Денсаулық

Екпені шатыстырған: қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе қаласында 42 оқушыға Манту сынамасының орнына БЦЖ екпесі салынған. Ата-аналар еспе салынған жерде ісіну, қызару секілді өзгерістер барын байқағаннан кейін байбалам салып, шу көтергенде ғана дәрігерлер өз қателіктерін мойындаған. Бұл қателік баланың денсаулығына қалай әсер етеді? Ата-аналардың барлығы осы сұраққа жауап күтіп отыр. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте дәрігерлер — иммунологтар, фтизиатрлар, аллергологтар мен педиатрлар осы сұраққа жауап беруге тырысты.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, 13 қыркүйекте Ақтөбедегі №74 жалпы білім беретін орта мектебінде Манту сынамасы жүргізілудің орнына БЦЖ ревакцинациясы жүргізілген.

Жыл сайын қыркүйек айында туберкулезге қарсы профилактика жүргізіліп,екпе егіледі. Перзентханада балалар туған кезде міндетті түрде БЦЖ алады және келесі ревакцинация балаларға6-7 жаста жасалады.№74 мектепте балаларға Манту салынып, содан кейін осындай ревакцинация жасалуы керек болған, бірақ медбике шатысып, Мантудан бұрын БЦЖ еккен.Бұл мәселені екі аптадан кейін білдік, себебі балалардың еккен жерінде реакция осы уақыт аралығында ғана белгілі болды. Бүгінде ата-аналармен кездесіп, барлығын түсіндірдік. Дегенмен түсініспеушіліктер әлі де бар, — дейді Рүстем Исаев.

Жалпы Манту осы мектепте 1-сынып оқып жатқан 61 балаға берілуі керек болған. Оның ішінде 11 баланың ата-анасы екпе алуға қарсылық білдірген. Педиатр дәрігер 8 балаға қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе егуді кейінге қалдырған. Ал медбике қателік салдарынан иыққа берілетін БЦЖ-ны қолдың білезігіне берген. Алайда мамандар бұдан қауіптенудің керегі жоқтығын айтып отыр.

— Ата-аналар БЦЖ ревакцинациясынан кейін балалар туберкулезбен ауырып қалуы мүмкін деп уайымдап отыр. Олай болуы мүмкін емес. Керісінше, туберкулезге қарсы иммунитет пайда болады. Иә, кез келген вакцинаға ағзаның әсері болады. Бұл жағдайда да екпе алған жері ісініп, қызаруы, жара болуы мүкін, бірақ бір айдың ішінде барлығы да жазылып кетеді. Кейбір ата-ана баласының іші өтіп, температурасының көтеріліп жатқанын айтып, хабарласты. Бүгінде оларды инфекциялық стационарға жатқызып, оның вакцинадан болды ма, әлде жай іш өту ма, соны дәрігерлер анықтап жатыр. Оның үстіне қазір күз мезгілі, тұмаудың өршитін кезі, сондықтан ағзадағы өзгерістер басқа да аурулардан болуы мүмкін, — деді басқарма басшысы.

№74 жалпы білім беретін орта мектебіне «Медикус Центр» жеке клиникасы мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетеді. Журналистер екпе салған дәрігер мен медбикенің аты-жөнін, аталған клиниканың мемлекеттен алып отырған қаражаты көлемін айтуды сұрады.

34 жыл тәжірибесі бар педиатр дәрігер Ғалия Көшекбаева және 16 жыл тәжірибесі бар медбике Ардақ Кәрібаева. Екеуі де жұмыс тәжірибесінің көптігіне қарамастан, жұмыстан босатылады. Аталған мекеме медициналық сақтандыру қорынан жыл сайын 600 миллион теңге көлемінде қаражат алып отыр, — деді Р.Исаев.

Бүгінде осы мәселеге қатысты екі комиссия құрылған. Бірі облыстық денсаулық сақтау басармасы тарапынан құрылды, оның құрамында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментініңмамандары, педиатр, инфекционист дәрігерлер, иммунологтар бар. Екіншісі — медициналық қызметтің сапасын бақылау комитеті тарапынан құрылған комиссия, оның құрамына ата-аналар да кіреді. Прокуратура бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғады. А.Исаевтың айтуынша, тексеру қорытындысы нәтижесінде медициналық емхана лицензиясынан да айырылуы мүмкін. Ал қазір мекеме дәрігерлері сол екпе алған 41 баланы жыл аяғына дейін бақылауға алуды өз мойнына алған. Бүгінде бұл балаларға құнарлы тағам, дәрумендер беріліп жатыр. Келесі жылдан бастап аталған мектепке Қарғалы қалалық ауруханасы қызмет көрсететін болады.

— Бұл қателік адами фактор салдарынан болып отыр. Манту сынамасы — сұйық, БЦЖ ұнтақ түрінде болады. (Бұл вакцина тексерілген, Үндістаннан шығарылған,оны «СК-Фармация» мекемесі әкеледі). Дегенмен медбикенің өзі байқамай шатыстырып алған. Оны өзі де мойындады. Қателік болды. Ата-аналардан кешірім сұраймыз, — деді Р.Исаев.

Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология орталығы мамандары келе жатыр, олар арнайы зерттеу жүргізбек.

Шараға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының  штаттан тыс аллергологіЗәмза Хайруллина, Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігеріЕрлан Тәтімов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова,

облыстың бас фтизиопедиатры Ләззат Ермұханова — барлығы да медицина қызметкерлері жасаған бұл қателіктің балалардың денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейтінін айтып, сендірді. Ата-аналар қазір тек осы үшін алаңдап отыр. Себебі ата-ана үшін баланың денсаулығы мен өмірі ең бірінші орында тұрады және оған қатысты қателікті кешіру өте қиын.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button