Еске алу кеші өтті
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рысжан Ілиясованы еске алу кеші өтті.
Бұл шараға өлкетанушылар, музей саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен Р.Ілиясованың ұрпақтары қатысты.
«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан музейлері ұлттық қауымдастығының құрметті мүшесі, Ырғыз ауданы мен Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Р.Ілиясова музейді ұзақ жылдар бойы басқара отырып, халқымыздың тарихын тап басып танытатын құнды жәдігерлерді жинақтап, халыққа насихаттай білді.
Музей директоры Мейрам Дүйсенғали 50 жылға жуық өмірін облысымыздың мәдениет саласына арнаған, оның ішінде ғасырлар шежіресі мен халықтың тарихи-мәдени, рухани бай мұрасын насихаттап, зерттеп-зерделеуде Р.Ілиясованың еңбегі ерекше екенін айтып, естен кетпес естеліктерімен бөлісіп, шара ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Шара соңында қонақтар Рысжан Ілиясоваға арналған көрмені тамашалап, естелік суреттерге түсті.
Насиба ЗАРЛЫҚОВА.