Мәдениет

«Түсіне білгенге күйдің құдіреті шексіз…»

ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, кәсіби домбырашы Бақытбек Зейнелов — ақтөбелік өнер сүйер қауымға белгілі азамат. Көпшілікке «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі ретінде де жақсы таныс өнер иесімен бірер күнде өтетін шығармашылық кеші, өңірдегі күйшілердің әлеуеті, жалпы домбыра ұстаған қауымның жай-күйі туралы әңгімелескен едік…

Осы сенбі, яғни 23 сәуір күні Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында «Өнерім — өмірім» атты шығармашылық кешіңізді өткізгелі жатыр екенсіз. Бір жағынан, бұның «ердің жасына» толуыңызға орайластырылғанын естідік…

— Иә, бұл өзі күтпеген жерден болды. Шыны керек, концерт өткізу туралы ой-жоспар мүлде жоқ еді. Еңбек ететін ұжымым — Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның басшылығы осындай ұсыныс айтқанда, аздап қобалжығаным рас. Өйткені бұған дейін қанша шараға атсалысып, ансамблімнің концертін ұйымдастырып жүрсем де, жеке кешімді беріп көрмеппін. Бұл — алғашқы шығармашылық кешім. Реті келгендеқолдау білдірген әріптестеріме газет арқылы алғысымды айта кеткім келеді.

Концерттің өзі 3 бөлімнен тұрады. «Достық сазы» ансамблі, Ақтөбе қаласындағы №1 балалар музыка мектебінің «Көңілашар» ансамблі, облыстық филармонияның камералық оркестрімен бірлесе өнер көрсеткелі отырмын. Сондай-ақ, өзім әрлеген (аранжировка жасаған) әндерді Өмірқұл Айниязов, Марат Әйтімов, Қанат-Светлана Айтбаевтар, Нұрлан Әбдібеков, Жадыра Арыстанова, Манзура Сапарова, Перуза Нарман, Динара Шынарбаева сынды әріптестерім орындайды деп күтілуде.

— Әдетте музыка әлемінде жүрген әнші-күйшілер авторлық туындыларын жарыққа шығарып жатады…Концертте төл шығармаларыңызды тыңдай аламыз ба?

— Мен бұған үлкен жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Бір жағынан, жүрексінетінімді де жасырмаймын. Содан болар, авторлық күйім жоқ екен.

— Сіздің Қайырғали Қожанбаев, Әділжан Күмісбеков сынды өнер қайраткерлерінің тәлімін алғаныңызды білеміз. Бақытбек Зейнеловтың шәкірттері көп пе?

— Өкінішке қарай, ұстаздық еткен оқушыларымның дені әншілікке бет бұрып кетті. Мәселен, өзім сабақ берген Нұрболат Абдуллин жақсы домбырашы болғанмен, соның жолын қумады. Сол сияқты менің класымды бітіргенмен, эстраданы таңдағандар көп… Ал ән өңдеу жағынан Ерлан Саудабаев деген шәкіртімді ерекше атай аламын. Қазір ол «Шығармашылық академиясындағы» студияда жұмыс істейді. Жалпы, 1990 жылдардан бері оқытушылық қызметті қоса алып жүргенімді ескерсек, өнердегі ұл-қыздарымның санын өзіңіз шамалай берсеңіз болады.

Қазіргі таңда Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде және №1 балалар музыка мектебінде ұстаздық етемін. Сонымен қатар, облыстық филармонияға қарасты «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісімін.

— Ал отбасыңызда жолыңызды қуған балаңыз бар ма?

— Әрине. Үйдің үлкені, атасының баласы — елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Бүгінде Әлихан ұлым колледжде домбырадан сабақ беріп жүр.

Бала кездегі суретші болсам деген арманымды Әлібек балам іске асырмақ. Бұйыртса, бірер жылда дипломын қолына алады. Яғни ол да өнерден алыс емес.

— Жаңа Өмірқұл Айниязов бастаған бірқатар эстрада әншілерінің орындайтын әндерінәрлегеніңізді айтып қалдыңыз. Бұл қырыңызға, әсіресе, жерлесіміз Димаш Құдайберген орындайтын «Дайдидау» әнін жаңа мәнерде ұсынғаныңызда қанық болдық. Бүгінге дейін қанша әннің «екінші тынысын» аштыңыз?

— Нақты санын айта алмаймын. Ерекше ізденісті, шыдамды қажет ететін бұл жұмыс барысында бірталай туындылар өңделді. Мысалы, Өмірқұлдың 20 шақты әнінің аранжировкасын жасадым. Соған қарағанда, 20 жылдан астам уақытта біраз ән өңделген болуы керек.

— Ақтөбеліктер сізді негізінен «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі ретінде біледі. Өнер ұжымы жайында айтпай кетуге болмас…

— Былтыр он жылдығын атап өткен ансамбльдің репертуары өте бай. Әу баста Қазақстан халқының бірлігін насихаттау мақсатында құрылған ұжым көптеген ұлттың шығармаларын орындайды. Сондай-ақ халық әндерін айтпағанда, жерлес сазгерлердің де туындыларын шырқап жүрміз.

Құрамында әншілер Нұрлан Әбдібеков, Динара Шынарбаева, домбырашы Төребек Мұстафин, сырнайшы Ғарифолла Жақсыбеков, қобызшы Мәншүк Балжанова, қылқобызшы Перизат Мерғали, басқа да өнерпаздары бар «Достық сазының» алар асуы алда деп есептеймін.

— Осы орайда былтыр Ақтөбеде Күйшілер одағының облыстық филиалы құрылғанынан хабардармыз. Оған Жайлау Асылханов, Талап Хамзин, өзіңіз бастаған күйшілер мүшелікке өтті. Сол ұйымның аяқ алысы қалай? Жалпы, Ақтөбедегі күйшілік өнердің дамуы туралы айтсаңыз.

— Бұл енді қоғамдық жұмыс қой. Қазанғап атындағы өнер мектебінде, басқа да білім мекемелерінде одақтың мүшелері болып концертімізді өткіздік. Реті келгенде күйлер тарихы, дәстүрлі орындаудың қыр-сыры жөнінде дәрістер ұйымдастырамыз. Осы тектес жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын.

Өкінішке қарай, күй өнеріне арналған концерттерге көрермендер біз қалағандай көп келмейді. Бұл жарнаманың кемдігінен бе, әлде жұртшылықтың тіршіліктің қамымен қолы тимей ме, ол жағын білмедім…

ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА…

— Өзіңіз қандай музыкалық аспаптардың «тілін» білесіз?

— Домбыраны есептемегенде, гитара, сырнай, фортепиано, жетіген, сондай-ақ, үрлемелі аспаптарда ойнай аламын.

— Ал қанша домбыраның иесісіз?

— Үш. Студенттік кезден ұстап келе жатқан домбырам бар, бет қақпағы 3-4 рет ауысқан. Ол сабақ беруге арналған. Қалған екеуі концертке алып шығуға жарайды.

— Сіздің ойыңызша, жақсы домбыраның құны кемінде қанша болуы керек?

— Ағашына, жасаған шеберге байланысты. Көбінесе Алматыдан алдыртамыз. Бағасына келсек, соңғы уақытта қатты қымбаттап кетті. Айталық, қазір жақсы домбыра 400-500 мың теңге тұрады. Бұл үлкен сахналарға алып шығуға, байқауларға қатысарда ұстауға арналған. Ал оқушы, студенттер дайындалуға 100-250 мың теңгенің домбырасын сатып алады.

— Соған қарағанда, сіздің 3 домбыраңыздың бағасы қымбат болды ғой?

— Енді ол ертеректе алынған домбыралар ғой. Қазіргі өлшеммен алғанда, сол 400-500 мың теңгенің жобасына барып қалады.

— Көрермен жайын тілге тиек еттіңіз. Күйшілерге келсек. Олар бізде көп пе?

—Ақтөбеде орындаушылығын бұзбай, дәстүрлі өнерді жалғастырып келе жатқан күйшілер саусақпен санарлық. Техникалық шеберлігі мықты домбырашылардың барлығын күйші деуге келмейді…

— Сала маманы ретінде төл өнеріміз төрге озуы үшін нақты не істеу керек деп ойлайсыз?

— «Отан отбасыдан басталады» демекші, әр ата-ана баласын кішкентайынан ұлттық музыкаға баулу керек. Қазірдің өзінде қызығушылық бар. Ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Бір ғана мысал, балабақшалардан бастап жер-жерде домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Осының өзі төл өнерімізге қызығушылықтың артқаны деп білемін.

Ұсыныс-тілекке келсек, оқушылар, студенттер арасында лекция-концерттерді көбейтсек деймін. Сосын ақысыз концерттер де артық етпейді.

Менің ойымша, бұл — уақытша нәрсе. Түбінде этномузыкамызға, яғни дәстүрлі өнерімізге түбегейлі қайтып оралатынымызға сенемін.

— Музыканың адамды белгілі бір деңгейде емдеп, жан тыныштығын сыйлайтыны ғылымда дәлелденген. Күй-құдірет деп те жатамыз. Өзіңіз осы домбыраның әуені арқылы сауығып, шипасын тапқан адамдардың оқиғасына куә болдыңыз ба?

— Анам — домбырашы. Бойында емшілік қасиеті бар. Айтайын дегенім, сол кісі кезінде домбырамен күй тартып, ән салу арқылы жұртшылықты емдеді, ұшықтады. Көп адамдар алғысын білдіріп, сауығып кеткенін өз көзіммен көрдім. Өз заманында «музыкалық терапевт» бойынша арнайы оқып, соның куәлігін де алды. Сондықтан сіз айтып отырған қасиетке сенемін. Негізі музыканың құдіреті шексіз ғой. Ата-бабамыз қобыз, домбыраның үнімен емдегені тарихтан да белгілі.

— Сіз армандайсыз…

— Ақтөбелік сазгерлердің туындыларының әнжинағы шыққаны мәлім. Енді соның бәрінің нота, партитатурасын кітап қылып шығарсақ деймін. Менде барлығы сақтаулы. Артынша бұл оқу орындарына таратылса, жақсы болар еді. Болашақ музыка мамандарына, жалпы тарихқа да осы дүние керек. Бұны арман деуге келе ме, әлде ой-жоспар дегеніміз дұрыс па, білмедім. Ең бастысы, атқарушы билік өкілдері осыны қаперіне алса екен.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button