Мәдениет

Өлеңмен өрілген өмірбаян

Жақында ақтөбелік ақын Сағындық Ниянқұловтың «Ауылға хат» атты жаңа кітабы жарық көрді.

Бұрын да бірнеше жыр жинақтары жарық көрген ақынның бұл жинағына әр жылдарда жазған өлеңдері енгізілген. Өлеңдері қарапайымдылығымен, шынайылығымен ерекшеленетін ақын Сағындық Ниянқұловтың бұл кітабы жыр әлеміне қосылған жақсы бір үлес дерлік.

Туған жер, атамекен, ата-ана, дос-жаран, қазақы әдет-ғұрып, адами қарым-қатынас оның өлеңдерінің негізгі тақырыбына айналған. Осы бір қасиетті ұғымдарды кез келген ақынның айналып өте алмайтынын ақынның аталмыш кітабын оқып барып, көз жеткізуге болады.

…Тартады өзен-көлі, қырат-белі,

Аймалап көкірегімді шуақ желі.

Отыз жыл бопты-ау қоныс аударғалы,

Бәрі де күні кеше сияқты еді…

«Туған жер» атты өлеңінде ақын туған өлкесі Теміріне деген сағынышын осылай білдірген.

«…сон-а-ау алыста қалған балдәурен балалық шағыма қайта оралғандай, өзіме таныс суреттер мен туған ауыл тынысын, достарды, көршілерді, қарттарды – бәрін-бәрін қаз-қалпында көз алдыма әкелдім. «Жаны жайсаң ағаларыммен», «ізеті мол інілеріммен» қауышып, олардың алдымнан құрақ ұшқанын көріп, көз көргендермен сағынысып, қол алысып, көріскендей күй кештім». Кітаптың алғысөзіне ақтөбелік айтыскер ақын Нұрлыбек Қалауов осылай деп жазыпты. Сондай-ақ, ол «…ақын бауырымыздың өлең-өмірбаянын ұқыптылықпен жүйелегенін, оқырмандар алдындағы жауапкершілікке сергек қарағанын аңғару қиын емес» деген. Шынымен солай. Ақын өлеңдерінен оның бозбала, кейін қалыптасқан азамат бейнесі көрініс береді. Өлеңмен өрілген өмірбаян сынды.

Сонымен бірге, жинақта ақынның балалық шағынан, студенттік кезінен, журналистік сапарынан, ата-анасы, тума-туысы, әріптестері, отбасы жайынан сыр шертетін суреттер топтастырылып, берілген. Автордың қырыққа толған кезінде елге танымал ақын Ертай Ашықбаевтың жазған тілек өлеңінің қолжазба көшірмесі де кітап бетінен орын тауыпты…

Ежелгі әпсаналардың біріне жүгінсек, фәниде адамды сүйе білу де өнер. Ал адамды сүйе білген ғана адами болмысты, оның жақсысы мен жаманын салыстыра отырып жырлай алмақ. Ақын Сағындық Ниянқұловтың  жаңа жыр жинағынан соны аңғаруға болады. Ендеше, ақын жырының бояуына қанық болғыңыз келсе, жаңа кітабын оқып шығыңыз. Ал біз ақынға жыр әлемінде өрістей беруіне тілектестік білдіреміз.

Ж.НҰР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button