Пікір

Ең бастысы — үйлесімді жұмыс жүргізу

  • Талқылау

Дана БЕКБАУОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

— Азық-түлік қауіпсіздігі қай ел үшін де — бірінші қажеттілік. Қазір әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатыр, аграрлы елдерде өнім алу көлемі де төмендеді.

Несиеге берілетін қаражат, су, тыңайтқыш жетіспеушілігі және басқа да көптеген факторлар аграрлық саланың дамуын тежейді. Бізде бұл саланың тиімділігін ауыл шаруашылығы техникасы паркінің ағымдағы жай-күйі де тежеп отыр: техниканың 80 пайызы тозды. Сондықтан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешен нарығына қатысушыларды Президент алға қойған міндеттерді орындау жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырады.

Айта кету керек, Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Ұлттық палатада ел басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар талқыланды.

Кеңейтілген отырыста Президент қазір Үкімет пен жалпы елдің алдында тұрған сын-қатерлерді атаған еді. Қазіргі уақытта Үкімет пен бизнес арасында диалог құру үшін ұсыныстарды әзірлеу, оларды ведомстволар өкілдерімен бірлесіп талқылау және кейіннен іске асырудың тетіктерін, мүмкіндіктер қарау қолға алынды. Әрбір министрлік жанынан салалық жұмыс топтары құрылған, сондай-ақ барлық негізгі мемлекеттік және ведомствоаралық комиссияларда палата өкілдері бар. Ұлттық палата фермерлерге қаржылық, басқа да қолдау көрсету үшін, қандай шаралар қажеттігін нақты айқындауға кірісті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа басшысы Райымбек Баталовтың сөзіне жүгінер болсақ, жеке бизнесті жоспарлау, орындау, мемлекеттік жоспарлау жүйесін бағалау сияқты кезеңдердің барлығына толыққанды әріптес ретінде тартпайынша, экономиканы нақты күтілетін деңгейде әртараптандыру мүмкін емес. Кәсіпкерлер тарапынан үнемі түрлі ұсыныстар айтылып жүр, бірақ ол ұсыныстар мемлекеттік органдардан әрдайым қолдау таба бермейді. Ал мемлекеттік жоспарлау жүйесі экономиканың түрлі салалары бойынша объективті, ең түйінді көрсеткіштерді негізге ала отырып құрылуы керек. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Сондай-ақ Президент ӨКМ операторының қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін, жеңілдетілген несие беру тетігін енгізуді тапсырды. Бірақ бұл жеткіліксіз болуы да мүмкін, өйткені барлық фермерлер өз техникасын жаңарта алып отырған жоқ. Бүгінде фермерлер өнімділігі жоғары техника сатып алған кезде, оның құнына қоса 7 миллион теңгеге дейін кәдеге жарату алымын, тағы да 12 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығын төлейді. Мұндай жағдайда фермерлердің көпшілігінің жаңа техникаға мүлде қолы жетпейді. Ауыл шаруашылығы техникасы үшін кәдеге жарату алымы жойылар болса, бұл технопаркті жаңартуға үлкен көмек болар еді. Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді орындау, экономиканы іс жүзінде әртараптандыру үшін, мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық үйлесімді түрде бірлесе жұмыс жүргізуі қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button