Мереке

Гауһар той иелерін құттықтады

Республика күні қарсаңында неке сарайында алтын, гауһар той иелерін құттықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға жас отбасылар да қатысып, отбасылық құндылықтар туралы өзара ой бөлісті.

Әдемі басқосуда қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мамандары мерейлі отбасыларды әңгімеге тартты. Олар отбасы мен неке құндылығы туралы әңгіме өрбітті.
Отасқандарына 60 жыл болған Халидолла  Қуан мен Мағиша Мергалиева – 5 баладан 13 немере, 7 шөбере көрген үлгілі отбасы.
— Отбасының басты құндылығы — ауызбіршілікте. Жас отбасыларды әдептілік пен имандылыққа, ақыл-парасаттылыққа шақырамыз. Сонда ғана ажырасу деген мәселе туындамайды.
Өз ата-анаңды қалай сыйласаң, өзіңнің шаңырағыңа да дәл сондай құрметпен қарау керек. Шаңырақтың шаттығы мен беріктігі міне осында, — деді гауһар той иелері.

Мерейтой иелерімен өткізілген іс-шараға неке қиғандарына бір жыл толмаған жас жұбайлар шақырылды. Олар отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығы туралы сауалдар қойып, пікір алмасты.
Жиын соңында сөз алған облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Маханова қатысушыларды Республика күнімен құттықтай отырып, гауһар той иелері мен жас жұбайларға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button