Басты жаңалықтарМереке

Балалар патшалығы

Осы аптада Ақтөбе қаласындағы балабақшалар Халықаралық балаларды қорғау күніне орай әртүрлі форматта мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды. Бірі ертеңгілік әзірлесе, енді бірі сурет салудан, өнер көрсетуден сайыс өткізді. Ал бірқатар ата-ана балаларына қызықты кеш ұйымдастыру үшін аниматорлар шақырды. Біз облыс орталығындағы бірнеше балабақшаға барып, оларда өткен мерекелік шараларды, сондай-ақ білім беру ұйымының жеткен жетістіктерін көріп қайттық. Сонымен…

Ерекше балалардың ертеңгілігі

«Ақбота» балабақшасы — Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларды тәрбиелейтін жалғыз мектепке дейінгі білім беру ұйымы. Мұнда сөйлеу тілінде күрделі өзгешеліктері бар және көру қабілеті нашар балалар тәрбиеленеді. Бүгінде бұл ұйымда 120 бала бар. Олардың көбі алалия, ринолалия, кохлеарлы имплантация, страбизм, амблиопия, алыстан көргіштік, туа біткен миопия, астигматизм, катаракта, глаукома, көру жүйкесінің атрофиясы және т.б ауруларға шалдыққан.

Біздің тәрбиеленушілеріміз — ерекше балалар. Сондықтан олар ерекше күтімді, қарым-қатынасты қажет етеді. Бүгінде балабақшамызда олармен жұмыс істейтін офтальмолог, ортопед-медбике, логопед, тифлопед сияқты мамандарымыз бар. Сондай-ақ тәрбиешілер, музыка және спорт жетекшілері, қазақ және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері де еңбек етеді. Ұжымда қызмет жасайтын жас мамандарымыз да аз емес. Балабақшамызда аппарат бөлмесі, плеоптикалық, монтессори, сонымен қатар психолог, логопед, тифлопедагог кабинеттері, музыка және спортзалдары бар. Мәселен, ортоптист-медбике көру қабілеті бұзылған балаларды «Синоптофор СИН-1», «Амблиотренер» құрылғыларымен емдейді, — дейді балабақша меңгерушісі Жансая Измаева.

Оның айтуынша, 2019 жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен балабақшаға «Амблиокор-01» аппараты берілген. Содан бері мұндағы балалар осы құрылғының арқасында бейне-компьютерлік аутотренинг әдісімен емделеді. Бүгінге дейін осы аппарат арқылы 50-ге жуық бала ем алған. Нәтижесінде олардың көру қабілеті жақсарған.

Қазіргі таңда «Ақбота» балабақшасында көзі мүлдем көрмейтін бір және жанары 5-10 пайыз ғана көретін 4 бала тәрбиеленіп жатыр. Осындай көз жанары нашар көретін балалардың бірі — Нұрасыл Болатов. Оның жасы 6-да. Алдағы оқу жылында оны ата-анасы арнайы мектепке апармақшы. Нұрасыл өте зерек, жан-жағындағылардың барлығымен тез түсінісіп, тіл табыса кетеді екен. Тәрбиешілері оның өте ақылды бала екенін айтады.

— Нұрасыл топта өте белсенді, бауырмал, көпшіл. Ол қарындашпен сурет салады, түстерді де айыра біледі. Өлеңдерді тез жаттайды, есте сақтау қабілеті жақсы, — дейді топ тәрбиешісі Мәдина Хайретдинова.

Ал Нұрасылдың өзі ойыншық динозаврларды жинағанды жақсы көретінін айтады. Оның үйінде бүтін бір динозаврлар коллекциясы бар екен.

— Менің хоббиім — ойыншық динозаврлар жинау. Сондай-ақ олар туралы әңгімелерді, ертегілерді тыңдағанды ұнатамын. Мен жақында Алматыға барып, Көктөбені араладым. Бассейнге түсіп, дельфиндермен ойнадым, — деді Нұрасыл ағынан жарылып.

Сондай-ақ ол Балалар мерекесінде жыл сайын сыйлық алатынын, топтағы балалармен ән айтып, көңіл көтеретінін жеткізді. «Мен өзім сияқты көңілді, әңгімешіл балаларды жақсы көремін», — деді ол.

Мерекелік шарада балабақша тәрбиеленушілерінің барлығы өнерлі, алғыр, жан-жақты екенін көрдік. Олар ортада ән айтып, би билеп, мәз болды. Шара соңында олар сабын көпіршіктерімен ойнады. Таза ауада серуендеді.

Біз жыл сайын бұл мерекені түрлі форматта өткізуге тырысамыз. Былтыр балалар қойылым қойса, биыл көңілді кеш ұйымдастырып жатырмыз. Жалпы,  әр шараны есте қаларлықтай етіп өткізуге тырысамыз. Балабақшамызда Айару Мерғали, Әдия, Аят Дүйсенғали сияқты өнерлі тәрбиеленушілеріміз бар, — дейді ән үйірмесінің жетекшісі Айжан Құрманғалиева.

Мерекелік іс-шарада көзге түскен өнерлі балалардың бірі — Айару Мерғали. Ол үш тілде өлең оқып, ән айтты. Өте пысық, алғыр қыз әнші болуды армандайды.

Балалар — біздің болашағымыз. Сондықтан олардың сапалы білім мен тәрбие алып, өмірден өз орнын табуына біз де үлес қосуымыз керек. Биыл Балалар жылында балаларға айрықша қамқорлық көрсетіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Жуырда балабақша тәрбиеленушілері Ерасыл Балтабаев пен Әли Серікұлы теннистен «Қызыл доп» турнирінде жүлделі орындарға ие болды, — дейді Жансая Измаева.

Сурет салды, қойылым қойды

Ақтөбе қаласындағы №9 «Бәйшешек» бөбекжай-балабақшасында бүгінде 310 бала тәрбиеленіп жатыр. Мұнда жас ерекшелігі 2-5 жас аралығындағы 11 топ бар. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бұл балабақшада «Балауса бағым, шаттық пен қуаныш ордасы» атты ертеңгілік өтті.

Шара аясында балабақша тәрбиеленушілері асфальтқа сурет салып, «Ертегілер елінде» атты сахналық қойылым қойды. Сондай-ақ білім беру мекемесінде балалардың салған суреттері «Әрқашан күн сөнбесін» деген тақырыптағы көрмеге қойылып, ата-аналар мен ұстаздардың қатысуымен «Көңілді смайликтер» атты іс-шара өтті.

— Менің қызым Раяна Ахметжанова «Бәйшешек» балабақшасын бітіріп, биыл мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Бүгінгі мерекелік шараға қызым екеуміз қатысып отырмыз. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осы орайда «Бәйшешек» балабақшасының меңгерушісі Шолпан Торғайқызына ата-аналар атынан алғысымды білдіремін. Қызым осы балабақшадан көп нәрсе үйренді. Өзі сурет салуды, ән айтуды жақсы көреді. Барша балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтаймын. Балаларымыз бақытты, оқуда озат болсын! — дейді ата-ана Венера Қасанғалиева.

Балабақша меңгерушісі Шолпан Жүсіпованың айтуынша, бүгінде бұл мектепке дейінгі білім беру мекемесінде балалардың жас ерекшелігіне сай әлеуметтік мүмкіндіктерін барынша дамыту, оларға жан-жақты білім мен тәрбие беруді қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балалар — мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы — біздің жалпыұлттық міндетіміз», — деген болатын. Біздің балабақша Президентіміздің осы бастамасын қолдай отырып, бүгінде балаларға жан-жақты қолдау көрсету үшін түрлі бағытта жұмыстануда. Мәселен, біз күн сайын оларға білім мен тәрбие беріп қана қоймай, олардың шығармашылыққа, қандай да бір өнер түріне икемділігін анықтауда көптеген шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы, бүгінге дейін біздің балабақшамызда «Мен Отанымның патриотымын», «Туған тілім — өз тілім», «Мен және менің отбасым», «Таза балабақша ауласы», «Ең жасыл бөлме», «Бала — біздің болашағымыз», «Бар мейіріміміз — балаларға» атты көпшілік-мәдени шаралар, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Бізден көмек» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Бұл шаралардың барлығына ұйымдағы 11 топтың тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары атсалысты, — дейді балабақша меңгерушісі.

Ақтөбенің анықтамасы

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыста жалпы саны 43 503 баланы қамтитын 559 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде мемлекеттік балабақша саны 225 (23 916) болса, жекеменшік балабақша саны — 176 (16 081). Ал облыстағы шағын орталықтар саны — 158. (3506). Соңғы бір жылда облыста мектепке дейінгі 25 ұйым ашылған. Сондай-ақ жеке инвестиция есебінен 2045 орындық 24 балабақша, жергілікті бюджет есебінен бір шағын орталық пайдалануға берілген.

Бүгінде облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100%-ға (42 218 бала) жетсе, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші — 90,6%. Ал 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 87,3% (54 459 бала) болып отыр.

Р.S. Соңғы жылдары облыста 1-3 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткішін жақсарту үшін бөбекжай-бақшалар желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен былтыр осы бағытта өңірдегі 30 балабақша бөбекжай болып қайта құрылған. Ал 2025 жылы олардың саны 267-ге жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл да балаларға деген қамқорлықтың бір көрінісі. Мұндай игі істер мен бастамалар Балалар жылында ғана жүзеге асырылмай, алдағы жылдары да жалғасын табады деп сенеміз. Балаларымыз бақытты болсын!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button