Тарих

Азамат еді айбынды…

Қазақта қашаннан елдік туралы әңгіме болғанда «кімің бар?» деген сауал алға тартылады. Бұндайда көптің арасында беделді, сөзі өтімді, ісі өнімді, тұлғасы тартымды азаматтардың аты аталады. Сондай ерекше жандардың бірі — Бекет Есенжолов еді.

Оның бүкіл ғибратты ғұмыры Ақтөбе өңірінің өсіп-өркендеуіне, ел экономикасының дамуына арналды. Осы жолда ол білімі мен білігін, мол тәжірибесін аяп қалған жоқ.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол кейін партиялық қызметте жүргенде облыс орталығы — Ақтөбе қаласының әлеуметтік мәселелерінің жүйелі шешілуіне жетекшілік жасады, көптеген игілікті істердің дүниеге келуіне ұйытқы болды.

Сонау сексенінші жылдары Бекет Құрмашұлы Ақтөбе қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратын. Біздің таныстығымыз сол кезде басталды. Бертін келе қызмет барысындағы араласымыз, жолдастық ілтипат-ізетіміз бұрынғыдан да тереңдей түсті.

Оның үстіне Бекеңнің үлкен қызы Ләззат Семей қаласының азаматына тұрмысқа шықты да, менің туған елім сол жақ болғандықтан, енді құда деген атақты иелендім. Бекең осыған орай мені ылғи да ұлы құда деп құрметін білдіріп жүретін. Мен де қыз алған жақтың ізетін жасап, оған өзімше құрмет көрсетіп, соның нәтижесінде өзара сыйластығымыз бұрынғыдан да арта түскен-ді.

Біраз жыл партия қызметінде болған ол 1987 жылы Батыс Қазақстан теміржолының оқу жөніндегі бөлім бастығы болып тағайындалды. Бұған дейін партия ұйымында қызмет атқарып, талай тәжірибеден өткен, тәртіпті басты орынға қоятын азамат үшін жаңа қызмет тосын сала болғанымен, күрделі болды, белгілі бір қиындықтар тудырды деп айта алмаймын.

Бекет Құрмашұлы атқарған жұмыстың бөлім бастығы деген аты шағындау естілгенімен, заты өте ауқымды, өте күрделі құрылым еді. Бұл жұмыстың қаншалықты күрделі екенін көзге елестету үшін шамалы деректерді келтіре кетейін.

Біріншіден, бұл құрылымның аты теміржол магистралының құрамынан бөлек есепке алынатын. Аталған бөлімнің құрамында 168 білім, тәрбие беретін мекемелер, оның ішінде мектептер, оқу-өндірістік комбинаты, техникалық мектептер, үш техникум, екі мектеп-интернат, 17 мектеп жанындағы интернат болды. Мектеп-интернаттарда теміржолшылардың 1400-дей баласы жатып оқыды. Жалпы, теміржол мектептерінде 22 мыңдай оқушы білім алып, 3000-дай мұғалім қызмет атқаратын.

Мұндай өте ауқымды құрылымның ақшалай қаржысы, бүкіл шаруашылық есеп-қисаптары, тамағы, ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары, соның барлығын аталған бөлім атқаратын.

Екіншіден, теміржолды «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп көпшілік арасында жиі айтылып жүретін ұғым болатын. Өйткені осындай шаруашылықты ұстап тұратын қаржының барлығы арнайы нормалық есеппен Мәскеуден теміржол қатынастары министрлігінен бөлінетін. Осындай күрделі құрылымды басқаруға, Мәскеуден миллиардтаған мөлшердегі қаржыны дұрыс көлемде алуға екі адамның бірінің шамасы, әсіресе білімі жете бермейтіні анық.

Бекет Құрмашұлы осы саланы басқарған жылдары қай жерде болмасын, әйтеуір, теміржолға қарасты мектептер, балабақшалар, тағы да басқа нысандардың материалдық базаларын жақсы дәрежеде ұстап тұруда аз шаруа атқарылған жоқ. Мектептер оқу-тәрбие процестерін реттеуде қай уақытта да қала, аудан көлемі бойынша есептегенде алдыңғы қатардан көрінетін. Әрине, мұндай көрсеткіштерге жетуде осындай беделді азаматтың басшы ретінде алатын орны ерекше деп санаймын.

1999 жылы Батыс теміржолы магистралы таратылып, мен Ақтөбе бөлімшесіне басшы болып тағайындалдым. Осы кезде біреуге қызмет табылып, біреуге табылмай жатқанда, әрине, Бекет азаматтай білімді, тәжірибесі мол басшыны пайдаланбау, жұмсартып айтқанда, біліксіздік болар еді. Компаниядан арнайы штат сұрап, «Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе тасымалдау бөлімшесі кадрлар бөлімі бастығының орынбасары қызметіне алдым. Ол осы жұмысты еңбек демалысына шыққанға дейін, яғни 2001 жылға дейін абыроймен атқарды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, Бекет Құрмашұлы теміржол саласында көзге көрінбейтін майдан деп аталатын күрделі саланы он төрт жыл басқарып, маңдай терін төгіп, жемісті еңбек етті. Құрылымның дамуына атсалысты, үлкен үлес қосты.

Бекет Құрмашұлы зейнет демалысына шыққан соң да қол қусырып отырып қалған жоқ. Қоғамдық шаруаларға белсене араласты. Бабалар тарихы, елдік пен ерлік тақырыбына мемуарлық естеліктерін жазды. Көптеген тағылымдық шараларда үлкендігін көрсетіп, ақсақалдық сөзін айтып, жастарға жол көрсетіп жүрді. Енді, міне, оның арамыздан алыс сапарға жол салғанына да төрт жылдың жүзі болыпты…

Иә, өмір өзен іспетті. Өткен жолымызды еске алсақ, мен Бекеттей азаматпен қызметтес, дос ретінде жете танысып, тығыз қарым-қатынаста болғаныма ризамын.

Айтулы азаматтың қазір арамызда жоқ екендігін ойға алсам, бір асыл дүниемді жоғалтқандай күй кешемін. Қазақта «Орны бар — оңалар» дейді ғой. Бабалардан қалған сол тәлімді сөзге сүйеніп, тәубе етеміз.

Бекеттің артында асыл зайыбы Айша бар, алтындай ұлы Арман, қыздары, олардан тараған ұрпақтары оның мәуелі жемісі іспетті. Оның сыртында іздейтін халқы, қадірін білетін, еңбегін ұмытпайтын елі бар.

Біз Бекет жолдасымыздың перзенті Арман Есенжоловтың бүгінде Қазақстандағы өнеркәсіп саласының білікті маманы, үлкен ұйымдастырушы, беделді басшы екенін мақтан тұтамыз. Оның жетекшілігімен көптеген ғылыми жаңашылдықтар өндіріске қосылды, ұлттық кадрлар өсіп-жетілді, инновациялық ілгерілеуге қол жеткізілді. Ең бастысы, әке тәрбиесіне лайық қазақ елінің көрнекті бір азаматы өсіп шықты.

Артына лайықты іс, сүбелі сөз қалдырған, аға буынның көрнекті өкілі болған Бекет Есенжолов есімі ескірмей жадымызда қалатыны сөзсіз…

Кенжехан ӨСІМБЕКОВ,

теміржол қызметінің ардагері.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button