Баспаханадан басталған жол
Қолына қаламын ұстап, қоғамның әр құбылысына алаңын білдіріп отыратын журналист ағайындардың өзіндік бір буындары қалыптасқан. Солардың бір тобының — соғыс жылы дүниеге келгендердің қатарында Ұзақбай Төлебаевтың есімі ерекше аталатын жайы бар.
Бүгінде жетпіс атты тоқтамы мол, кейінге қайырылып қарауы көбірек кездесетін жасқа жігерлі қалпымен, бәз-баяғы сергек те сенімді күйінде келіп отырғаны оны өз қатарластарынан бөлектеу етіп көрсететіні және рас.
Оның бүкіл саналы ғұмыры журналистика саласында өтіп келеді. Балаң кезде Шалқардағы аудандық баспаханада басталған жол сөз құдіретін сезінетін үлкен айдынға шығарды. Осы өзі таңдаған мамандықтың арқасында талай жақсылармен жүздесті.
Негізінде журналист қалай болғанда да өмірдің күнгей жағын көрсетуге ұмтылады. Тіпті қараңғы түнектің ішінен сәуле іздеп, тіршіліктің кейбір керітартпа құбылыстарынан түңілген жұртты сол жарыққа қарай жақындатуға жағдай жасайтын сәттер де кездеспей қалмайды. Ұзекеңнің сонау балаң шағында осындай әдемі әрекетке барамын деген қадамы өзіне қауіп төндіргені де бар. Бүгінде талай жолдар артта қалып, кейінгі жаққа байыппен қарап отырғанда ең алдымен сондай жайлардың ойға оралатыны бар.
Бұл былай болып еді. 1964 жылдың қояны қалың қарымен келген болатын. Барлық жерде малды қыстан аман алып шығу сынға айналды. Сондай сәтте үш жыл армия қатарында болып келген, сосын аудандық газеттегі бұрынғы қызметіне қайта кіріскен жауынгерді Аяққұмдағы қой ауылға уақытша көмекке жібереді.
«Әлі есімде, — деп сол күндерді Ұзекең тебірене еске алады, — әуелі аудан орталығынан сол жерге жету мұң болды. Барғасын жан түршігерлік көрініске тап болдым. Отардағы саулық қойлар бірінің жүнін бірі жұлып жатыр екен».
Қолындағы қаламын бір жарым ай қойшы құрығына айырбастаған жас журналист қалаға қайтарда ашық машина үстінде жаурап, әрең жетеді. Келгесін жоқтан бар жасап, мал қыстату тәуір өтіп жатыр, шопандардың еңбекке құлшынысы керемет деген ыңғайда мақала жазып, газетке беріп жібереді.
Ертеңіне аупартком хатшысы Айша Мұқашева апай шақырып алып, жас жігіттің шаңын әбден қағады. «Қой жаппай қырылып жатыр, неге өтірік жазасың?» деп, оның мәселесін бюрода қарауға ыңғайлай бастайды. Сол кезде аудандық газеттің басшысы, беделді аға журналист Тілеужан Шойғарин ара түсіп, тура келген қауіптің бетін бір қайтарғанын ол әлі күнге дейін ұмытпайды.
… Кезінде №4 ауыл деп аталған Талдықұмда дүниеге келген ол әлі күнге дейін сол жаққа бүйрегі бұрып тұратынын жасырмайды. Балалық шағы өткен, ата-баба мекеніне айналған жер қашан да ыстық, ол туралы ойласа көкірегін жылы бір сәуле жылытып тұратыны бар. Кешегі ауылдар қалаға жаппай көше бастаған тұста азаматтардың арасынан біреуі суырылып шығып, жерлестерін ортақ шаруаға бастап, қашаннан шұрайлы мекенді, құтты қонысты баяғыдай сақтап қала алмағанына қынжылады. Әрине, өзі сыртта жүріп, біреулерге өкпе де айта алмайды. Бірақ елге анда-санда, айында-жылында дегендей кеудесін сағыныш буып барғанда, бәз-баяғыдай қаймағы бұзылмай отырғанын жақсы көргендей болатыны бар.
Шалқар қаласындағы №1 орта мектепті 1958 жылы бітірген соң ауылда еңбек етіп, арада бір жыл өткеріп, аудандық баспаханаға келді. Сол уақытта осында баспашы болып жұмыс істеп жүрген Үмбетбай Уайдин Алматыға оқуға кетті де, соның орнына тұра қалды. Газет шығатын күні түнімен жүреді, бірақ шаршамайды. Журналистикаға шынайы құштарлығы да сол кезден басталған болар, сірә. Сол кезде Тілеужан аға бастаған қуатты журналистер тобы шығарған аудандық басылым халық арасында үлкен беделге ие болатын. Солардың маңында жүріп, сөз құдіретін ұғыну, «болмаса да ұқсап бағуға ұмтылу» керемет әсер туғызатын балаң жігіт үшін.
Баспаханада еңбек еткен бір жыл әп дегенде өте шығып, он тоғызға толған ол армия қатарына шақырылады. Ресейдің Томск қаласында үш жыл үш ай керзі етікті табанынан тоздырып, әскери өмірдің дәмін татты. Сол уақыт ішінде де өзінің сүйікті ұжымымен байланысын үзбей, хатпен хабарласып тұрды. Ал армиядан қайтып келгенде мұндағылар оны құшақ жая қарсы алды.
Еңбекте шыңдалып, армия қатарында талай сыннан өткен солдат өз қатарынан кешеуілдеп болса да, жоғары оқу орнының табалдырығын батыл аттады. Бұл кезде ол журналистиканың әліппесін практикада үйреніп, мамандық таңдаудың тура жолына түскен еді.
Ол кезде журналистика бөлімі филология факультетінің құрамында. Тауман Амандосов, Қайыржан Бекқожин, Қабижан Құсайынов, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Тұрарбеков секілді үлкен ұстаздардың алдын көрді. Кураторы Әбілфайыз Ыдырысовтың сабағына ерекше ден қоятын еді, газетті көркемдеу, безендірудің қыр-сырына қызыға үңілгені кейін көп пайдасын тигізді.
Студенттік кездегі қызықты сәттерді әлі күнге дейін әңгімелеп қоятыны бар Ұзекеңнің. Сағат Әшімбаев, Нұрлан Оразалин секілді әдебиетіміздің танымал тұлғаларымен бір курста оқыпты. Белгілі сатирик Қажытай Ілиясовты біраз қамқорлап жүргенін әзілдеп айтып қоятыны бар сөз арасында. Атақты Кененнің ұлы Бақытжан Әзірбаевтың гитараға қосылып айтатын әуезді әндері әлі күнге дейін құлағында. Ақтөбеден бірге оқыған Қуаныш Тектіғұловпен кейін елге оралғасын да біраз уақыт тізе қосып бірге жүрді.
1969 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң Ақтөбедегі облыстық баспасөз басқармасында инспектор болып қызметке кірісті. Содан соң облыстық телевизия және радио комитетінде редактор, аға редактор қызметтерін атқарды.
1979-1981 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқып келген соң жолдамамен облыстық «Коммунизм жолы» газетіне жіберді. Содан кейінгі біраз ғұмыр осы басылыммен бірге өрбіді.
Облыстық басылымда ол жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы қызметтері тізгінін ұстады. Негізінде газеттің сапалы дайындалуы, материалдарының оңтайлы орналасуы, ажары ашылып берілуі секретариат қызметкеріне байланысты. Осындайда баяғы студент кездеріндегі Әбілфайыз ұстазының қолына сызғыштың сан түрін ұстап тұрып, санаға сараптап құйған тәлімдері алдынан талай шыққаны бар.
Кешегі тоқсаныншы жылдары газет қызметкерлері де қиындау кезді бастан өткергені бар. Журналистер бес-алты айлап жалақы жүзін көрмей кетті. Сондайда ірі-ірі кәсіпорын-мекемелермен тығыз байланыста еңбек ету, олардың қызметін жарнамалау арқылы қаржы табу міндеті шығармашылықпен шұғылданатын қызметкерлердің алдына да міндет етіп қойылды. Қаламы жүйрік журналистің көбісі мұндай тірліктің түйінін табуға тіпті икемсіз болып шықты. Сол тұста Ұзекеңнің атының бәйгеден озып жүргенін қаламдастарының көбісі әлі ұмыта қойған жоқ. Ол барып келген жерден көп ұзамай-ақ редакция қоржынына қомақты қаржы құйылып жататын болды. Секретариаттың тынымсыз тірлігі арасында уақыт тауып қаламына да ерік береді. Сөйтіп, нарық заңын ол үлкенді-кішілі әріптестерінен бұрын игеріп алды.
Ұзекеңнің бойына біткен бір қасиеті – демалыс алып, тыныс тауып отырғанды қаламайтындығы. Әйтеуір іс тетігін тауып, ілгері бастырып жүргені. Ол «Ақтөбе» газетінен зейнет демалысына шыққан соң да бір күн уақытты бос өткізген емес. Зейнеткер-журналист бастапқыда «Жас талап» деп аталатын республикалық балалар газетін шығарысты. Одан кейін «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы қызметіне қол ұшын тигізді. Беріректе облыс көлемінде таралатын «Ұстаз» газетінің тізгінін қолға ұстады. Қазір тәжірибелі журналистің, қабырғалы қалам қайраткерінің қолына тиген мұғалімдер басылымы таралымы көбейіп, беделі арта түсуде.
Өткеннің өнегесін, жақсының шуағын тарату — Ұзекең ұстанған өмірлік бір мақсат іспеттес. Ол жастайынан ел басқарып, халық құрметіне бөленген, қырық үш жасында қыршын кеткен немере ағасы Мүтиғолла Садықовтың тәлім-тағылымын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Жалын-ғұмыр» деген кітаптың жарыққа шығуына ұйытқы болды.
Ұзекең туралы сөз қозғағанда айтылмай қалмайтын бір жәйт — оның отыз ұлды Достан бидің тікелей ұрпағы екендігі. Ол бабасындай би болмағанмен, би түсетін үлкен үйдің иесі. Өмірлік серігі Роза жеңгей алтын асықтай үш ұл тауып беріп, әулет жалғастығын жасады. Бүгінде Нұрлыбек, Жәнібек, Руслан мұнай өндіру саласында, заман ағымына сай кәсіпкерлікте қызу еңбек етіп жүр. Олардан тараған Достан, егіз перзент — Диажан, Диас және Далер, Әділ есімді немерелер атасы мен әжесінің көз қуанышына айналды. Келіндер Нұргүл, Бернара, Динара — тату абысындар, ибалы да инабатты тәлім иелері.
…Ұзақбай Төлебаевтың жанында жүріп, жазу мен сызудың қыр-сырын үйренген талай жас бүгінде көпшілікке танымал қалам иелеріне айналды. Олар әріптес, қаламдас ағаларына әлі де күн құрғатпай хабарласып, кеңесіп тұруды ұмытпайды. Ұзекең де ағалық ақ жарқын қалпынан ауытқымай, оларды жақсылық жолына қарай бағыттап отырудан жалыққан емес.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.




