Мәдениет

Бабадан жеткен асыл сөз

Жыршылар байқауы

Наурызбек жыраудың туғанына 90 жыл толуына орай Ақтөбеде «Толғау да толғау сөздер бар» атты облыстық жыршылар байқауы өтті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы біздің өңірде кеңестік заманның соңғы тұсында үзіліп қалған қазақтың жыршылық дәстүрін қайта жаңғырту, насихаттау, жас таланттарды осы өнерге баулу мақсатымен көптеген істерге ұйытқы болып отыр. Былтыр орталықтың жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылып, сондай-ақ «Едіге деген ер екен» деген атпен облыстық жыршылар байқауы өткізілген болатын. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, биылғы байқауды да осы халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды.

Наурызбек Нұржаубайұлы 1932 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келгенімен, арғы атақонысы — Шалқар өңірі. Ол өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық, саяси дүрбелеңдердің салдарынан жат жерге қоныс аударуға мәжбүр болған әулетте дүниеге келіпті. Өзі туып-өскен өңірдегі қазақтың ортасынан шыққан Оразбай, Құдайберген, Жақсылық сынды жыраулардан тәлім алып, халқымыздың жыршылық дәстүрін дамытып, өзінің жеке мектебін қалыптастырған.

Бабадан қалған ұлы өнерді қайта жаңғырту, жалғастыру мақсатымен, 1992 жылы Ақтөбеде педагогикалық институтында жыршы-термешілер студиясы ашылғанда осы Наурызбек жыраудан бата алынған екен.

Наурызбек жыраудың рухына арнап ұйымдастырылған жыршылар байқауы оның балалық шағына қатысты шағын көрініспен басталды. Наурызбектің анасы жыршы-жыраулар әулетінен шыққан. Сол ананың аманатымен ол бала күнінен-ақ қолына домбыра ұстаған. «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірті Сұлтан Қарағұл көріністе бала Наурызбектің рөлінде ойнай жүріп, оның мұрасын одан әрі жалғайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанына тағы бір көзімізді жеткізді.

Байқаудың ашылуында қазылар алқасының төрағасы, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин сонау көне заманнан жалғасып келе жатқан бабалардың асыл сөзі мен төл мақамын бүгінгі ұрпаққа жеткізудегі Наурызбек жыраудың зор еңбегін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Наурызбек жыраудың «Толғау да толғау сөздер бар» атты жаңа кітабы таныстырылды.

Қазылар алқасының құрамында Наурызбек жыраудың шәкірті Аманкелді Сәңкібаев пен баласы Абай Наурызбекұлы да болды. Жыраудың ұлы да сахнаға көтеріліп, аз ғана естелікпен бірге, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді:

— Бала күнімізде қайда барса да, домбырасын қолынан тастамай, өзімен бірге алып жүретін қарияларды көріп өскен едік. Халқымыз жырауларды ерекше құрметтеген. Сол асыл өнердің үзілмей, жалғасын таба беретініне, міне, тағы бір куә болып отырмыз, — деді ол.

Байқауға Ақтөбе қаласынан және аудандардан 15 адам қатысты. Олардың басым көпшілігі — жастар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде оқып, сондай-ақ облыс пен аудан орталықтарындағы саз мектептерінде сабақ беріп жүрген өнерлі жастар.

Қатысушылар, байқаудың шартына сай, екі шығармадан орындады: оның бірі — Наурызбек жыраудың шығармасы, екіншісін өз қалауларына қарай таңдап, ұсынды. Негізінен, Наурызбек жыраудың «Домбыраны қолға алып», «Сөз басы», «Ал, жігіттер, сал құлақ», «Өтеді талай қызық тіршілікте», «Ащы да менен тұщының» сынды терме-толғаулары мен Базар жырау, Сарышолақ шайыр Боранбайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Әлима ақын, Нұрпейіс Байғанин, Кердері Құдайбергеннің шығармалары көбірек орындалды.

Өткен жылғы жыршылар байқауында А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің

2-курс оқушысы Самал Медеубаева жеңімпаз атанған болатын. Биылғы байқауда да қыздарымыздың мерейі үстем болды. Өнері, саны жағынан жігіттер мен қыздар тең болғанымен, байқау барысында, расында, қыздардың дайындығы басым көрінгенін айта кету керек.

Сонымен, бас жүлдені Жанерке Құттығай иеленді. І орынды хромтаулық Альбина Сабырова алса, ІІ орынға Самал Медеубаева мен Бақыт Арыстанғалиева ие болды.

ІІІ орын да екі адамға — шалқарлық Асылхан Дәрібаев пен қобдалық Бердібай Тойғұлиевке бұйырды. Сондай-ақ Сарышолақ шайыр мен Нұрпейіс Байғанин атындағы жүлделер де табысталды. Оның алғашқысын — Әкімжан Жеңіс, екіншісін Дария Жұмағұлова иеленді.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлдесіз қалған қатысушыларға да 50 мың теңгеден берілді.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button