Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

Көрінді бұлттан қиық күн,
Көңіл де ояу, көз де ояу.
Сен барсың бірақ, сүйіктім,
Бозторғай бояу, боз бояу.
Ерте де кеш те төгіп жар,
Естіліп тұрар ер даусың.
Сен жүрген жерде өмір бар,
Өмір бар жерде сен барсың.
Ән-жырың тозбай, ой тозбай,
Толқып та толқып толғарсың.
Сен жүрген жерде бозторғай,
Бозторғай барда сен барсың.
Өзіңсіз күндер озар ма,
Отырмын тағы ой толғай.
Таңымның ата — Бозала,
Торғайдың аты — Бозторғай.
Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:
Даланың аты — Боздала,
Жігіттің аты — Бозжігіт,
Баланың аты — Бозбала.
Шулардан шаршап тозғанда
Жайлауға барсам өзім мен:
Жорғаның аты — Бозжорға,
Күйдің де аты — Бозінген.
Әрі асып бұлттан, ақыным,
Аспанда бір сәт көз жұмсаң,
Иіскеп отыратұғын
Дәрінің аты — Боз жусан.
Азамат кетсе бір асыл,
Боздағым деп те жатар кеп.
«Бозторғай құстың ұясы
Бозаңда болар» (Махамбет).
Беу, дүние, бұлар аз екен:
Болмаса қайран ақыр түк,
Қазаға қарсы Қазекең
Бозқасқа шалар бақыртып.
Ерте де, кеш те игіүні
Естіліптұрар ой қозғай.
Бозбала-күннің гимні —
Бозалатаң мен бозторғай!
Ескі жұрт
Қант түгіл, қара суын балдай деппін,
Мен ақын баласы едім Қалдайбектің.
Арманның айлы түні адастырып,
Ат ізін сол ауылға салмай кеттім.
Білмеймін сертім қандай, өртім қандай?
Көрмесем, қадірім мен көркім бардай.
Алыстан сыйласқанды өлең етіп,
Өзімше болып жүрмін бөркім дардай.
Екі-а қүй Екінші ауыл елдей мекен,
Ерттесем желмаямды, желмей жетем.
Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі
Жылдарға қайта оралғым келмейме екен?
Дүние болып еді тар маған да…
Апырмай, ескі жұртқа бармағанда —
Есенбай дейтін сол бір кедей жайлы
Естелік тірілтуге арланам ба?
Атажұрт, ақ кіреуке тон-жағам бар,
Қонбадым қонысыма қомдаған нар.
Жетімді жеті әкеден жіберетін
Ат мінген ақ жабулап Оңдағандар.
Айтпаймын елге бүлік салды-ай деп те,
Ел оны жақсы көрді жандай деп те…
Көжесін интернаттың қатар ішкен
Көп достан кім бар екен Қалдайбекте?
Сайрамай сандуғашы сазарып таң,
Жатақ пен коштасар күн маза құртқан.
Әкемнің табанақы, маңдай терін
Тіленіп нән бухгалтер Қазановтан.
Жыр жазып, жанарымнан жас парлаттым…
Қаржы алып қанындай бір қасқалдақтың.
Өрмелеп Алатауға кете бардым
Өрімен арман атты баспалдақтың.
Ұлы ағыс толқындарын ұластырып,
Жылдарды домалатты қыр астырып.
Сыр мінез сол ауылға соқпай кеттім,
Сыртынан амандығын сұрастырып.
Өрімдей қауырсыны көк өспірім,
Көрінбей, көңіл неге емексідің?
Аспанға аса таяқ лақтырғандар
Бүгінде қойдан қоңыр деп естідім.
Заманы мейірленіп, зейін беріп,
Жас қауым ағалыққа бейімделіп…
Алдыма ел тізгінін өз қолына,
Өмірге біздің ұрпақ кейін келіп?
Дауасы сағыныштың бар мамына,
Жырды да, жинап қойып шаруаны да,
Барып бір қайтсам деймін Қалдайбекке,
Әжемнің сәлем беріп аруағына!
***
Боз бауыр аспан иіп бір,
Рахат жаңбыр құйып тұр.
Тобықтай ғана бозторғай
Тобылғыдан аласа,
Тораңғыдан биік тұр.
Толқын-толқын күйіне
Тоқсан тарау сыйып тұр.
Тылсым тартып дүние,
Тыңдай берді ұйып қыр.
Мықты болсаң, бозбала,
Өмірде сен де ой аулап,
Бозала таңдай бояу жақ,
Бозторғайдай күй ұқтыр!
***
Ой, мекен, ойхай мекен, ойдай мекен,
Мың келіп, қызығыңа тоймай кетем.
Алыста жүрген сайын адам, сірә,
Ауыл деп алаңдауын қоймайды екен.
Ол үшін әлі сәби балдырғанмын,
Мен сонда жорға дәурен салдырғанмын.
Борпылдақ құмдарында борбайлатып,
Құйғытқан бір құлыншақ қалдырғанмын.
Оу, шіркін, желекті Жем, қияқты құм,
Ат ізін аулақ салып ұяттымын.
Ең байтақ ел деген бұл елшілікте,
Өзіңдік тұрақты өкіл сияқтымын.
Осынау а қүміті үзілмеген
Кінәмшіл дүниенің жүзінде мен.
Саған сөз келтірмеуге туған далам,
Саптағы жауынгердей түзуленем!
Ақын келді ауылына
Жылы ұшырап жауыны да, дауылы да,
Ақын келді өзінің ауылына.
Ақын келді — ақсұңқар баласындай
Теңесіп қаптөбесі тау ұлына.
Жас көктемнің шыбығы сарғаймаған
Құлын кезде құм кешіп, жар жайлаған.
Ақын келді — кешегі қолғанатың,
Алақаны ойылып арба айдаған…
Сол бір сәби тілегі мақұл болып,
Қырау күздің қырына жақын қонып.
Ағалыққа жарап қап жыр елінде,
Араңызға келіп тұр ақын болып.
Есі-дерті ен жайлау даласы боп.
Аңсап келген көңілдің аласы жоқ.
Сендер оны, ағайын, кішірейтпең
«Өзіміздің ауылдың баласы» деп.
Бермей-ақ қой ат ұстап, тігіп бөрік,
Ықыластардан өсуге үмітті едік.
Үлкен тұтып үйренген ел емеспе ек,
Қарғадай да баласын жігіт көріп?
Болса-дағы солай-ақ айтуышын,
Туған жерге, ей, менің бай туысым.
Кішірейіп кетуге келмейді ақын,
Келеміз біз үлкейіп қайту үшін!
Арлап жүрген арыңа сай намысты,
Сенен ұшпай, жыр құсы қайдан ұшты?
Өз ел-жұрты жүргізер саясатқа
Елшілердің тағдыры байланысты.
Қырт дейсіңбе немесе мықты дарын,
Кімдесең де қақың бар, ықтиярың.
Кішірейтсең — қырсығып үлкейем де,
Үлкен көрсең — кішік боп тік тұрамын!
Абайға мұң шағу
«Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып…»
«Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып…».
Абай
Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,
Абай аға, ақ қағаз сияладым.
Жарлы емеспін, зарлымын мен де сендей,
Ұлтым деуге жат жұрттан ұяламын.
Ғасырда да ел бостан, азат дала,
Қалар емес қашанғы мазақ-таба.
Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,
Айырылмайтын қамыттан қазақ қана.
Қандастары сорынан бақ табатын,
Күлем байлар қазіргі таққа жақын.
Отаршылдан бетер жеп Отанымды,
Орыстанған діліне мақтанатын.
Наласы мол намыстың зарлап әнін,
Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!
Өзге жұрттан ұялып мен де бүгін,
Жұртым деуге арлымын, арланамын.
Не әкеледі алдағы заман күткен?
Тайғақ боп тұр, бүрі жоқ табан біткен.
Алысады бұл ғасыр Абайлары,
Ақылды һәм оқыған надандықпен.
***
Кетті қайда жалтарып,
Қараңғылық дірілдеп.
Таңдайынан бал тамып,
Таң келеді сібірлеп.
Май айының бұлбұлы,
Масайрайды жыршы құс.
Елбірейді түз гүлі,
Елжірейді күншығыс.
***
Бұл ауылда бәрі сені таниды,
Шақырмай-ақ аралай бер әр үйді.
Мұнда келсең, пендемін деп ұғасың,
Сәлем бере келген болып шығасың.
Қолбала боп, жусаннан да аласам,
Құман алып, қолға су құй, қаласаң.
Ақсақалдар гу-гуінен төр қызып,
Өміріңдіөз қойындай өргізіп:
«Қартың қайда, халы қалай, тірі ме?
Әне, нағыз соның жаны сірі де!
Әкеліп бір қыдыртсайшы ел ішін,
Әкең байғұс не көрмеді сен үшін?
Көп жыл бойы болып еді көк иық,
Шығыр айдап, қауға тартып, шөп үйіп?
Үш ағаштан құрай салған күркеде,
Бұл өсіріп-өндіргені бір төбе.
Құдай оны өлтірсін бе, жарадың,
Дүйсекеңді жақсылап бақ, қарағым.
Мұның да адам болғаны ғой!» — дегенде,
Көкірегің толады екен шеменге.
Келіп тұрсаң жігітпін деп өрелі,
Әлі сені баяғыдай көреді…
***
Жарқамысты сүйемін жан-тәніммен,
Ол туралы жаңылмаймын әнімнен.
Жақсы жырды соған ғана арнағам,
Туған жерін жек көретін бар ма адам?
Өзгелерге өзге мекен лағыл ән,
Мен өмірде Жарқамысты сағынам?
Расында, онда орнын білер өкпенің,
Екі туып, бір қалғаным жоқ менің.
Бара қалсам, еркін ашып қақпасын,
Тумам да жоқ арнап тірер ат басын.
Ауыл маған басындағы бақтан көп,
Ештеңе де бөліп беріп жатқан жоқ.
Мен де оны жүрген жоқпын қарық қып,
Кешірімі кең ана ғой, жарықтық.



