Денсаулық

Ақтөбеде көптен күткен онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды оңалту бөлімі ашылады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдегі барлық медициналық мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізді.

Ералы Тоғжанов жиынға қатысушылардың назарын денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге аударып, олардың барлығы жедел шешімді қажет ететінін баса айтты.

«Біздің басты міндетіміз – Мемлекет басшысының медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын бірлесіп және тиімді орындау», – деді облыс әкімі.

Облыста барлығы 482 медициналық ұйым болса, оның ішінде жекеменшік 16 аурухана мен 119 амбулаториялық-емханалық мекемелер бар. Облыс әкімі өңірдегі барлық жекеменшік емдеу мекемелерінің қызметін тексеру қажет деп санайды.

«Комиссия құрып, әр мекемеге объективті баға берулеріңізді сұраймын. Жекеменшік ауруханалар мен емханалар, мемлекеттік мекемелер науқастардың денсаулығына толық жауап беруі керек», – деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ облыс әкімі онкологиялық науқастарды оңалту мәселесін тезірек шешу қажеттігін баса айтты. Қазіргі таңда онкологиялық оңалту шараларын жүргізетін арнайы бөлімше жоқ. Оның қызметін әзірге паллиативтік бөлімше атқарып отыр. Сондықтан жуық арада оңалту бөлімшесі ашылмақ. Бүгінде облыс бойынша қатерлі ісік диагнозымен 8,2 мыңнан астам адам есепте тұр.

«Неліктен біз адамдарды жоғалтып жатырмыз? Шын мәнінде, химиотерапиядан кейін иммундық жүйе әлсірейді. Емдеуден және операциядан кейін екі-үш айдың ішінде оңалту керек», – деді Ералы Тоғжанов.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту өзекті мәселе. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша облыс аудандарында 5 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Ал, жұмыс істеп тұрған 57 медициналық мекеменің ғимараты жөндеуді қажет етеді. Аймақ басшысы бұл мәселені шешуге барынша көмек көрсетуге уәде берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Скринингтік тексерулердің тиімділігін арттырып, жылжымалы медициналық кешендердің және телемедицина қызметтерінің бейінін кеңейтіп, ауыл тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар, облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, медициналық кадрлардың тапшылығын азайту және олардың біліктілігін арттыру да тапсырылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button