Мереке

Ақтөбелік жұлдыздардың сағынышы

Достық үйінде ақтөбелік жұлдыздардың наурыз-думаны өтті.

Елордамыз Астана мен өнер ордасы Алматыда жүрген ақтөбелік өнерпаздар туған жерге деген сағыныштарын әнмен жеткізуді жөн көріп, концерт қоюды дәстүрге айналдырып отыр. Былтырғы осындай кеш те Ақтөбе жұртының есінде.

Биылғы кеште қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаева мен әнші Аллаберген Жақсыбаевты жүргізуші ретінде көрдік.

Байғанин өңірінің перзенті, халыққа «Анашым-әкешім» әнімен кеңірек танылған Есет Сәдуақасов бірнеше ән шырқады. Ал Шалқардың ерке қызы, термеші Айгүл Елшібаева «айтайық қонақ кәде» деп, бірқатар термелермен қатар, үлкен сахнаға жолдама алып берген — Сүгірдің термесін нәшіне келтіре орындады.

Ал «ауылдың алты ауызы» деп, «Шалқардан ұшқан аққулар» тобының әншісі Елдос Жұмағұлов «Он алты қыз» әнін айтты, «Аққу» би ансамблінің бишілері мың бұралып биледі. Ал Ырғыздан шыққан сықақ сарбазы, «Әзіл-мәзір» әзіл-сықақ телебағдарламасының жетекшісі, кинорежиссер Кенжебек Шайқақов бұл кеште достарымен бірге көрерменге күлкі сыйлады.

Мерекелік кешті тамашалап отырған қала әкімі Архимед Мұхамбетов думанның нақ ортасында сахна төріне көтеріліп, залда отырған көрермендерді Наурыз мерекесімен құттықтап, ақтөбелік жұлдыздарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Содан соң концерт одан әрі жалғасты. Айгүл Елшібаева сахнаға екінші қайтара шығып, бұл жолы «Ән-аға», «Жайықтың толқындары» секілді көңіл толқынын тудыратын сазды әуендерді сызылтты.

Шалқардың түлегі Жанар Айжанованы көпшілік ерекше құрметпен қарсы алды. Ол «Сусамыр — елдің жайлауы», «Сәулем-ай», «Ақ қанатты ән» әндерімен бірге, өзінің сазгерлік алғашқы қадамының жемісі — «Қыз ұзату» туындысын тыңдармандар талғамына ұсынды. Ал Әйтеке би ауданынан шыққан әнші Аллаберген Жақсыбаев елге сағынышын «Сағыныш» әні арқылы білдірді. Сондай-ақ  «Гүлім», «Сен қайда жүрсің?», «Бауырларыма», «Ұмытпа мені» атты әуендер көпшіліктің алақан соғып, қолдауы үстінде тыңдалды.

Атамекеннен алыста жүрген ақтөбелік өнер жұлдыздары осылайша жерлестерін мерекелік көңіл күйге бөледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button