Тұлға

Азамат парызы

Азамат болдың — атқа міндің. Кім-кім де адам болса деп үлкен үмітпен өсірген баласының әуелі ат жалын тартып мінуін қалайды, содан кейін мінген арғымағының үстінде тақымы мығым отырғанын дұрыс көреді.
Біздің кейіпкеріміз, бүгінде есімін ел білетін, көпшілік қадірлейтін Рахат Сыдықов та осындай кезеңдерден өткені айқын.

Туған жерге ту тіккен

Ол орта мектепті бітіргеннен кейін бірден жоғары білім алуға ұмтылмай, аудандық коммуналдық шаруашылықта жұмыс істеді. Содан кейін барып Алматы сәулет-құрылыс институтына қабылданып, инженер-құрылысшы мамандығын алып шықты. Ендігі еңбек жолын облыстық газ шаруашылығы өндірістік бірлестігінде жалғастырды. Содан кейін Шалқардағы ауданаралық газ шаруашылығы мекемесін басқаруға жіберілді. Ол кезде бұл мекеменің аты ғана бар екен де, заты шамалы екен. Шалқар қаласында 800 үйге ғана газ желісі қосылған. Мекемедегі қызметкерлер саны — 13 адам.
Бірер жыл облыс орталығындағы бас мекемеде жұмыс істеп, азды-көпті тәжірибе жинақтаған ол дереу шаруаны қолға алды. Ең алдымен, үйлерді газ желісіне қосуға қажетті техника түрлерін жинастырды. Жастарды жұмысқа тартып, мамандыққа сәйкес курстарға жіберді. Соның нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде Шалқар қаласындағы тұрғын үйлер түгелдей газға қосылды, мекеме жұмысшы-қызметкерлері саны 76 адамға жетті. Көршілес Ырғыз селосы мен Ембі қаласына сұйытылған газ жеткізіп тұру да бұлардың міндетіне кіретін, ол іс те жүйелі атқарылып жатты. Жігерлі жігіт мекемесін төрт аяғынан тік тұрғызғаны өз алдына, енді, өңірдің басқа да әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесе бастады.
Ал, 2002 жыл ол аудан әкімі болып тағайындалды.  Қиын уақыт, жұмыссыздық белең алған, кәсіпкерлік енді қолға алына бастаған кез, өркендеп тұрған өндірісі жоқ — осындай тұста аудан тізгінін қолға алды.
Ауыл шаруашылығын дамыту — оның алдындағы басты міндеттердің бірі болды. Сондықтан да, ең алдымен, мал тұқымын асылдандыруға, сол арқылы оның өнімдерін молайтуға бағыт ұстады. Жеке шаруашылық қожалықтары иелерін бірден иліктіру де оңайға түскен жоқ. Өйткені көбісі қолдағы барға қанағат тұтып, басқа жақтан мал әкелудің нәтиже беретіндігіне сене қоймайтын. Ал, Мұғалжар жылқысын әкеліп, тұқым жаңартқаннан кейін жылқышылардың барлығы бірдей осы іске ұмтылды. Осындай жаңашылдықтар сиыр, қой тұқымдарын да өсіруде де қолданылды.
Әрине, үлкен ауданның шаруасы таусылмайды. Бірақ соның ішінде елге қажетті, көпке тиімді жобалар болатыны анық. Соның бірі Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу бағытында тартылатын теміржолға қатысты еді. Бастапқыда Жезқазған-Сексеуіл бағыты таңдалды. Бұның тиімсіздігі — жол бойында елді мекендердің жоқтығы еді. Ал Шалқар бағытында көптеген ауылдар орналасқан болатын, әрі қаржыдан да үнем болатыны белгілі болды. Сондықтан осы бағытта жұмыстар жүргізуге, тиісті орындар алдында тиімділікті дәлелдеп, қорғап шығуға тура келді. Нәтижесінде ой іске асты. Бұрынғы «Жаңақоныс», «Сарыбұлақ», «Айшуақ» кеңшарлары аумақтарында разъездер салынды, жаңа жұмыс орындары ашылды, көлік қатынасы жақсарды.
Рахат Мәжитұлы ауданды басқарған жылдарда осы өңірде көптеген мектептер, емханалар, балабақшалар салынды. Аудан орталығында Оқушылар сарайы, жаңа типтегі аудандық аурухана пайдалануға берілді. Ауылдарға су тартылды, бірқатар елді мекендер газ желісіне қосылды.
Шешілуі қиын мәселелер де кездеспей қалған жоқ. Соның бірі — Шалқар көлінің ластануы еді. Бұған дейін де бірқатар жобалар қарастырылды. Комиссия құрылып, көлдің табаны зерттелді, басқа да шаралар жасалды. Бүгінде мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, жұмыстар жасалуда.
Елдік шаруаларды атқаруда ел азаматтарының бас біріктіріп, намыс туын жоғары ұстап шыға келетіні көпті ырза етеді. Рахат Мәжитұлы өзі аудан тізгінін ұстап тұрғанда Жаңабай Қобыландин, Жеткерген Елемесов, Берік Төлетов, Бақтыбай Көкенов, Берік Боқаев, Серік Әйтенов, Сырымбай Меңдіғарин, Марат Мұңайтпасов, Гүлнәр Берденова, Мейіржан Өндіргенов секілді көптеген азаматтардың ортақ істен шет қалмай, көп көмек жасағанын алғыс сезімімен айтады.
Аудан басшысы үшін ол қатыспайтын шаруа болмаса керек. Ана бір жылдары «Шалқар» энциклопедиясын шығару ісін қолға алды. Бұл да бір былай қарағанда жоқты түгендеу, барды жүйелеу, қысқасы өңір тарихын қалыптау секілді күрделі тірлік. Шығарушылар алқасының жетекшілігіне ауданның партия-басшы органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған, аудандық білім бөліміне жетекшілік еткен, ел тарихын жақсы білетін Тұрсын Тілешов бекітілді. Нәтижесінде 300 беттен асатын үлкен еңбек жарыққа шықты. Әрине, мұндай энциклопедия алда да толықтырылып, зерделеніп, уақыт талабына сай жетілдіріліп, тағы да дайындалатын болар. Бірақ Рахат Сыдықұлы өзі аудан басқарған тұстағы атқарылған игілікті істердің бірі санайды бұл еңбекті.
Рахаттың әкесі Мәжит — халықтың алғысын алған адам. Ол өзінің заманында «Қазақ КСР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрмыстық қамту қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» атағын алған облыстағы екі адамның бірі. Шалқар қаласының бүкіл коммуналдық шаруашылығына ие болып, халықты отын-сумен, басқа да күнделікті қызметтермен қамтамасыз етуді ұйымдастырған әкенің абыройлы есімі балаға қай кезде де үлгі, алға ұстанатын бағдар.
Рахат Мәжитұлының ұзақ жылдарғы басшылық қызметтегі ерен еңбегі «Құрмет», «Парасат» ордендерімен атап өтілді. Ал «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағы ол үшін еңбегіне берілген баға ғана емес, үлкен жауапкершілік те.

 

Көңілде тұрар Қарғалы

Он бір жыл әкім болғанда «Мың қосшыдан — бір басшы» дегендей, Шалқар халқы Рахатқа, ол болса Шалқарына әбден үйренісіп қалғаны соншалық, көпшілік оларды ажырата алмайтындай ахуалда болатын. Осы кезеңде ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен көптеген шаруалар үйлесімін тауып, тындырылып жатты.
Бірақ өмірдің өзі заңы бар. 2013 жылы облыс басшылығы оны Қарғалы ауданының әкімі етіп тағайындады. Реті солай болды ма, бұл өңірде бұған дейін бір-ақ рет болып кеткен екен.
Салыстырмалы түрде шағын аудан болғанымен, бұл өңірдің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен, көзге түсетіні — табиғатының байлығы.
Аудан солтүстігінде Ресейдің Орынбор облысымен шектеседі. Аудан жерінің басым бөлігі жазық, сондай-ақ төбелі-бөктерлі болып келеді. Аймақта жер асты тұщы сулары мен минералды сулардың үлкен қоры бар екен. Осы аумақтағы көпке танымал әйгілі сарқырама соңғы жылдары еліміз бойынша ең әдемі жерлер тізіміне енген.
Мұнда ауыл шаруашылығын дамытудың мол мүмкіндіктері бары байқалды. Бір әттеген-айы аудан басшылары жиі ауыса берген екен. Бұл қалай болғанда да ортақ іске кедергісін жасамай қоймайтыны анық. Сондықтан да Рахат, ең алдымен, мүмкіндігінше, табан тіреп жұмыс істеуді мақсат етіп қойды. Бюджет қаржысы бір айналымға келмейді. Сондықтан да қосымша мүмкіндіктер қарастыру қажеттігі білінді.
Ауданның негізгі экономикасына ықпал етіп тұрған «Степное» ЖШС-нің директоры Аманғос Төлеуовті бұрыннан жақсы білетін, бірқатар мәселелерді ақылдасып-кеңесіп шешуде ел ағасының көмегі де аз болған жоқ.
Көптеген шаруа қожалықтары қолға алған жұмыстарын кеңірек дамытайын десе, несие алуға кепілдік мүліктері жетіспейді. Сонымен көпшілігі аз ғана шаруасының өзін дөңгелентіп, барымен базарлап отыр екен.
Осында біраздан қоныстанған неміс ағайындар тарихи мекендеріне қопарыла көшіп кетіпті. Аудан орталығының біраз шаруасын жедел қолға алып, түзеуге тура келді. Ең алдымен, қарызға батып отырған коммуналдық мекеме жұмысы жақсартылды. Бадамшадан бюджет қаржысы есебінен тұрғындар үшін бес қабатты, екі қабатты үйлер салынды. Мұның өзі, әсіресе, жас мамандар үшін тұрғын үй проблемасын шешуге мүмкіндік берді. Аудан орталығынан жаңа типті мектеп-интернат құрылысы басталды.
Бір қызығы, шалғай мекен, өзге ауданда да әке есімі алдынан шыққаны бар. Бірде облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы қоғамдық бірлестігінің директоры Анатолий Марченко іргелес Орск қаласынан ірі сауда орталығының қожасы Виктор Анохин есімді ірі бизнесмен азаматты алып келеді. Анатолий Николаевичтің өзі кезінде Шалқар аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған ғой. Сондықтан ол жақтағы алдыңғы буын ағаларды, ақсақалдарды жақсы білетін. Әңгіме арасында Қарғалы ауданының әкімі туралы айтқанда, Рахаңның әкесі жөнінде де сөз болады.
«Мен сіздің әкеңіз Мәжит Сыдықовпен кезінде санаторийде бір ай бірге демалғанмын, сондықтан да ол кісі туралы жақсы білемін, ерекше адам еді», — дейді орскілік қонақ. Сонымен екі арада жылы қарым-қатынас орнап, оның соңы іскерлік байланысқа ұласады.
Бұның жалғасы көп ұзамай Анохиннің қолдауымен Орск қаласында Қарғалы ауданы ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерінің үлкен жәрмеңкесін өткізуге жол ашады.
«Біздің ауданның барлық жеке қожалықтары басы артық өнімдерін сатуға шығарды, оның үстіне Қызылордадан мол етіп қауын-қарбыз, күріш алдырдым. Екі күн ішінде мол табысқа ие болдық», — деп еске алады сол күндерді Рахаң.
Қарғалыда қолға алған бір шаруасы — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Жиналыстарды, кездесулерді бірыңғай қазақша өткізуге бұра бастады. Бұдан басқа, елдік рухты көтеретін, халықты топтастыратын үлкен бір шара өткізу де ойында болатын. Оның да сәті түсті. Заманында ел қорғаған, жауға қарсы күресте найзаның ұшымен, білектің күшімен жұртына айбар болған Сәрке батырдың есімін ұлықтау арқылы осы мақсатты жүзеге асырды. Бір жыл бойы мектептерде, мәдени ошақтарда жиындар ұйымдастырылып, Сәрке батырдың ерлігі кеңінен насихатталды. Аманғос Төлеуов өзі бас болып, батырдың еңселі ескерткішін орнатуды қолға алды. Аудан болып ұйымдастырған үлкен асқа республика бойынша қонақтар келді. Бұл шара арқылы шынында да, ел бірлігі нығайып, ауызбіршілік, патриоттық ұғымдары іс жүзінде көрінді.
Соңғы уақыттары Қарғалы ауданы ішкі туризмді дамыту аймағына енді.
— Бұл өңірдің тамаша табиғаты бар. Қазірдің өзінде демалуға, балық аулауға сырттан келушілер аз емес. Ал жаңа бағдарламаға сәйкес туризмнің жақсы дамитындығына сенімдімін,— дейді Рахаң.
Ғұмырының елеулі екі кезеңі саналатын — Шалқар және Қарғалы өңіріндегі қызметі сол ел тұрғындарына оны бауырластырып жібергендей көрінеді кейде. Сондықтан да болар,облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы,  облыс әкімінің бірінші орынбасары болған тұсында да аталған екі ауданның бірқатар мәселелерін шешуге ерекше жанашырлық танытып жүргені.

 

Серік еткен спортты

Шалқар спорты туралы айтқанда, ең алдымен, тіл ұшына Владимир Цеханович мектебі оралады. Шалқар қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейін армия қатарында азаматтық борышын өтеп келген жас жігіт осындағы локомотив депосында слесарьлықтан еңбек жолын бастап, инженер дәрежесіне дейін көтеріледі. Ол жұмыс істей жүріп теміржол клубы жанынан классикалық күрес секциясын ашады. Осы шағын секция келе-келе үлкен спорт мектебіне айналды. Жүздеген жас буынға жігер беріп, үлкен спортқа жетелеген жаттықтырушының өзі еңбегіне сай КСРО спорт шебері атанды, оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.
Рахаттың өзі де қатарластарымен бірге күреске барып жүрді. Секцияға мектеп бітіргенше қатысты. Бірнеше рет Қазақстанды айтпағанда, Ресей қалаларында өткен әртүрлі деңгейдегі сайыстарға қатысты. Институтта да боз кілемнен алыстаған жоқ.
— Біздің балалық шағымыздың серігі болған спорт мектебінен 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 спорт шебері тәрбиеленіп шықты. Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есенгелді Батырғарин — осы мектептің түлегі еді.
Парижде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы Мейрамбек Айнағұлов та осы мектептің мақтанышы, — дейді Рахат спорт тақырыбына әңгіме арнасы ауысқанда. — Басқаларын айтпағанда, медицина саласында атағы шыққан профессорлар Серік Ақшолақов, Сәлім Беркінбаев сынды елдің танымал азаматтары да күрес мектебінен өтті.
Бала кезінен спортты серік етіп өскен Рахат өзінен кейінгі жас буынның да ағалар жолымен жүргенін қалады. Сондықтан да қай жерде жүрмесін, спортты дамытуға жәрдемін аяғын емес.
Кешегі экономикалық тұрақсыздық тұсында аудан орталығындағы бұрынғы «Родина» деп аталатын кинотеатрдың жекеге арзан бағаға сатылатыны туралы хабар  тарағанда, Рахаң аудандағы газ мекемесін басқаратын еді, өзі облыстық мәслихаттың депутаты. Шыдай алмай, сол кездегі аудан әкімі Жеткерген Оралмағамбетовке барып, «мынадай ғимаратты қалай жекеге беріп жібереміз, өзіміз ұстайық, ел игілігіне жаратайық» деп жанайқайын білдірді. Оның ұсынысын жергілікті кәсіпкерлер де қолдады. Өзі бастап, газ жүргізіп, жылумен қамтуды шешті, азаматтардың күшімен күрделі жөндеу жасалып, ұсқыны кете бастаған кинотеатр үйі жаңарып шыға келді. Қазір мұнда қала балалары спорттың бірнеше түрімен шұғылданады.
Сол уақытта ашылған әртүрлі спорттық секцияларға талапты балалар қызығушылығы басым болды. Сондай ұмтылыстар нәтижесінде кейіннен Нұрбол Қалжанов бокстан әлемдік додаларға қатысып, жүлделі орындарды алып келіп жүрді.
Грек-рим, еркін және әйелдер күресі облыстық федерациясының президенті болып сайлануы да  Рахат Сыдықовтың спортқа ерекше жанашырлығын бағалау ретінен туындаса керек.
Ол қазір де бір мезгіл спорт залына барып, дене жаттығуларымен шұғылданады. Өмір бойы қалыптасып қалған дағды, сергектікке бейімдік оның жан серігі іспетті.

                                                                          *   *   * 

Ол ата тәрбиесін көріп өсті. Сыдық қария қасына алып жүріп, атқа мінгізді, шалғы шабуды үйретті, қойға дейін қырықтырды. Әжесі Қалдан немересін үлкендердің алдын кесіп өтпеуге тәрбиеледі.
Әкесі Мәжит бозбала кезінен-ақ жанына ертіп жүретін болды. Қаланың коммуналды шаруашылығының кем-кетігін сол кезден санасына сіңіріп үлгерген.
Кейін осының бәрінің пайдасы тиді. Азамат болып, еңбек бағаланып, кеудесіне орден тағып келген күні анасы Несібелі ырза болып, «Балам, сен әкеңнен де оздың ғой!» дегені бар-ды. Сонда қашаннан сабырлы қалпын сақтап, «Апа, маған «Абайды» талай оқытып едің ғой, сондағыдай маған Мәжитке жету қайда?!» деген.
Ия, қандай биікке шықса да, ол үшін әке шыңы аласармайды. Солай тәрбиеленген. Баласы Қайсарға да «Сен Мәжиттің немересісің! Сондықтан да жаман болуға қақың жоқ» деп үйретеді.
Ал Рахаңның өмірлік қосағы Жібек болса, қыздары Әсем мен Айнұрға әжелер тәрбиесін дарытқан секілді.
…Ел басқаратын жігіттің еңсесі биік келеді әдетте. Сондай сирек қасиетті тағдыры бойына лайықтап берген, қашанда топ ортасынан суырылып шығып, көпті алға бастап жүретін азаматтың алпысы оның айбынына айбар қосып, ел ағасының биік дәрежесіне көтеріп тұр бүгінде. «Азамат, сені сақтадым!» деп келетін арнау да Рахатқа лайық секілді. «Бір күніме керек деп…» деген сенім кез келген жігітке айтыла бермес, сірә!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button