Әдебиет

Күлкі базары

Ашынған арудың хаты

Тіс қаққан тілші болсам да, бір хатқа жауап бере алмай, басым қатты. Ол былай жазылған еді:
«Құрметті редакция! Сіздерге көптен-көп ризамыз, қиналған тұста қол ұштарыңызды бергендеріңізді еш ұмытпаймыз. Жағдай былай: мен осы қаладағы белгілі оқу орнының белді қызметкері Орап Тұраповтың екі баламен еңіреп қалған бұрынғы әйелі Өзгегүл Сылдырбаевнамын. Айтарым —  алимент жөнінде. Алмайды емес, аламыз. Тек айлық табысынан ғана… Жағдай түсінікті болу үшін Орап Тұраповпен бақандай бес жыл бірге тұрғандықтан, сіздер түгіл, тиісті орындар да біле бермейтін көп мағлұматтарды алдарыңызға ақтарып салсам деймін. Бізге керегі алынбаған алимент, әйтпесе нем бар осынша ашынып.
Орап Тұраповтың доцент екендігі, онысына үш жүз қырық жеті сом он төрт тиын алатынын білеміз. Алимент уақытысында жетіп жататын. Бізді қинайтыны басқа. Бірге тұрған бес жылда қандай едік… Үлде мен бүлдеге оранбасам да, небір кереметтерді басыма жастанып, үстіме жамылып жатушы едім. Орап тумысынан қолды-аяққа тұрмас пысық еді. Мәселен, көп қырын айта бермей, бір-екі мысал келтірсем. Ол жылына кемі екі «қалқан құлақты» әупірімдейтін, яғни оқуға түсіретін-ді. Ағайындарға жоламаушы еді. Қазір де сөйтеді деп естимін. Ағайынның берісі — бір мал, әрісі уәдені үйіп-төгіп алдап кетеді. Иә, жаз болса шаруамыз шалқалаушы еді. Орапым мықты еді ғой, әй-шәй жоқ, әр абитуренттен (әрине, әкесінен) келісімшартқа отырып, алашағын алдын ала алып қоюшы еді. Иә, өзіне сенген серілер ғана сөйте алады емес пе…
Мұнымен тұрмай, шаруа айында егделігін елемей студенттердің құрылыс отрядына командир боп кете баратын. Қазір де сөйтеді дейді. Кезінде ғой құрылыстан қайтқан кезінде көп ақшаға көміп тастаушы еді. Бізді қинайтыны — осы…
Қызықтың көкесі — қыста. Баласы келесі жылы мектеп бітіретін ағайын-тумадан дәм тататынбыз. Бұл уақытта қазір бір қойдың еті ғана тұрған балконда тек қазы-қарта, жал-жая ғана жайылып тұрушы еді…
Айналайын заочниктер-ай, осы күні түсіме енетін боп жүр. Біреуінен «алтын жеңгеме» деген алқа тақсам, келесісіне кәдімгідей талап-талғаммен, не өзімнің қалауым бойынша дегенімді алғызушы едім. Естуімше, анау қазір солардың деканы дейді. Е, ол кезді ойласам, жанарыма жас үйіріледі. Кей-кейде күйеуім жоқта, ойланбай опық жеген өзімді-өзім езіп жаншып, көз жасымды көл етемін.
Иә, Ораптың бұдан басқа да диплом жазып беретін, емтихан алатыны сияқты пықи-тықилары толып жатыр. Оның бәрін тізе берсем, сіздер мені бір жүрген ұсақ екен деп қаларсыздар. Жетеліге осының өзі жетер.
…Менің айтпағымды түсінген боларсыздар?!
… Осының жөні қалай болар екен?! Бізге керегі — алимент! Осы айтқандарымның жөні келіп, есебі жоқ дүниеден де алимент өндіріп берсеңіздер, өмір бақи риза боп өтеміз. Сәлеммен, сеніммен Өзгегүл Сылдырбаевнаның семьясы»

 

Тоңазытқыштың топалаңы

Күндердің күнінде Өзгегүл жеңгелерің:
Бізге тоңазытқыш қажет, — деп қойып қалғаны…
Бізде айлықтан басқа… — деп келе жатыр едім:
Айлық-шайлығыңды басыңа бүркіп бас, тоңазытқыш керек, — деп ақшаң ете қалған соң, әріге барып әбүйір таппайтынымды біліп, алдыма қағаз, қолыма қалам алып, әңгіме жазуға кірістім. (Жазушылар жазғанына күреп алады деп естігенмін). Айдақ жазумен айдап отырып мектеп дәптерінің бірін бітіре бергенімде, әйелім:
Бізге түрлі түсті теледидар алу керек! — деп, о бастағы ойын өзгерте қойғаны.
— Оған жетер ақшаны қайдан таппақпын?
Әйелімнің бет-аузы жыбырлап, көзі ойнақшып:
Түрлі түсті теледидар қажет дедім ғой мен саған, — деп талмасы ұстап қалшылдай бастаған соң, амалым құрып, бітуге тақау әңгімемнің желісін желдіртіп, повесть жазуға бет алдым.
Күн-түн демей жазып, повестің соңғы тарауын қолға алғанымда, әйелім:
Балалардың папасы-ау, ақыры жазған соң ақшасы қомақты бір нәрсе болса игі еді, — деп еркелей үн қатты.
«Әйел иісе, темір балқиды» демекші, көп сөзге келмей, жазып жатқан жайнамазымды жинап алып, маңдайына «пьеса» деп айдар тағып, қайта жаздым.
Біраз бас қатырып, самай шашымды ағартып барып көлемді пьесамды тәмамдай бастаған шағымда:
Пітуа, бізге жайлы үй керек, — деп жеңгелерің жаныма жантая кетті.
Маған қайт дейсің, оған жетер ақша қайда?! — дей бергенімде:
Мына бізбен тұрамын десең, табасың, — деп айқайын менен асырып, табан тіреп, бүйір таянып тұрып кетті…
…Сонымен, аяқталып қалған пьесаның бағытын роман ауылына бұруға тура келді.
Не керек, өлдім-талдым деп, тең жартысынан астам беттік романымды машинкаға бастырып, басқаны үшін жүз елу сом төлеп, баспаға алып бардым…
Сөйтсем, мен талғажау еткен атамнан қалған тақырып, ертедегі батырлар жырының бір тармағы екен.
Еңсем түсіп үйге қайттым. Душтың астына бір көміліп шықтым да, баспадағылардың: «Талабыңыз қуантады.Тақырып өзгертіп талпынып көрсеңіз…» — деп айтқандары бойынша осы жасқа дейін «ермек» етіп келген кәсібіме қол сілтеп, жазушылыққа ден қойдым.
Өзгегүл бірер сағат жастықтан бас алмай:
— Қайран ғана жүз елу теңгем-ай. Машинистикаға бергенше, тоңазытқыш алсамшы… — деп қайта-қайта қайталап айтып, айтқан сайын терең күрсініп, күбірлеп жатып ұйықтап кетті…

Берік САДЫРОВ.

Ауыл айтқыштары

Сайлау деген кісі кезекті бір рейстен кейін тірке­­ме­сіне он шақты тайланған шөп қалдырып, үйіне түсіргелі келеді екен. Сол екі арада кеңшар директоры кезігіп қалып: «Көлік үстіндегі шөп қайда барады?» — деп сұрапты.
Сайлау: «Бұл негізінде үйге бағытталған еді, енді амалсыз шөп базасына барады ғой», — депті.
Сайлаудың сөзіне риза болған директор қарқылдап күліп: «Жарайды, үйіңе түсіре сал», — деген екен.

                                                                             *   *   *

Күзембай деген атамыз жиені Аманжанның үйіне барса, оның келіншегі Қанжу жалаңаяқ жүр екен. Аяғы аздап кірлеу ме, қалай?.. Соны байқаған Күзем­бай ақсақал Аманжан әдейі көрсін деп: «Келін­нің аяғындағы галошы нешінші размер?» — деп сұрап­ты.
Онша қысыла қоймаған Аманжан: «Білмей­мін, төркінінен киіп келгені ғой» — деген екен.

Ерекен ҚОРАБАЕВ.

…деген екен

Бірде әйгілі актер Серке Қожамқұловты белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметов қолтықтап келе жатса, Серке ақсақал сүрініп кетіпті. Сол жерде Сейіт қалжыңдап:
— Өзіңіз қартаяйын дегенсіз бе? Аяғыңызды нық баспайсыз ба? — дейді ғой.
Сонда, Сер-ағаң:
— Қайдағы қартайған, «Қазақфильм» кино түсіреміз, шалдың рөлін сомдайсың деген. Соған дайындалып жүргенім емес пе? — деген екен.

                                                                             *   *   *

Бір басқосуда Асқар Сүлейменов бейтаныс әйелмен танысу сәтінде «Сүлейменов» деп қолын ұсыныпты. Сөйтсе әлгі келіншек таңғалып: «О, ғажап, сіз шынымен Олжассыз ба?!» депті.
Сонда Асқар: «Мені кім көрінгенмен шатастырмауыңызды өтінемін!» — деген екен.

                                                                             *   *   *

Бір топ ақын-жазушы бас қосып отырғанда, біреуі:
— Академик Радлов «Қазақтар — шығыстың французы» депті, — дейді.  Сол жерде Асқар Сүлейменов те отыр екен:
— Жоқ, олай емес, Радловың қателеседі! — депті, нығарлай сөйлеп.
— Немене, ондай сөзді қазаққа қимай отырсың ба?! — дейді әлгі сөзді айтқан жазушы.
Сонда Асқар:
— Радлов қателеседі, француздар — Еуропаның қазақтары! — деген екен.

Дайындаған Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button