Мәселе

Газды пайдалану сақтықты талап етеді

Тікелей телефон

Болат Оспанов,

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының бас инженері:

…Наурыз айының жиырма екінші жұлдызы Темір ауданындағы бір шаңырақта төрт адамның өміріне нүкте қойды. Газ желісіндегі не бары 5 миллиметр сызаттан шыққан газ  орны толмас қайғы әкелді. Оның үстіне, бұл үйде сол түнде желдеткіш канал да жабық болған.

Ресми орындардың хабарлауына қарағанда, облыста  соңғы уақытта ғана газбен улануға қатысты  5 оқиға тіркеліп, 8 адам мерт болды.

Тікелей телефон байланысын өткізу мақсатының өзі осындай жағдайлардың алдын алу, жұртшылықты сақтандыру ниетінен туындаған еді…

Тікелей телефонға ертелетіп Шалқар қаласынан хабарласқан зейнеткер Қуаныш Ахметов көптің атынан сөйлеп тұрғанын айтты. Ол бірінен кейін бірін – төрт сұрақты тіркеуімізді өтінді. Біз де әңгімені осыдан бастадық.

Бізде жақында: «Пештің аузындағы жанарғысын ауыстырыңдар,  түтін тартатын бақылау тетігі болу керек», – деді. Әуелде автоматпен қондырып едік, оны қысымға сәйкес келмейді деп ағытып кетті. Енді жаңасын қондыруға он күн мерзім беріп отыр. Осыны газ мекемесі өзі әкеліп, бәрін неге ұйымдастырып істемейді? Қайдан барып аламыз? Біздің әкелгеніміз жарамай қалса ше?

– Біздің жергілікті Шалқардағы газ бөлімшесінің абоненттерге ертеде қондырылған жанарғылардың түтін тартуды қадағалайтын автоматикасының болмауына байланысты абоненттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларды алмастыруға ұсыныс беріліп жатқаны рас. Қазір түтінді қадағалайтын автоматикасы бар жанарғылар «ГАЗ» АҚ (Ақтөбе қаласы, Чернышевский, 111) мекемесінде сатылады. Оларды алам деушілерге біздің газ бөлімшесі арқылы хабарласуға болады.

Есептегіштердің сынақтан  өтпей қалғаны бар. Алмастыруға әкелген   жаңасының орнығу реті бұрынғыға келмейді. Алмастырушылар 4000 теңге сұрайды. Ақшаны қолма-қол алады дейді. Бұл қалай?

– Шалқар қаласында жоғарыдағыдай жұмысты біздің газ бөлімшесі атқарады, олар істейтін жұмысына тиісті калькуляцияға сәйкес ақысын міндетті түрде «Халық банкі» кассалары арқылы төлетеді.

– Плитаның бұрағыштарын мерзімі келгенде кім майлап тұруы керек? Бұл шаруаны газ мекемесінің адамдарынсыз атқаруға болмайды дейді, сол дұрыс па?

– Бұл жұмыстар Ақтөбе облысы бойынша Ақтөбе қаласында, Шалқар, Мұғалжар, Темір, Алға, Хромтау, Қарғалы аудандарында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның АӨФ өкілеттіктері арқылы атқарылады. Жалпы, ережеге сәйкес жер үйлердің газ қондырғылары жылына 1 рет, ал көп қабатты үйлердің қондырғылары 3 жылда 1 рет бекітілген кесте бойынша техникалық жөндеуден өткізіледі. Ол үшін абоненттер ақы төлемейді. Егер көрсетілген аралықта абоненттердің қандай да қондырғыларында ақаулар пайда болса,  104 телефоны арқылы, аудандарда жергілікті газ бөлімшелеріне  хабарласып, тапсырыс жасау арқылы істеуге болады. Бұл жағдайда да жұмыстар ақысыз жасалады. Тек қажетті қосалқы бөлшектерді абоненттер өз есебінен алуы тиіс.

– Біз газ мекемелерімен бұрын келісім-шарт жасайтын едік. Қазір неге жасалмайды?

– Әрбір жаңадан газ жүйесіне қосылған абонент газ қызметімен газ таратуға және тасымалдауға келісім-шартқа отырады. Ал бұрыннан газ пайдаланып келе жатқан абоненттердің уақытында жасалған келісім-шарттары өз күшінде қалады.

Мапуадин МУСИН, Ақтөбе қаласы:

– Мен Локомотив көшесіндегі 1-үйде тұрамын. Газ қысымы өте төмен, содан келіп үй жылымайды.  Үйімді газ құбырына тікелей қостыруыма бола ма? Ол үшін не істеуім керек?

– Сіздің үйіңіздің жанынан өтіп жатқан орта қысымды газ құбыры «Водрем» мекемесінің құзырында болып есептеледі. Сондықтан сіз сол мекеменің келісімін алсаңыз, содан кейін арызыңызбен біздің мекеменің өндірістік-техникалық бөліміне (23-бөлме) хабарласуыңызға болады.

С. Серікұлы:

– Ойылда газ толтыратын станса бар. Аракідік сол стансада баллондарды толтыруға тыйым салып тастайды. Ол кімдер, не үшін? Бізге белгісіз. Бірақ үйреніп қалған нағыз қажет уақытында қиындық көріп қаламыз.

– Ойылдағы газ толыратын станса біздің мекеменің қарауында емес. Жалпы, біздің мекеме газ жүйелерімен тасымалданатын табиғи газды жеткізумен айналысады. Ал Ойылдағы сұйық газ (пропан). Біздегі ақпараттар бойынша ол «Газхолдинг» ЖШС құзырында болуы керек.

Н. СерІкбаев,

41-разъезд тұрғыны:

– Автоматты форсунканы 15 мың теңгеге қондыру үшін хабарлама келді. Ол сынақтан кейін бір айдан соң жұмыс істемей қалды. Бізде сапалы форсунка сататын дүкендер бар ма?

– Ақтөбе қаласында бүгінгі күні автоматты тартылыспен форсункамен жабдықтаушы «ГАЗ» АҚ болып табылады. Оның мекен-жайы мынадай: Чернышевский көшесі, 111, тел.: 8 /7132/ 50-70-01.

Иван Омельченко,

екінші топтағы мүгедек.

Қарғалы көшесі, 10:

– «Галлус» жаңа есептегіші бірінші тексеруден 12 наурызда өтті. Газшылар оны босатты да, тексеруге алып кетті. Мен тексергені үшін 2700 теңге төледім. Есептегішті   16 наурызда әкелді, тұжырымдамада оның жарақсыздығы жазылған. Ал төлқұжатта есептегіштің қызмет мерзімі 40 жыл деп көрсетілген. Менің шығындарымды кім өтейді?

– Сіздің тұрмыстық есептегішіңіздің биылғы жылғы 16 наурызда «Қаз ТрансГаз Аймақ» АҚ АӨФ лабораториясында кезекті  тексеруден өткені анықталды. Есептеу механизмінің жарақсыздығы себебінен ол одан әрі пайдалануға жарамсыз деп танылды. Бұл туралы сізге хабарлама берілді. Сіз 2670 теңгені есептегішті тексеру бойынша жұмыстарды орындағаны үшін төледіңіз. Қазақстан Республикасында негізінен РФ немесе бірлескен өндіріс дайындаушылары зауыттарының тұрмыстық газ есептегіштері сатуға түседі. Олардың төлқұжаттарында РФ мемстандарты белгілеген тексеруаралық уақыты көрсетіледі. Оларды Қазақстанда пайдаланған кезде біз біздің стандарт белгілеген тексеруаралық уақыты көрсетілетін ҚР мемстандарты мемлекеттік реестрін басшылыққа аламыз. Дайындаушы зауыттың мерзімі тексеруаралық уақытты анықтау үшін негіз болып табылмайды.

Анатолий Караульный,

Алға қаласы:

– Алғада форсунканы жаңа үлгідегі форсункаға алмастыруды міндеттейтін хабарлама таратуда. Ол жаңасының құны – 17 мың теңге. Бұның заңдылығы қандай? Жергілікті газ қызметкерлері облыстық газ мекемесінің бас инженерінің нұсқауы бар деп сілтеме жасайды. Зейнеткерлерге бұл қиынға соқпай ма? Форсункамыз жиырма жыл бойы тым жақсы жұмыс істеп тұр ғой, оны өзгертудің қажеті қанша?

– Тұрмыста газды пайдаланумен байланысты орын алған қайғылы жағдайларға байланысты, нақты айтқанда, газ жандырғыштарын пайдаланғанда біздің абоненттеріміздің қауіпсіздігі мақсатында Алға газ учаскесіндегі біздің қызметкерлеріміз тартуды бақылауы автоматикасыз жандырғыштарды түтіндікте тартқышты бақылайтын жаңасына ауыстыру туралы хабарламаларды таратуда. Олар негізінен ұсыныс жасаушылық сипатқа ие, бірақ тұншықтырғыш газбен уланудың мүмкін болатын салдарынан өзімізді және жақындарымызды қауіпсіздікте ұстау үшін келесі жылу беру маусымы басталғанға дейін оларды мүмкіндігінше ауыстырған дұрыс екенін айтқымыз келеді.

Талғат Алтынбаев:

– Мен бес қабатты панельді үйдің 3-қабатында тұрамын. Автономды жылу жүйесін іске қосқым келеді. Бұлай ету мүмкін бе? Егер мүмкін болса, оған қандай талаптар қойылады?

– Қолданыстағы норма бойынша жылыту құрылғыларын қондыруға 5 қабаттан аспайтын көп қабатты үйлерде рұқсат етіледі. Демек, сіздің бұлай етуіңізге мүмкіндігіңіз бар. Қазір қабырғалық қазандықтар бар. Оны жүзеге асыру үшін сізге біздің мекеменің өндірістік-техникалық бөліміне (23-бөлме) келіп, жеке куәлігіңіздің және пәтерге техникалық төлқұжатыңыздың көшірмелерін тапсыруыңыз керек.

Тікелей телефонда кезекшілік еткен:

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Газды пайдаланушылардың есіне!

Ақтөбе қаласы және облыс бойынша түтін тартқыштарды және желдеткіш каналдарды тексерумен шұғылданатын ұйымдар:

Ақтөбе облыстық ерікті өрт сөндіру қоғамы кеңесі.

Бастығы: Б. Иманғалиев.

Пожарная көшесі, 31, тел.: 8/7132/ 21-18-50.

«Асыл-Зат»  ЖШС.

А. Сатыбалдин.

Ибатов көшесі, 55-үй, 33-пәтер, тел.: 52-18-94.

«Пож-Сервис» ЖШС.

А. Сарбаева.

312-атқыштар дивизиясы көшесі, 24-үй, тел.: 50-40-73.

ЖАДЫҢЫЗДА ЖҮРСІН!

Пәтерде газдың иісі байқалса дереу:

  1. Барлық газ шүмектерін жабу;
  2. Үйдің ішін желдету;
  3. Ашық отты пайдаланбау, электр бұйымдарын қоспау керек.
  4. 104, 50-12-43, 50-45-23  телефондары арқылы қауіпсіздік қызметін шақырыңыз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button