Спорт

Ел чемпионаты басталды

Жүзу

Сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Достық» су спорты кешенінде тірек қызметі зақымданған, есту және көру қабілеті нашар адамдар арасында жүзуден ел чемпионатының ашылу рәсімі өтті.

Дүбірлі додаға еліміздің 13 облысынан және  республикалық маңызы бар 3 қаласынан 120-дан аса спортшы келді. Қатысушылар арасында Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина бар. Ал өңір намысын 6 спортшы қорғайды.

Жарыс халықаралық дәрежедегі ережелерге сәйкес өтіп жатыр. Биыл Ақтөбеде екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Қазір мүмкіндігі шектеулі жандар арасында су спортына деген қызығушылық артып келеді. Бүгінгі жарыста әр өңірдің үздіктері өзара бақ сынасатын болады. Олардың арасында жерлесіміз, жүзуден Әлем кубогының алтын медаль иегері  Шахан Жолдасбаев бар. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз, — дейді облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.

Чемпионат үш күнге жалғасады. Жеңімпаздар ұлттық құрама сапына кіріп, ел намысын халықаралық аренада қорғайтын болады.

Олимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина спорт жеңіске жетуге үйретіп қана қоймай, өмір сүруге деген құштарлықты арттырғанын айтады.

—  Мен әрдайым қолымнан келетін жұмысты жан-жақты зерттедім. Іс тіктім, қолөнермен айналыстым. Бірақ бұлар менің жан қалауым емес екенін түсіндім. Содан бастапқыда өзімнің денсаулығым үшін, кейін суда жүзуден жарыстарға қатыса бастадым. Ол уақытта еліміз енді егемендік алып жатқан кез. Алғашқы республикалық турнирлер ұйымдастырыла бастады. Ең бірінші алған медалім әлі есімде. Алғашқы жеңістерді бағындырғаннан кейін олимпиада ойындарына қатысу басты мақсатым болды. 2012 жылы ол арманым орындалды. Алайда жеңімпаз бола алмадым. Жай қатысуды емес, медаль алуды мақсат қылу керек екенін түсіндім. Төрт жылдан кейін Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында алтын жүлде алып, әлемдік рекордқа қол жеткіздім. Сенбедім жеңгеніме. Бір жылап, бір күлдім. Марапат алып, Әнұранымыздың алғашқы ноталарын естігенде кеудемді мақтаныш кернеді. Мен осы медальға қол жеткізу үшін 25 жыл еңбектендім.

Қазір жүрген жерімде жастар қасыма келіп, сұрақ қойып, кеңес алып жатады. Мен олардың талпыныстарына риза болып отырамын, — дейді спортшы.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button