Референдум

Жастар референдумға белсенді түрде қатысып жатыр

Бүгін Ақтөбе қаласындағы №71 орта мектепте орналасқан №538 дауыс беру учаскесіне жергілікті тұрғындар референдумға қатысу үшін таңғы сағат 7-ден бастап келді.

Бұл жерде 30 минут ішінде 40-қа жуық адам өз таңдауын жасады.
Аталған учаскеге келіп дауыс бергендердің бірі — Аяулым Сағидоллақызы. Ол бүгін, 5 маусымда, 18 жасқа толып отыр. Туған күнінде алғаш болып референдумға қатысып, дауыс берген Аяулым елде болып жатқан өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.
— Медициналық колледжде оқимын. Елімізде болып жатқан реформаларды қолдаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен мемлекетімізде оң өзгерістер, жақсы жаңалықтар болып жатыр. Бүгін 18 жасқа толып, алғаш рет референдумға қатысу мен үшін ерекше жағдай болды, — дейді ол.
Ал осы мектепте орналасқан №552 дауыс беру учаскесіне өзінің таңдауын жасауға келген Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы Жасұлан Қайдосов жастар еліміздегі оң өзгерістерді қолдайтынын, ел болашағы үшін қашанда адал қызмет етуге дайын екендігін жеткізді.
— Бүгін мен де өзгелер сияқты өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. Мұндай саяси шараға атсалысу — барша қазақстандықтардың міндеті. Себебі осы елде тұрып жатқан әрбір адам мемлекеттің дамуына, оның болашағына, Президенттің бастамаларына қолдау танытып, қатысуға тиіс, — дейді ол.
№552 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Лаура Досхожаның айтуынша, референдумға қатысып жатқан үлкендердің де, жастардың да белсенділігі жоғары.
— Таңғы 7-де келіп, дауыс бергендер көп. Тұрғындар өте белсенді. Жастардың да қатары көп. Жасұлан сияқты студенттер келіп, таңдауларын жасап жатыр. Ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ. Жалпы біздің учаскеге 2208 адам тіркелген, — дейді ол.
Ал №109 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Анаргүл Сақтағанова референдумның әділ, ешқандай құқықбұзушылықсыз өтіп жатқанын айтты. Мұнда келушілер саны көп. Таңғы 7.00-ден 11.00-ге дейін 500-ге жуық адам келіп, дауыс берген.
Өз таңдауын жасауға келгендердің бірі — Әйгерім Әмірова. Ол референдумға кішкентай баласымен келіпті. Жас келіншек Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдайтынын айтады.
— Қасым-Жомарт Тоқаевты қатты құрметтеймін, ел, халық үшін жаңа өзгерістер, жақсы реформалар жасап жатыр. Барлық бастамаларын қолдаймын. Кішкентай баламен үйде отырсам да, осы саяси шарадан қалмай, өз дауысымды бердім. Әр азамат осы референдумға келіп қатысса, еліміздің жарқын болашағына үлес қосып жатқанын түсінуі керек. Мұның бәрі біздің, балаларымыздың игілігі үшін жасалып жатыр ғой, — дейді Ә.Әмірова.
Айта кету керек, бұл учаскеге тіркелгендердің арасында Ұлы Отан соғысының ардагері, 101 жастағы қария Сатылған Бекмағамбетов бар. Қарт кісі ауырып, дауыс беруге келе алмапты. Алайда ол учаске өкілдерінің көмегімен үйінен дауыс береді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button