Рухани жаңғыру

Өлкетануға қосылған сүбелі еңбектер

Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жарық көрген кітап-альбомдардың тұсаукесер рәсімі өтіп, «Доңызтау ескерткіштері» атты деректі фильм көрсетілді.

Аталған жобаның Ақтөбе облысы бойынша 2021-2024 жылдары жүзеге асыруға арналған жол картасы аясында, сондай-ақ былтыр жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған археологиялық бұйымдардың көрмесі өткізілді.

Өңір руханиятындағы елеулі жаңалықтардың аужайын облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова таныстырды:

— Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының елімізде жүзеге асырылып келе жатқанына 5 жыл толғаны белгілі. Соның аясында бірталай жұмыс атқарылды. Бүгінгі шара да аталған бағдарламаның бір тармағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында қолға алынған.

Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының қолдауымен Ақтөбенің тарихын түгендеу, киелі орындарын анықтау, пайдалы қазбаларды табу бойынша көптеген жүйелі жұмыстар жасалды. Бұған облыстық тарихи-өлкетану музейі,Әлкей Марғұлан атындағы археология институты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мамандарының сіңірген еңбегі зор, — дей келе, үш тілде жарық көрген 4 еңбек —«Ақтөбе облысының киелі географиясы» ұжымдық монографиясы, «Ақтөбе облысындағы ерте Темір дәуірі көшпелілерінің элиталық археологиялық ескерткіштері» кітап-альбомы, «Палеометалл дәуіріндегі Мұғалжар тау-кен және металлургиялық орталығы» кітап-альбомы және «Төлеубұлақ археологиялық кешені және оның маңы» кітап-альбомы туралы кеңінен түсінік берді. Артынша зиялы қауым өкілдері  түрлі түсті суреттермен әдемі дизайнда шығарылған жинақтардың лентасын салтанатты түрде қиды.

Одан соң сөз алған Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Ақан Оңғар мұндай еңбектерді жарыққа шығару өлкетану ғылымына  сүбелі үлесқосатынын, мұндай жобаны еліміздегі өңірлердің арасынан Ақтөбенің алғашқылардың бірі болып қолға алғанын атап өтті. Ал тарих ғылымдарының докторы, «Ақтөбе облысының киелі географиясы» ұжымдық монографиясына бас редакторлық еткен Бауыржан Байтанаев материалдарды дайындау барысында қалай ізденгенін, экспедиция кезіндегі қиындықтар туралы әңгімелеп, әлі де зерттеуді қажет ететін киелі жерлердің көптігін тілге тиек етті.

Еңбектерге қысқаша тоқталсақ, «Ақтөбе облысының киелі географиясы» ұжымдық монографиясына 116 нысанға (38 археология, 56 этнография және 22 табиғат) қатысты деректер енгізілсе, «Ақтөбе облысындағы ерте Темір дәуірі көшпелілерінің элиталық археологиялық ескерткіштері» кітап-альбомына облыс аумағындағы сармат дәуірінің ескерткіштерін зерттеу барысында анықталған материалдар мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған бұйымдардың бір бөлігі туралы материалдар жарияланған. Ал «Палеометалл дәуіріндегі Мұғалжар тау-кен және металлургиялық орталығы» кітап-альбомында иллюстрациялық материалдар, Мұғалжар аумағындағы соңғы қола дәуірінің геоархеология және археометаллургия объектілерін зерттеу саласындағы қазіргі жағдайды көрсететін ғылыми тұжырымдар мен қорытындылардың тезистері ұсынылса, «Төлеубұлақ археологиялық кешені және оның маңы» кітап-альбомы —Мұғалжар ауданындағы Төлеубұлақ бірегей табиғи және мәдени кешеніндегі тарихи-мәдени және табиғи мұра ескерткіштеріне арналған басылым. «Доңызтау ескерткіштері» деректі фильмінде, аты айтып тұрғандай, аталған аумақтағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштері таныстырылған.

Шара соңында жоғарыда аталған еңбектерге үлес қосқан авторларға облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылып, сый-сияпат жасалды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button