Білім

Жаңа оқу жылы жаңашылдыққа толы

Биылғы жаңа оқу жылы жаңашылдыққа толы. Соның бірі — оқу жылының ұзартылуы. Енді сабақ 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Сондай-ақ қазақ тілінде білім алатын 1 сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» ғана оқиды. Орыс тілі сабағы 2 сыныптан, ал ағылшын тілі 3 сыныптан бастап қосылады. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалинның қатысуымен өткен тамыз кеңесі барысында айтылды.

Өнер орталығында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен педагогтердің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесінің пленарлық отырысына 1200-ге жуық мұғалім, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері, депутаттар қатысты.

Жиында алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан өңірдегі білім саласының жай-күйіне және жаңа оқу жылының ерекшеліктеріне тоқталды.

Биыл Ақтөбе облысында 41 818 тәрбиеленушісі бар 577 мектепке дейінгі ұйым, 173 516 оқушысы бар 424 мектеп, 23 414 студент оқитын 41 колледж жаңа оқу жылын бастайды. Облыс бойынша 1-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу үлесі —87,4 пайыз.

—Жаңа оқу жылы жаңалықтарға толы. Мәселен, енді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларды лицензиялау қайта енгізіледі. Бірінші кезекте жаңадан ашылған балабақшалар, одан кейін жұмыс жасап жатқан ұйымдар лицензияланады. Сондай-ақ оқу жылы 31 мамырға дейін созылады. Бұл өзгеріс оқушы мен мұғалімге түсетін апталық жүктеменің төмендеуіне әсер етеді. Облыс аумағында

өткен жылы 354 мектеп 5 күндік жүйемен білім алса, қыркүйектен бастап  олардың саны 416-ға артады.  Өкінішке қарай, оқушы орны тапшылығы қалыптасқан өңірдің 8 мектебі әзірге 6 күн оқуға мәжбүр, — деген Жолдас Батырхан жаңа оқу жылының дарынды балаларға арнаған базарлығы барын айтты.

Қыркүйектен бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарына 500-1500 айлық есептік көрсеткіштің деңгейінде қаржылай қолдау көрсетіледі.  Сондай-ақ жүлдегерлерді даярлаған мұғалімдерге де біржолғы қаржылай  ынталандыру енгізілді. Біз дарынды балаларды анықтаймыз, дамытамыз және қолдаймыз. Осы оқу жылынан бастап мамандандырылған мектептерге аз қамтылған отбасы балаларына арналған 15 пайыздық квота енгіздік. Яғни осындай отбасылардан шыққан 20  бала жаңа квота бойынша облыстағы  БИЛ, Дарын және  физика-математикалық мектептерге оқуға түсуге мүмкіндік алды, — деді облыстың бас ұстазы.

Өткен оқу жылында республикалық және халықаралық интеллектуалдық олимпиадаларда облыс оқушылары 78 медальға ие болып, олимпиадалық жетістік деңгейін 21%-ға көтерген. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда»,  «Білім-инновация» лицей-интернаты «Ең үздік инновациялық мектеп» атағын иеленді. Облыстағы 7мектеп — 100 үздік мектепқатарында.

Мұғалімдердің мерекелік шарасына қатысып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин олардың алдына бірқатар міндеттер қойды.

— Біріншіден, білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын жандандырып жаңа жұмыс форматтарын қарастыруды жедел қолға алып, заман ағымына сай озық үлгілерге негізделген оқу-тәрбие жұмыстарына басымдық беру қажет. Тәрбиеге негізделмеген білімнің сапасы болмайды. Қазір жастар арасында суицид, қылмыс, құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық,  бір-бірін бопсалау, қорқыту, қорлық көрсету көбейіп кетті. Оқушыларды тәрбиелеу, білім беру ұйымдары мен мұғалімнің басты жұмысы. Мұны әсте естен шығармауымыз керек. Оған жүйелі түрде жүргізілетін нақты жұмыстардың арқасында ғана қол жеткізуге болады. Бұл жұмыстың өзегі біздің салт-дәстүріміз, рухани құндылықтарымыз болуға тиіс. Балабақшада, мектепте берілген білім, тәрбие  еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Біз бәріміз бұған мүдделіміз, — деген облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда педагогтер қауымына үлкен жауапкершілік жүктелетеінін айтты.

— Екіншіден, білім сапасына нақты көңіл бөлу керек. Ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдай жасалып, жаңа мектептер салынып, бұрыннан барлары күрделі және жеңіл жөндеуден өткізіліп, қажетті заманауи технологиялармен қамтылуда. Алайда облысымызда білім саласының деңгейі көңіл көншітпейді.  Неліктен ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші төмен?  Қазіргі таңда мұғалімдерден бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша жауапкершілікті алып тастады. Ол — білім сапасына қатысты жауапкершілік жоқ деген сөз емес. 11 жыл бойы берілген білімнің сапасы осы көрсеткіштен байқалады емес пе? Жалпы бұл бағытта білім беру ұйымдары жұмысты ширатуы қажет. Мектепте балаға тиісті деңгейде білім берілсе, ата-ана баласын қосымша ақылы ҰБТ-ға дайындық курстарына бермес еді. Бұл да ойланарлық жағдай. Мұғалім де алдында отырған оқушының білім сапасына жауапты екенін ұмытпауы керек. Сондықтан сынды дұрыс қабылдап, нәтиже шығаратын кез әбден жетті. Себебі жаңа Қазақстанды құру мектеп қабырғасынан, отбасынан басталады. Мемлекет басшысының алдымызға қойған нақты міндеттері белгілі, біз оны орындау үшін барлық күш-жігерімізді саламыз, — деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ облыс әкімі білім басқармасына балабақшалар жұмысын ерекше назарға алып, тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

— Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында осындай мекемелердегі заңсыздықтар, тәрбиешілер тарапынан бөбектерге көрсетілетін дөрекіліктер, психологиялық қысым көрсету, балаларға қол көтеру сияқты фактілер мен санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы, тамақтану нормаларының бұзылуы тәрізді заңбұзушылықтар көптеп таралуда. Мұны тоқтатуымыз керек, — деді облыс әкімі.

Тамыз конференциясы барысында сапалы білім беруді қамтамасыз етудегі сын-қатерлер, үздіксіз даму мен тұрақты білім беруді қалыптастыру,  ұрпақ тәрбиесі, ұлт  құндылығы, академиялық дербестік, мамандар даярлау, дуалды оқыту, балабақшаларды лицензиялау, бірінші басшыларды ротациялау, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда қосымша білім беру ұйымдарының маңыздылығы секілді мәселелер көтеріліп, диалог алаңы құрылды.

Педагогтар білім саласындағы өзекті тақырыптар бойынша өз ойларын ортаға салды.

Шара «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатын, Ақтөбе қаласындағы  №9 орта мектеп-гимназиясын, Ақтөбе қаласындағы Мәрия Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясын, Әйтеке би ауданы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектебін, Шалқар ауданы Әліби Жангелдин атындағы орта мектебін марапаттап, арнайы сертификаттар табыстады.

Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында облыстың 25 педагогі облыс әкімі тағайындаған сыйақымен және Алғыс хатпен  марапатталды. Ал «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін және «Мейірім — әлемге махаббатпен» медалін 31 педагог иеленді.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

  • 2025 жылға дейін 282 ауыл мектебі жаңғыртаудан өтеді. Қазіргі таңда 114 мектепке пәндік кабинеттерді сатып алу, жиһазын жаңарту, оның ішінде мектеп кітапханаларын және асханаларын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді.
  • Облыста үш ауысымдағы — 5, апатты жағдайдағы 4 мектеп бар. Қазіргі таңда 3920 орынға арналған 11 мектеп құрылысы жүргізілуде, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 20 280 орынға арналған 27 мектеп салынады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button