О, махаббат, сен әлі тірі ме едің…
15 сәуір күні еліміздің бірқатар өңірлерінде жастар арасында «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», яғни «Ғашықтар күні» аталып өтті. Өзін «15 сәуір – Махаббат мейрамы» жобасының авторы» деп жариялаған Серік Абас-шах республикалық басылымдарға мақалалар беріп, сол күні «махаббат мейрамындағы екі жанның арасын жалғаған ұяң сезімнің көріністерін» де жіліктеп жазды.
«Ғашықтар күні» туралы идеяның тарихы негізінен тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылдары қазақтілді БАҚ-тар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді махаббат символдарының құрметіне белгілі бір күнді мереке ретінде тойлау туралы бастама көтеріп, ол көпшілік тарапынан қолдау тауып, Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында арнайы кештер ұйымдастырылған-ды. Осыдан 2-3 жыл бұрын «Жас Алаш» газеті 11 наурыз бен 19 мамырды сәйкесінше «Қозы Көрпеш күні» және «Баян сұлу күні» деп белгілеп, жұртшылық біраз дүрлігіп, басылды. Одан соң «Ғашықтар күнін» 21 наурызда тойлайық дегендер де болды. Сөйтіп жүргенде әр облыс өзінің жеке махаббат күнін белгілеуге тырысты, мысалы Таразда 15 сәуір — «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні, Семейде 11 наурыз — «Баян күні», тағы бір өңір «19 мамыр — «Қозы күні» деп аталсын» деп жан-жаққа тартты.
Осылайша әркім өзі қалаған күнге ат беріп жүргенде католиктер 14 ақпан күнін біржола «еншілеп», оған «Әулие Валентин күні» деген айдар тақты. Кішкентай жүрек кейпіндегі открыткалар сөрелерді жайлап, кімге ерерін білмей жүрген жастар еліріп, сол күнге құлап түсті. Жастар арасында Валентиннің аруағы асып, мерейі өрледі, ар-ұятты былай ысырып қойып, ұзақ сүйісуден жарыстар ұйымдастырылды. «Валентин күні» тіпті балабақшаларда да жәшіктер ілініп, «махаббат туралы» шаралар ұйымдастырылды. Мектеп іші абыр-сабыр болды. Жоғары оқу орындары да «әулиенің» соңынан «еріп» кете жаздады.
Бұқаралық ақпарат құралдары жазып, оқу орындары басшылары тосқауыл қойғанымен, жастар «Валентин күнін» үйден, оқудан шығып кетіп тойлауға кірісті.
Арнасынан шығып, гүрілдеп тасып келе жатқан суды бөгесең, ол бөгетті бұзып өтіп, бұрынғысынан да қатты тасиды емес пе, дұрысы, оның бағытын бұру керек…
Сол сияқты «Валентин күнін» тойлауға тыйым салғанымен, жастар тоқтауға дайын емес. Сондықтан «өзіміздің ғашықтар күні керек» деп ұсыныс айтқандардың түпкі ойы — сексеуілді сексеуілге ұрып сындыратыны сияқты, «Валентинді» «Қозы Көрпешпен» «ұрып сындыруға» тырысқандығы деп ұқтық. Серік Абас-шах ұсынған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу күнінің» көктем мезгілінде атап өтілуінің өзіндік мәні бар. «Көктем – күллі адамзат үшін сезімнің, шуақтың, шабыттың, яғни махаббаттың синонимі секілді. Ал сәуірді таңдауымыздың себебі, бұл айда бірде-бір елеулі мереке жоқ (ғарышкерлер күні бүкілхалықтық сипатта тойланып жүрген жоқ). Сәуірдің 15 жұлдызын таңдауымыздың тағы бір себебі, бұл күн көктемнің бел ортасы. Символдық жағынан көңілге қонымды», — деп қояды ол. Және осы күні «әркім өз сүйіктісіне деген сезімін әдемі сөз, көрікті тілмен 1 минут бойы тоқтамай, ақтарыла жеткізсе, әрбір адам өз сүйіктісіне бәйшешектің немесе басқа бір гүлдің бір шоғын және жүрек сыры жазылған шағын ашықхат сыйласа, әрбір ер азамат өз сүйіктісінің құрметіне кем дегенде бір көшет отырғызса, жұртшылық қауым өздеріне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде (алаңдарда, ашық орындарда, стадиондарда) буын биі «Қара жорғаны» билеп, мерекеге жалпыхалықтық сипат берсе» деген ұсыныстарын айтады.
Кім жеңіске жетеді:
Қозы Көрпеш пе, Валентин бе?
Негізінен Абас-шахтың ұсыныстары көңілге қонымды. Бірақ әзірге көшеде сүйіктісіне арнап көшет отырғызып жатқан ешкім көрінбейді.
15 сәуір күнін оқу орындары «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күнін бозбала мен бойжеткен сайыстары түрінде өткізуге кірісті. Осы күні биыл, мысалы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институында факультетаралық, «Геолог» қалалық мәдениет үйінде жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында бозбала мен бойжеткен сайыстары өтті.
Педагогика институтында өткен шарада жүргізушілер дәл осы мерекеге арналған шараны «облыста бірінші болып» ұйымдастырғандығын айтты. «Махаббат, қызық мол жылдар» айтты байқаудың бір бөлімінде қатысушылар ғашықтық жырларындағы ғашықтар образын сомдады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Ләйлі-Мәжнүн», «Естай мен Қорлан», «Қайып-Ақбөбек» оқиғаларынан үзінділер алып, сахналандырылған қойылымдар көрсетті. Кеш барысында шет елде оқып, жұмыс жасап, үйлену тойларын өткізбек боп елге келе жатып, апатқа ұшырап, көз жұмған Айнұр мен Болаттың махаббат дастаны туралы айтылды. Оларды қазіргі заман ғашықтары деп атады. Мұндай шараны өткізуге оқу орны ректоры Ғ.Нұрышев қолдау көрсетіпті.
Барлық сайыстардан мүдірмей өткен сырттай факультет студенттері Берік Әлімжанов пен Бақытгүл Ерғазиевалар бас жүлдеге ие болды. Оларға жыл сайын эстафета түрінде қолдан қолға өтетін ғашықтар статуэткасы берілді.
Дәл осы күні дәл осындай шара «Геолог» қалалық Мәдениет үйінде болды. Бірнеше оқу орны студенттері тарихта болған ғашықтардың монологтарынан үзінділер, ақындар өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Мәдениет үйінің ұжымы мұндай шараны үшінші жыл қатарынан өткізіп келе жатқандықтарын айтады.
— Жастарға осындай атаулы күн бәрібір керек. Екі-үш жыл бойы «Валентинді» ұмыттыру үшін «Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні» деп айта беруіміз керек секілді. Осы күні бозбала мен бойжеткен сайысын ұйымдастырсақ, жастар ғашықтар жырларын, ондағы кейіпкерлерді жақсырақ біле түсер еді, — дейді педагогикалық институттың оқытушысы Б.Ақжігітова.
Иә, ұйымдастырылған сайыстардың бір жақсысы — бір бөлімде жастар ғашықтар жырларынан үзінділер оқып, көріністер көрсетуге тиіс болды және қазақ ақындарының лирикалық өлеңдерін оқыды. Қолға кітап ұстауды ұмытып бара жатқан қоғам жастары үшін бұл да бір олжа.
Бір айта кетерлігі, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу болсын, Қыз Жібек пен Төлеген, Қалқаман мен Мамыр, Еңлік пен Кебек болсын, барлық оқиға трагедиямен аяқталады. Бірі үшін бірі құрбан болған ғашықтардың образы ертеңгі күні жастардың нағыз идеалына айналмасына, яғни «қолы жетпеген», не «жауапсыз махаббаты» үшін «ерлік» жасап жүрмесіне, Кірпішті жағындағы «Махаббат тауынан құлап өлем сен үшін..» деп «батырлық» көрсетпесіне кім кепіл? Осындай пікір айтушылар бұл күнді Қыз Жібек пен Төлегеннің нағыз бейнесін жасап берген Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешоваға арнаса… дейді. Өйткені деседі олар, ертеңгі күні «ешқашан қосылмайтын Қозы мен Баяннан» гөрі католиктер «махаббаттың пірі» санаған әулие Валентиннің мәртебесі озып, жастар бәрібір басқа діннің ыңғайына жығылады.
Қысқасы, махаббат майданында Қозы Көрпеш пен Валентиннің «күресі» болып жатыр. «Ғашықтар күні» дейтін атаулы күнді жастардың санасында кімнің жеңіп алатыны, «жекпе-жекте» Қозының әлде Валентиннің «жеңіске» жетуі — жастар, студенттер үшін аса маңызды. Өйткені оларға «Ғашықтар күні» керек…
«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар…»
… дейді Абай. «Шошимын кейінгі жас балалардан…» дейді тағы Абай. Сондай «кейінгі жас балалардан шошитындардың» бір тобы «Ғашықтар күні» деген қайдан шыққан?» деп шоршып түсті.
«Алматылықтар 15 сәуір «Ұлттық ғашықтар күні» дейді. Өу, бұл күнді қандай мазмұнмен, қандай мағынада «кең көлемде» атап өтпек? Қыздары мен қарындастары ғашықтар күнін кең көлемде әрі түнұзақ атап өте ме? Сол қазақ қыздарының жігіттері көп ұзамай «ғашығымен» келіспей қалса, келесі жылы өзге қызбен кең көлемде, әрі түнұзақ атап өтпек пе? Алматылықтар не ойлайды? Зиялы қауым неге үнсіз, әлде олардың қарсылығын қай ақпарат бетінен көруге, оқуға болады? Ұстаздар қауымының бұл мәселеге көзқарасын біле алмай отырмыз! …«Хабар» агенттігі «15 сәуір ғашықтар күні» деген жазуды бір күні өз экрандарының қақ ортасынан көрсетті!? Масқара деп осыны айт», — дейді masa.kz сайтында жариялаған пікірінде керекулік Т.Рамазанұлы деген кісі.
Әркімнің пікір айтуға құқы бар.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні» мерекесі қазаққа қажет. Өйткені қазіргі заманда техника дамып, қазақтың салт-дәстүрі біртіндеп ұмытылып бара жатыр. Бұл мереке қазақтың жастарының санасына ұлттық дәстүрді сіңіру үшін қажет», — дейді ұйымдастырушылар.
«Ақтөбе» газетіне жарияланған Серік Абас-шахтың «15 сәуірде махаббат мейрамын тойлайық» атты мақаласына газеттің электрондық нұсқасы арқылы пікір білдірген Орал Байсеңгір былай депті: «Құдай үшін махаббатты мазақ қылмаңыздаршы, махаббат деген «ғарышкерлер күні» деген сияқты атап өтетін мамандық емес қой», — дейді.
Қалай болғанда да, бір істі бастап берсе, әрі қарай алып кететін жастардың екпіні мықты. Бір жерлерде махаббат тақырыбындағы лирикалық өлеңдерге мүшәйралар ұйымдастырылып жатыр. Жөн. Бір өңірлерде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күніне арналған, бірақ сыртында Қыз жібек пен Төлегеннің суреті бар, ішінде бір шумақ өлеңі жазылған шағын открыткалар шығару қолға алыныпты. Бұл да жөн шығар.
Тек… жастар мерекенің жөні осы, сайыстың жөні осы екен деп, сахнаға шығып алып дүйім халықтың алдында бір-бірін құшақтап, түрік сериалдарындағыдай «Жаным» деген сөзді жер-жерге тықпаламасын деңіз. Ғашықтықтың мәні осы болар деп, көше-көшеде сүйісіп, бозбалалар қыздар үшін қырық пышақ болып, бойжеткендер кешке үйге қайтпай қалмасын деңіз.
P.S. «Ғашықтар күніне» арналған шаралардың бірінде студент өлең оқып тұр:
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім едің
Гүлім едің,
Елтіген түнім едің,
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?!
Мен сені ұмытқанмын
Жылытқаның есте жоқ, суытқаның,
Суып қаным,
Жинағам құрып хәлім
Құлаған отауымның уықтарын
Содан бері мен сені ұмытқанмын.
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Тірі болсаң, мен де енді тірілемін
Ақ періште алдына жүгінемін
Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені…
(М.Мақатаев).
«Ғашықтардың пірі». Студент үшін ол кім? Қозы Көрпеш? Айша бибі? Әлде… Валентин?
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




