Әлеумет

Еліміздегі санаулы сараптамашының бірі

  • Еңбек адамы

Шалқар, Ырғыз өңірлері бойынша қызмет жасайтын ауданаралық сот-медициналық сарапшысы, денсаулық сақтау саласының үздігі, жоғары санаттағы дәрігер Ботагөз Ешниязова көп балалы отбасында туып-өскен. Әкесі Аманғали, анасы Мария өмір бойы ұстаз болған адамдар.
Сот-медициналық сараптама саласында отыз жылдың үстінде бірге жұмыс істеп келе жатқан кезімізде Ботагөз Аманғалиқызының бойынан көптеген жақсы қасиеттерді байқадық. Еңбекқор, өз ісіне ұқыпты, міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын адам.
Өжет мінезді қазақ қызы өз сөзінде тұратын, талап қоя білетіндігімен беделді. Жауапкершілігі үлкен, адам тағдыры шешілетін, ауыр да қиын салада құқық қорғау органдарымен тіл табысып, ұзақ жыл абыроймен еңбек етуі осындай қасиеттерінің арқасы болуы керек.
Баланың үлкені көбінесе ата мен әженің баласы болатыны белгілі. Ботагөздің атасы Болатбай деген кісі Шалқар теміржол вокзалының бастығы, темірдей тәртіптің адамы екен, жұмыста да, үйде де адал, тәртіпті болуға, біреудің ала жібін аттамауға үндеп отыратын жан болыпты. Ал әжесі Айшол он алты құрсақ көтерген батыр ана екен. Өте көпшіл адам болған. «Көптеген ауылдардан келген ағайын-туысқандардың балаларын үйінде жатқызып, ортаға үлкен қазан көтеріп, қамқор болатын» дейді ол кісіні білетіндер. Міне, Ботагөз апаның қайсар, кесіп айтатын мінезі атасына, көпшілдігі әжесіне ұқсаған-ау деген ой келеді.
Ботагөз Аманғалиқызы 1988 жылы Ақтөбе медицина институтының емдеу факультетін бітіргеннен кейін Шалқар аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастайды. 1990 жылға қарай Шалқардан ауданаралық сот-медициналық сараптама бөлімшесі ашылғанымен, онда жұмыс істеуге ешкімнің тәуекелі жетпей жатады. Сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Жолдыбай Жүсіповке Ботагөз Аманғалиқызы барып сот-медициналық сарапшысы болғысы келетінін айтады. Жолдыбай Жүсіпов өзінің қол астында жұмыс істеген шәкірті Ботагөз Ешниязоваға үлкен сенім білдіріп, оны қолдайды. Сол уақыттағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына хабарласып, жолдама береді.
Облыстық сот-медициналық сараптама филиалының бастығы болған Владимир Корнев бастапқыда бұған қарсылық білдіреді. «Шындығын айтсам, жас келіншекті жұмысқа алғым келген жоқ, себебі бізде әйел адамның жұмыс істеуі өте қиын. Жұмыс мезгілсіз, күні-түні жүру керек, қабылдамай кейін қайтардым. Бірақ басқарма басшысы қайта жіберіп, жұмысқа алуымды талап етті. Енді не істеймін? Бірден мәйітханаға апарып, қайтыс болған адамдардың арасына кіргізіп, сараптау жұмыстарына қосып жібердім. Ойым — бетін қайтару. Бірақ ол тапсырманы жақсы атқарып шықты. Оның қайтпайтын, қайсар мінезін сол кезде байқадым», — дейді Владимир Михайлович.
Шынында да, отбасы бар әйел адамға сот-дәрігер сарапшысы болу өте қиын шаруа. Дегенмен Ботагөз Аманғалиқызы осы жұмысты 32 жыл мінсіз атқарып, бұл жұмыстың қолынан келетінін дәледеді.
Ол облысымыздағы әйелдерден болған алғашқы сот-медициналық сарапшысы, танатолог болса, республика бойынша үшінші дәрігер екен. Осыдан-ақ нәзік жанды адамға аталған салада сарапшы болып жұмыс істеу қиынның қиыны екенін байқауға болады, себебі әйел адамдар бұндай кәсіпке мүлдем бармайды. Өйткені жұмыс мезгілсіз, түн ортасында телефон шыр ете қалады, сол кезде маман оқиға орнынан табылуы керек. Күн-түн демей жүздеген шақырым жол жүріп, оқиға болған жерге барып, сараптама жасайсың. Адам тағдыры болғандықтан осындай істің бәрін әділдікпен жүргізу керектігі тағы бар.
Ботагөз Аманғалиқызының 30 жылдан аса жұмыс атқарған кезінде қыстың көзі қырауда оқиға болған жерге барамын деп далада қалған кездері де болды. 2018 жылдың қаңтарында Шымкент-Самара тас жолындағы Ырғыз ауданы аумағында автобус өртеніп, 52 өзбек азаматы жанып кеткенде, басы-қасында жүріп, әріптестерімен бірге сараптама жасаған осы Ботагөз болатын. Осындай оқиғалардың талайын басынан өткерген тәжірибелі сараптамашы Ботагөз Аманғалиқызының өзінен кейінгі буын әріптестеріне де үйретері көп.
2005 жылдың маусым айында бір ойламаған жағдай болған. Ботагөз Ешниязоваға «Қазақстан халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін» деп жазылған куәлігі мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі марапаты біздің облыстың сот-медициналық сараптама филиалына келеді. Облыстағы басшылық тарапынан ұсыныс берілмеген, бәрі де аң-таң болады, «Қалай алды?!» деген сауал туады. Сөйтсе, министрлік өз бетінше компьютер арқылы зерттеп, барлық көрсеткіштерді зерделеп, екі шалғай ауданның сот-медициналық сараптамашысы Ботагөз Ешниязованы үздік деп таныған екен. Одан бері Ботагөз ханым екі рет министрліктің Құрмет грамотасына ие болды.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген, Ботагөз Аманғалиқызы өзінің алғашқы еңбек жолында білмейтін жерлерін үйретіп, ақыл кеңестерін берген ұстаздары Орынбасар Төребаевты, Владимир Корневті, Қуаныш Бақытқалиевті, Жақсылық Итбаевты, Серік Көбеновты әрдайым үлгі етіп айтып отырады.
Ботагөз Аманғалиқызы ұзақ жылғы жұмысы кезінде өзін тек жақсы жағынан көрсете білген жан. Шалқар, Ырғыз аудандарының құқық қорғау органдарымен тіл табыса еңбек етіп, жұмысты жүйелі жолға қоя білді. Сонымен бірге бұл кісінің құқық қорғау органдарының, прокуратураның, соттардың арасында беделі жоғары екенін де байқаймыз. Және сот-медициналық сараптама кәсібінің ауыр жүгін арқалай жүріп, басқа да қосымша шаруашылықтарды атқарып, айналадағы тума-туыспен, көрші-көлеммен сыйласуға және отбасына уақыт табатыны таң қалдырады.
Ботагөз апамыздың өмірдегі тағы бір жақсы қасиеттерін айтқым келеді. Ол гүл, жеміс ағаштарын егуге, оларды күтіп-баптауға жаны құмар. Барған жерінен гүлдердің, жеміс ағаштарының сорттарын алып келіп, оны өсіріп, будандастырып жүреді. Ертеңгілік, жұмыстан соң үйінің ауласындағы бау-бақшада тынбай жұмыс істейді, себебі жаны жақсы көретін істен адам шаршамайды.
Апамыздың тәуір көретін тағы ісі бар. Бұл қазақтың ата кәсібі болған — төрт түлік малға қатысты. Мәселен, Шалқар ауданында шаруашылықпен айналысатын, арнайы қожалық ашып отырған екі қыз болса, соның бірі — Ботагөз Аманғалиқызы. Осыдан бес-алты жыл бұрын Шалқар ауылдық округіндегі «Зият» шаруа қожалығына ие болып, мал басын көбейтіп келеді. Қыс қыстауы Түйебаз және жаз жайлауы Арансай деген жерлерден үй, қора-қопсы салып, шаруа қожалығының қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Шөп таситын, шабатын техникалардың барлығын сатып алып, уақтылы мал азығын дайындайды.
Енді осының барлығы қолдайтын адам болмаса, бір әйелдің қолынан келе бере ме?! Әрине, апамыздың табысты еңбек етуіне отыз төрт жылдан бері қасында келе жатқан серігі, жұбайы Қыдыралы Әлин ағамыздың көмегі көп. Ол кісі зайыбының атқарып жүрген жұмыстарына үлкен түсіністікпен қарап, қолдауын жасап келеді.
Бұл жұп — тең жүріп еңбек ететін адамдар десем қателеспеймін. Қыдыралы ағамыз қарапайым шопанның отбасында туып-өскен, мамандығы мұғалім, осы салада еңбек еткен, кейін аудандық газетте жұмыс істеп, тілші, жауапты хатшы, редактор болып сатылап жоғарылап, қазіргі күні аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры, аудандық газеттің құрылтайшысы.
Ботагөз Аманғалиқызы бұл күнде немерелерінің сүйікті әжесі. Жолдасы екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, барлығын аяқтандырып, олардан алты немере сүйіп отыр. Екі шалдан тараған үлкен әулеттің бас келіні болып отырған апамыз бүгінде мерейлі алпыс жастың есігін ашпақшы. Оған қиын да жауапты қызметінде жеңілдіктер тілейміз.

Берік САҒЫНДЫҚОВ,
Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалары орталығы директорының сот-медициналық мәселелері бойынша орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button