дене қызуының ұзақ уақыт түспеуі.

Туберкулезге шалдыққан адам дер уақытында емделсе, құлан-таза айығып шыға алады. Сондықтан ересек тұрғындар жылма-жыл флюорографиялық тексеруденөтіп тұрғаны дұрыс. Ал 15 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін, туберкулиндік манту сынамасықолданылады.Отбасынан, жақын қарым-қатынастағы адамдар арасынан туберкулез дерті анықталса, балаларға санаториялық типтегі сауықтыру мекемесіне жолдама беріледі.

Аурудың алдын алуда маңызды жайттар мыналар: дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстану, уақытында тынығу және жеке бас гигиенасын сақтау. Ең бастысы, уақытылы тексеріліп, ауырмай жүріңіз!

А.САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button