Мәдениет

Құрбандарды ақтау — тарихи борыш

Облыста өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіннің құрбандары жерленген орындардың картасы жасалды. Оны әзірлеуге саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның құрамындағы зерттеушілер атсалысты.

Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейде 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты іс-шара ұйымдастырылды. Осы шарада Ақтөбедегі байланыс, политехникалық колледждердің оқушыларына жоғарыда аталған карта таныстырылды.

Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Ләззат Нұркеева жастарға саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаумақсатымен біздің облыста атқарылып жатқан істер жөнінде әңгімеледі. Атап айтқанда, ол 1939-1945 жылдар аралығындағы екінші дүниежүзілік соғыста жау тұтқынына түсіп, соған байланысты кейіннен істі болған ақтөбеліктердің тағдырына нақтырақ тоқталып, көптеген құжаттар және деректермен де таныстырды.

— Ұрыс кезінде түрлі жағдайлар болады. Майдан даласында жараланып, тіпті есінен танып, шарасыз күйде жау әскерлерініңқолына түскен жандар көп болған. Олардың бір бөлігі лагерьлерде азап шекті, кейбірі Түркістан легионында болды, көпшілігі соғыстан кейінгі тұтқын алмасулар кезінде елге оралды. Елге келгеннен кейін кеңес өкіметі оларды қайта тұтқындап, «Отанын сатты» деген жаламен соттап, Сібірге қара жұмысқа әкеткен. Облыстық архивтен осындай адамдарғақатысты 428 іспен таныстық, — деді Ләззат Нұркеева.

Оның айтуынша, архивте екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарына қатысты басқа да істер бар.

—Қазір күн тәртібінде соғыс тұтқындарын ақтау мәселесі тұр. Олар әйтеуір бір ақталуды армандаумен, аңсаумен өткен. Мысалы, Ойыл топырағының перзенті, білім саласында еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелеген Ахметбек Нұрманов көзінің тірісінде өзін ақтауды өтініп, жан-жаққа хат жазған. Жақындарының естелігінен білгеніміздей, дүниеден өтер сәтінде де: «Мен түбі ақталамын, сонда тым болмаса ақталған құжатымды зиратыма әкеліп көміңдер» — деп, өзінің соңғы үміті қайткенде де ақталу екенін айтып кетіпті. Міне, қуғын-сүргін онсыз да соғыстан жапа шеккен осындай қанша жанның тағдырын тәлкекке ұшыратты?.. — деді Ләззат Нұркеева.

Соңынан ол оқушылардың осы тақырыпқа байланысты сауалдарына жауап берді.

А.САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button