МәдениетРухани жаңғыру

Жәдігерлер жойылып кетпеуі үшін…

Қасиетті Қазақстан

Алматы қаласында Ақтөбе облысындағы Алмат тамы мавзолейі мен Досжан хазірет кешенінде жүргізілетін реставрация жұмыстарын талқылау, талдау және сараптау туралы ғылыми-әдістемелік кеңес өтті.

Қорымдар мен тарихи ескерткіштерді қорғау тақырыбындағы мұндай ғылыми кеңес Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен алғаш рет өткізіліп отыр.

Алдымен ақтөбелік және елімізге белгілі тарихшылар, өлкетанушылар, архитекторлар мен ғалымдарданғылыми-әдістемелік кеңес құрылды.

Ғылым ордасы ғимаратында өткен кеңес отырысын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жүргізді.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс әкімінің қолдауымен «Рухани  жаңғыру» бағдарламасындағы«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында 2019-2021 және 2022-2024 жылдарға арналған арнайы жол картасы әзірленген.

Алматы қаласында өткен ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында күн тәртібіне Алмат тамы мавзолейі мен Досжан хазірет кешенін реставрациялау мәселесі қойылды.

Алмат тамы мавзолейі бойынша «Күмбез» ғылыми-жобалау- жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Халықаралық ИКОМОС Ұлттық комитетінің Қазақстандағы сарапшысы Наталья Турекулова баяндама жасады.

Осы жылдар ішінде тарихи орындарды қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып отырды. Қазіргі таңда бірнеше нысан реставрациядан өткізіліп жатыр. Солардың бірі — Шәкен ишан мешіті мен Абат-Байтақ қорымы.  Ал Алмат тамы мавзолейі мен Досжан хазірет кешенін реставрациялауға 2 жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Досжан хазірет кешені ашық аспан астындағы музей болмақ. Ескерткіштерді сақтау, қайта қалпына келтіру мақсатында Алмат тамына 26,9 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс негізінде «Күмбез» ғылыми-жобалау-жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 19 миллион 700 мың теңгеге жаңартпақ.

Досжан хазірет кешенін жаңғыртуға 10 миллион теңге бөлінген. «Архрест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас архитекторы Сәдуақас Ағытаев кешенді  реставрациялау алдындағызерттеу жұмыстарының қалай жүргізілгенін баяндады.

Ғылым ордасындағы ғылыми кеңесте  ғалымдар бұл екі нысан бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Тарихи орындарды зерттеуде 40 жылдық тәжірибесі бар ғалымдар мұндай кездесуді үлкен қуанышпен қабылдады. Олардың айтуынша, алдағы уақытта әр өңір осындай жұмыстарды жүргізіп отыруға тиіс. Тарихи істе арнайы мамандар мен тархшылардың, ғалымдардың, архитекторлардың ортақ шешімі маңызды. Ғылыми кеңеске қатысқандар бұл бағытта Ақтөбе облысы үлгі көрсетіп отырғанын айтты.

Досжан хазірет мешітін 1979 жылы, Алмат тамын 1983 жылдан бері зерттеп келе жатқан тарихшы, этнолог Серік Әжіғали ескерткіштерді зерттеу, анықтау, қалпына келтіру туралы пікірін білдірді.

— Ақтөбе облысы тарихи ескерткіштерге өте бай. Абат-Байтақ секілді ортағасырлық архитектуралық ескерткіштері көп. Доңызтаудағы ескерткіштердің бізге белгісіз, ашылмай жатқан жұмбағы көп. Алмат тамы — 19-ғасырдың аяғында пайда болған ескерткіш. Алмат Тобабергенұлы көпті көрген, сауатты, білімді адам болған. Ескерткіштің ерекшелігі сол —  елімізде мұндай ескерткіш жоқ.

Қазір көптеген ескерткіштер құлап, жойылып бара жатыр.Соларды заманауи құрылыс материалдармен қаптап, жаңартып жатырмыз. Барлық жерде осындай әдіс пайда болды. Алайда, мұндай шаруаны бәріміз жиналып, бірге талқылауға тиіспіз. Ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына асығыстық жасамаған дұрыс. Біздің бұл жиынымыз осындай маңызды мәселелені жеті рет өлшеп, бір рет кесуге арналған, — дейді С.Әжіғали.

Ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай ескерткіштер табиғи жолмен қалпына келтірілу керектігін айтады.Оған мүмкіндік бар. Мәселен, Абат-Байтақ кесенесі солай жасалған.

«Архерст» ЖШС бас архитекторы Сәдуақас Ағытаев та реставрация жасағанда оның сапасына қатты мән берілуі керек дейді. Оның пікірінше, қазір ескерткіштердің сырты заманауи материалдармен  қапталып жатыр. Бірақ сол қаптамалар ескерткіштердің ескіруін тездетуі мүмкін, өйткені қаңылтыр мен темірлерден ылғал пайда болып, қабырғаларының тез мүжілуіне, тастардың үгітілуіне әкеп соқтырады.

Ғылыми кеңес отырысында барлық ұсыныс-пікірлер ескеріліп, алдағы жұмыстардың сапалы орындалуы туралы жан-жақты қызу талқыланды.

Жиынды қорытындылаған Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов тарихи ескерткіштерді сақтаудың түрлі жолдары бар екенін, осы орайда ғылыми кеңестің шешіміне жүгіну керектігін айтты.

Біздің басты мақсатымыз — мешіттер мен ескерткіштердің сұлбасын сақтап қалу. Егер кемшіліктер болса, онда осындай басқосулардың болмағанынан деп білемін. Сол себепті ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізер алдында мамандар мен ғалымдар, тарихшылар жиналған кеңес міндетті түрде өткізілуі керек. Бұл — алғашқы қадам. Бұдан былай ғылыми кеңестің шешімі бойынша әрекет етілетін болады. Қателіктерді түзеуге уақыт кеш емес. Алдағы жоспарларды бірлесіп жүзеге асырамыз, — деді облыс әкімінің кеңесшісі.

Айта кетсек, Ақтөбе облысы бойынша 859 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Оның 9-ы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне алынса, 850-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген.

Қазіргі уақытта облыс аумағындағы Абат-Байтақ қорымына, Алмат тамы мавзолейіне, Шәкен ишан мешітіне, Досжан хазірет мешіт-қорымына реставрация, консервация жұмыстары жүргізілуде.

Келесі жылы «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енгізілген Мұғалжар ауданындағы Көк мешітке, Шалқар ауданындағы Балғасын кешеніндегі Оңалбек ата мавзолейіне реставрация жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button