Спорт

Қазақстан құрамасы көш бастап тұр

Ұлттар Лигасы

Қазақ футболының ілгері баспай келе жатқаны туралы әңгіме жеткілікті түрде айтылып-ақ келе жатқаны рас.

Осы маусым айында Ұлттар Лигасы ойындары басталар шақта да ерінбегендер сол мәселені және бір ежіктей екшелеп шықты. Дегенмен біржола түңілмегендер де жоқ емес-ті. Олар құрамаға келген жаңа бас бапкерден (19-шы бас бапкерден), Магомед Адиевтан, аз да болса, үміт күтті. Көп үміт күтілмейтін себеп — кей кездесулерде әжептәуір ойнағанымен де, біздің футболшыларымыз өз бәсекелестерінен озып жарытпайтын.

Бәсекелес дегенде, Ұлттар Лигасы командаларды топқа бас-көз жоқ біріктіре салмайды. Әр елдің командасына шамасы өзімен деңгейлес құрамалар ұсынылады. Мысалы, осы Лиганың бұдан бұрынғы (2020/2021) сайысында Қазақстан құрамасы Албания, Литва, Беларусь командаларымен бір топқа түсіп, 6 ойынның нәтижесінде 1 ғана ұтысқа жетіп, 1 рет тең ойнап, 4 рет жеңіліп, топ соңында тезек теріп қалғаны мәлім.

Биылғы жаңа додаға (2022/2023) сондай естеліктермен жеткен біздің құрамамызға енді Словакия, Беларусь, Әзірбайжан футболшылары ұсынылған.

Өз жігіттерімізге аса зор сеніміміз болмаса да, әуелі 3 маусымда өз алаңымызда өткен алғашқы кездесуді бақыладық. Қарсыластарымыз Әзірбайжан құрамасы еді. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында ерсілі-қарсылы сөйлеген әзірбайжандық команданың бас бапкері италиялық  Джованни Де Бьязидің лебізінен қазақстандық футболшыларды менсінбеушілік лебі есті де тұрды. Ол бұл топта (С лигасы, 3-топ) Словакиядан басқа дені дұрыс құрама жоқтығын көпірте айтты. «Солай-ақ болсын» дедік. Алаңға көз тіктік.

Біздің құрам — Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Елдос Ахметов (Сергей Малый, 80-минут), Бағдат Қайыров, Асхат Тағыберген, капитан (Самат Жарынбетов, 85-минут), Аслан Дарабаев, Эльхан Астанов (Исламбек Қуат, 73-минут), Бауыржан Байтана (Рамазан Оразов, 46-минут), Абат Айымбетов (Артур Шушеначев, 80-минут) бірінші таймда екіұдай сезімге қалдырғанымен, екінші таймда тізгінді біржола қолға алды да, он минутта таблоны екі рет жарқ еткізді. 50-ші және 60-минуттарда Абат Айымбетов қарсыластар қақпасына екі гол тоғытты. Және бұл ретте 60-минутта Рамазан Оразовтың әзірбайжандық қақпашы Шахруддин Магомедалиевтің қақпасына енгізген және бір добы есепке алынбай қалғанын да атап өткен жөн.

Ал Словакияның Трнава қаласында 6 маусымда жергілікті ұлттық құрамаға қарсы өткізетін ойын бұдан әлдеқайда қиындау соғатыны әбден түсінікті еді. Әзірбайжанның италиялық бапкері айтпаса да, Словакия құрамасы осы топтағы фаворит екені әркімге де мәлім болатын.

Бірақ алаңға тас түйін әзірлікпен шыққан біздің құрама — Игорь Шацкий (қақпашы), Тимур Досмағамбетов, Нұралы Әліп, Сергей Малый, Александр Марочкин, Михаил Габышев (Бағдат Қайыров, 65-минут), Исламбек Қуат (капитан), Аслан Дарабаев (Самат Жарынбетов, 73-минут), Эльхан Астанов (Владислав Васильев, 73-минут), Рамазан Оразов (Ян Вороговский, 59-минут), Абат Айымбетов (Артур Шушеначев, 65-минут) еш ойланбастан бірден жойқын шабуылға шықты. Мұндайды күтпеді ме, әйтеуір, словакиялық футболшылардың берекесі қашумен болды. Сөйтіп жүргенде 26-минутта қарсыластардың айып алаңында Эльхан Астанов тастаған допты Аслан Дарабаев қақпаға қарата қақырата тепті де, словакиялық қақпашы Марек Родакты қапы қалдырды. Бұдан соң алаң иелері есе қайтаруға жанталаса тырысып-ақ бақты. Бірақ бір жарым тайм бойы жанкештілікпен ойнаған жерлестеріміз осы есепті сақтап қалды. Рас, словак Ладислав Алмаси біздің қақпаны дәл нысанаға алды. Бірақ VAR арқылы тексерген төрешілер бұл голдың ереже бұзу арқылы соғылғанын анықтап, ақыр соңында, қазақстандықтар сырт алаңда да үш ұпай олжалады.

Бұл жеңісті еуропалық футбол мамандары да, жанкүйерлер де сенсация ретінде қабылдады.

Біз қысқаша әңгімелеген екі кездесуде де жерлес футболшыларымыздың бұған дейін ашылмай келген жаңа қасиеттеріне куә болдық. Олар алаңның әр шаршы метрінде де жан аямай ойнады. Онда да, бұрынғыдай пайдасыз алаөкпе жүгіріспен емес, әр қимылды есепке жүгіндірген ақылды тәсілмен ойнады. Ойынның екінші бөлігінде тапырақтап қалатын дерттен арылған сыңайлы. Бұл ретте бас бапкер Магомед Адиевтің біздің құраманы жаңа тактикаға үйрете бастағаны аңғарылып-ақ тұрды. Әрине, қазірге дейін екі-ақ кездесу өтті. Сонда да болса, жерлестеріміздің ендігі кездесулеріне немқұрайды қарай алмайтынымызды сездік.

Екі турдың нәтижелері:

3 маусым. Қазақстан-Әзірбайжан — 2:0

3 маусым. Беларусь-Словакия — 0:1

6 маусым. Беларусь-Әзірбайжан — 0:0

6 маусым. Словакия-Қазақстан — 0:1.

Сонымен, екі турдан соң 6 ұпаймен Қазақстан құрамасы көш бастап тұр. Екінші орында — 3 ұпайы бар Словакия. 1 ұпайдан жинаған Беларусь пен Әзірбайжан құрамалары 3-4 орындарға жайғасты.

Осы маусым айының алдағы күндерінде және төрт кездесу өтеді:

10 маусым. Әзірбайжан — Словакия

10 маусым. Беларусь — Қазақстан

13 маусым. Қазақстан — Словакия

13 маусым. Әзірбайжан — Беларусь

Әрине, он күннің ішінде төрт ойын (және қандай ойындар десеңізші) өткізу қай құрамаға да оңайға соқпасы белгілі. Дегенмен Лиганың тәртібі солай. Одан әрі кездесулер қыркүйек айында жалғасын табады. Айтпақшы, Қазақстан құрамасынан жеңілгеннен кейін Словакияның бас бапкер Штефан Таркович қызметінен босатылды.

Сөз соңында айта кетер бір жайт, биылғы кездесулерде ойын ережесін бұзу, дөрекі қимылдар жасау көбірек орын алып кетті. Жанкүйерлер жарақат алу салдарынан футболшылардың алаңды тастап шыққан сәттеріне де бірнеше рет куә болды. Жасыратыны жоқ, бұл ретте біздің құрамамыз да сүттен ақ, судан таза бола алмай тұр. Қазірге дейін 9 футболшымыз «сары қағаз» алып үлгерді: А.Марочкин, Е.Ахметов, И.Қуат, Т.Досмағамбетов, Н.Әліп, И.Щацкий, А.Шушеначев, С.Малый, Б.Қайыров. Ал бұл футболшыларымыз енді ескерту қағазын ала қалса, қатарымыз сиреп қалмай ма?

Дегенмен мұны бас бапкер де, ойыншылар да бек түсінетіні белгілі.

Жігіттерімізге жеңісті ойындар тілейміз.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button