Спорт

Ұтылған жоқ, бірақ ұта да алмады

  • Конференция Лигасы

Бейсенбі күні Конференция Лигасының үшінші кезеңінің қарымта кездесулері өтті. Бұл кезеңде ойнауға қазақстандық командалардан «Тобыл» мен «Қызылжар» қалғаны белгілі. Ал «Астана» мен «Қайрат» екінші кезеңнен аса алмай қалған болатын.
Үшінші кезеңнің 4 тамызда өткен бірінші кездесуінде біздің екі команда да ұтылып қалған еді. Рас, ойсырай ұтылған жоқ, сырт алаңда екі командамыз да алаң иелеріне небәрі 0:1 есебімен жол берген. Сол себепті бұл қарымта кездесуге аз да болса үміт артқанбыз. Дегенмен…

11 тамыз күні алаңға әуелі «Қызылжар» мен «АПОЭЛ» шықты.
«Астана Арена» стадионында өтетін бұл ойынның ақырғы нәтижесі қандай болатындығын жанкүйерлер алдын ала сезінген де болатын. Өйткені сырт алаңда жерлестеріміз 0:1 есебімен ұтылғанымен, қарсыластары бұлардан бір бой жоғары тұрғаны да шындық еді.
Сырт алаңда кипрліктердің қақпасына бірде-бір соққы жасай алмай пұшайман болған жерлестеріміздің арада өткен бір аптаның ішінде жүз пайызға өзгеріп сала бермейтіні де түсінікті еді.
Иә, өзгере де алмады. «Астана Арена» стадионында да «Қызылжар» командасы қарсыластар қақпашысын мазалап жарытқан жоқ. Тек екінші таймда ғана қызылжарлық футболшы шірене тепкен доп «АПОЭЛ» қақпасының маңдайшасына тиіп кері серпілгені болмаса, қонақтарға басқалай аса көп қауіп төндіре алмадық.
Әрине, «АПОЭЛ» — қуатты команда, Еурокубок ойындарында жасыл алаңда жортып жүргендердің бірі. Ал «Қызылжардың» еуроалаңға шыққаны биыл ғана. Сол себепті Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесуде жерлестеріміздің жеңіске ие бола алмауына түсіністікпен қарағанымыз мақұл.
Сонда да бір жайды назарда ұстап қалғанымыз жөн. Өткендегі тәрізді бұл кездесуде де «Қызылжар» футболшылары қорғаныс шебін берік ұстады. Қонақтардың шабуыл жолының барлығын дерлік жауып тастады. Әттең, өзіміз де еш гол соға алмадық.
Дегенмен Конференция Лигасында өткізген барлығы төрт кездесу (бір жеңіс, екі ұтылыс, бір тең ойын) «Қызылжар» футболшылары үшін жаңа мектеп болды. Бұл команданың үшінші кезеңге дейін жеткендігінің өзі үлкен табыс деуімізге болады.

«Қызылжар» (Қазақстан)-«АПОЭЛ» (Кипр) — 0:0 (жалпы есеп — 0:1).

«Қызылжар» төмендегі құрамда ойнады: Мирослав Лобанцев (қақпашы, капитан), Юрий Бушман (Максим Чиканчи, 88-минут), Матео Мужек, Валерий Каршакевич, Марк Гурман (Дарко Зорич, 80-минут), Еркін Тапалов, Жиан Мартинс, Мусса Коне, Пабло Подио (Евгений Козлов, 64-минут), Павел Яковлев (Гиорги Иваниадзе, 64-минут), Элгуджа Лобжанидзе.
Бас бапкер — Али Алиев.

11 тамыз 2022 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы, «Астана Арена» стадионы.

                                                                             *   *   *

Бұдан соң алаңға «Тобыл» командасы шықты. Сырт алаңда «Зриньскиден» 0:1 есебімен ұтылғанымен, жерлестеріміздің өз алаңымызда жеңіске жетуге қауқары жететіндігі де көрініп тұрғандай болатын.
Обалына не керек, қостанайлықтар алғашқы сәттерден бастап-ақ еш іркілместен шабуылдар ұйымдастырумен болды, қорғанысты да ұмытқан жоқ. Жалпы қақпаға қарата доп бағыттаудан да (14-13), бұрыштама доп соғудан да (5-4) жерлестеріміздің ілгері болуы — осының айғағы.
Ал Самат Жарынбетов, Мильян Вукадинович, Игорь Сергеев, Айбар Жақсылықовтар гол соғу мүмкіндіктерін тиімді пайдаланғанда таразы басы бізге қарай ауатыны да анық еді. Бірақ олай болмады. Әуелі бірінші таймда қонақтар гол соғып кетті де, екінші таймда Серж Дебле есепті теңестірді. Осы есеп төрешінің соңғы ысқырығына дейін сақталды. Оның үстіне айып алаңының сыртында допты қолмен тоқтатуға мәжбүр болған тобылдық қақпашы Александар Мокиннің алаңнан қуылуы да жерлестеріміздің бірінші кездесудегі қателіктерінен қорытынды шығармағанын көрсетті.
Жалпы бұл кездесуде ойын ережесін бұзушылыққа көп жол берілді. Әр команданың жеті футболшысы (барлығы 14 футболшы) ескерту қағазын алуы да көңілге селкеу түсірді. Алайда, шындығы керек, қонақтар біздің командаға қарағанда ережені көбірек бұзды (22-13).

«Тобыл» (Қазақстан)-«Зриньски» (Босния және Герцеговина) — 1:1 (жалпы есеп — 1:2).

Гол авторлары: Марио Чуже, 34-минут (0:1), Серж Дебле, 53-минут (1:1).
80-минутта қақпашы Александр Мокин («Тобыл») ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды.
«Тобыл» төмендегі құрамда ойнады: Александр Мокин (қақпашы) Алекса Аманович, Сергей Малый, Александр Марочкин (Тимур Акмурзин, 82-минут), Бағдат Қайыров, Душан Йованчич, Асхат Тағыберген, капитан (Чиди Осучукву, 62-минут), Самат Жарынбетов (Серікжан Мужиков, 46-минут), Мильян Вукадинович (Игорь Сергеев, 62-минут), Зоран Тошич, Серж Дебле (Айбар Жақсылықов, 82-минут).
Бас бапкер — Милан Миланович.

11 тамыз 2022 жыл. Қостанай қаласы, Орталық стадион.

                                                                             *   *   *

Осылайша «Қызылжар» мен «Тобыл» бір апта бұрынғы жеңілісті жеңіске айналдыра алмады, сонымен Еуропа кубоктарында ойнайтын қазақстандық команда қалған жоқ.
Енді келер жылды күтеміз.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button