Тарих

Жаскілең жайлы не білеміз?

Сұлбасы көмескіленген көне жыраулардың  шығармашылығы  түгілі, күні кеше, ХIХ ғасырда дәурендеген дүлдүлдер ішінде де есімдері ескіре  бастағандары жетерлік. Ақтөбе өңірінің өзінде елеусіз жатқан асыл қазыналар қаншама? Заманының зейінді азаматтарының бірі, шалқар шабыт иесі Кете Жаскілеңнің мұралары да толық зерттелмей келеді. Бірді-екілі айтыстары болмаса өмірдана – шығармашылық жолдарынан мәліметтер мардымсыз. Бүкіл батыс даласына  даңқы жайылған жасын жырлы Жаскілең кім еді?

Қолда бар деректерге сүйенсек, ол, ХІХ ғасырда Ақтөбе өлкесінде ғұмыр кешіп, осы аймақтағы атышулы шайырлармен  үзеңгілес жүріп өнер өрбіткен айтулы айтыскер ақын. Өзінің өткірлігімен, сөзінің ептілігімен елге танылып, Қазақстанның Батыс өңіріне дерлік аты мәшһүр болған жүйрік, тұқымы түгел жыршы атанған Үкі жыраудың ұрпағы. Әкесі Бекберген де есімі тарихта  қалған үлкен өнер иесі. Әлімнің  Кете тармағының сойы. Ол, Мұрат Мөңкеұлымен сөз қағыстырғанда бұл ойымызды дәлелдей түседі:

Өзімнің атым Жаскілең,

Кете Бекберген жырау баласы.

Ал, Қ.Сыдиықов бағалы еңбектерінде былайша ой түйеді: «Қарақалпақстанның Ходжелі қаласында тұратын Қайролла жыршының мәліметіне  қарағанда Үкі білетін  батырлық жырлар баласы Бекбергенге ұласқан, оның үш ұлы — Жаскілең, Бақы, Бітегендер үшеуі де, Жаскілең баласы Терлікбай да, Бақы баласы Мақует те жыршы атанған. Қайролла — Мақует жыраудың шәкірті». (Қ.Сыдиықұлы. Таңдамалы. Алматы. 2006 ж. 207-б.) Бұлардың бәрі әкелі-балалы, ағалы-інілі аршынды саңлақтар. Қазақтың дәстүрлі жыршылық мәнерін ізбасарларына дәріптеген тарихи тұлғалар. Н.Байғанин 17 жасында «Қобыланды» жырын Мақуеттен үйренгенін айтса, әйгілі Мұрын  жырау отыздан  асқан  шағында Қазыбек, Қандыарал  деген  жерде, Бейімбет  Әли  ауылында Нұрыммен кездескенін, осы жиында Ақтан ақынды, Жаскілең, Бітеген жырауларды көзі көргенін жария етеді. (Қ.Сыдиықұлы. Таңдамалы. 2006. Алматы. 214-б.)

Бұдан, Үкіден ұласқан жыршылық өнердің, Бекберген де, Бақы да, Бітеген де, берідегі Терлікбай, Мақует те белді мүшесі болғанын аңдаймыз. Терлікбай  баласы болса, Мақует інісі. Сонда шежірелік тарауда: Әлім Үкі, одан Бекберген, одан Жаскілең, одан Терлікбай болып келеді. Бабасынан бойына сіңген, қанында бар қасиетті дәріптеуде осылардың бәрі де белсенділік танытқаны хақ. Бірақ тарих беттерін парақтағанда есімдері ілкіде бір ғана назарға ілігетіні көңілге дық салады.

Қайролла жыршы:

Бата алған жерімді айтайын,

Ар жағы Үкі, Бекберген.

Бер жағын оның айтайын,

Жаскілең, Бақы, Бітеген,

Мақует пен Терлікбай,

Бөтен емес өзімнен, — деп тасқа таңба басқандай ашып көрсетеді. Қайролланың сөзін сараптасақ,  аталған үмбет ұлдарының бір-бірінен осалы жоқ дерсің. Шалдырмас шешен Нұрпейіс үлгі тұтқан Мақуетті кемшін санап көр. Мақует жолын қуған Жаскілең кім болғаны сонда?

Осы ағайынды айтқыштар ішінде шоқтығы биік тұрғаны Жаскілең болса керек. Заманында көсіле шауып көмбе алған, белсене шауып бәйге алған, азулы тұстастарының талайымен сөз майданына түскен оның атағы айтыспен шыққанға ұқсайды дедік. Десек те әзірге табылған  бар мұрасы Нұрым, Қалнияз, Мұраттармен қағысқаны.  Табын Жаңабергенмен сөз сайысы да сақтаулы.

Ақынның туған-өлген жылдары туралы ақпар кезікпей тұр. Бәлкім, кешегі қызыл қырғын кезінде қырағы көз қырына шалынбай, қағазға түспей ұмыт болуы да кәдік.

Бірақ,  ХІХ ғасырда жасағаны ақиқат. Нұрым, Ақтан сынды саңлақтармен табақтас, қанаттас  жүргенін Мұрын Сеңгірбайұлы көріпті дедік. Мұрынның 1859 жылы дүниеге келгенін ескерсек, оның отыздан асқан уағы — 1890 жылдар тұсы. Ендеше, ақынның 1890 жылдар үстінде көзі тірі. Әрі, Нұрым, Ақтандармен бірге мерекелі жерге сауық аулап шықса , қаусаған шал емес, қуаты таймаған кеуілі тың кезі, 1900 жылдан беріде өмірден өтуі бек мүмкін. Нұрым 1831-1908 жылдары жасаған, Жаскілең де осы мезгілдері ғұмыр кешкен деуге толық негіз бар. Ойылда, Кете Оразбайдың тойында сөз қағыстырғанда Нұрымның  «Замандас едің Жаскілең» дегеніне қарап, екеуі тұстас жандар деп болжам жасаймыз. Ал, 1868 жылы жолығып айтысар алдында Мұратқа «бала» деп сөйлейді. («Өлеңіңнің көптігіне сеніп келген бала боларсың»). (Б.Қорқытов, Мұрат, 55-б.) Мұраттың 1843 жылы туғанын есепке алсақ, бұл отызыншы жылдың үстінде жарық көрген, Нұрымның тұстасы деген ойымыз жөнге келеді. Кейбір кітапта Нұрымнан кішілігі бары айтылады.

Б.Қорқытов тағы бір жазбасында сөз зергерінің жары туралы төмендегідей мағлұмат қалдырыпты: «Кете Жаскілең ақынның жары, Адай қызы Зиба да сөзге тапқыр адам болыпты, бір күні Жаскілең шай үстінде әзілдеп әйеліне:

Жасымда өркөкірек, сотқар едім,

Сонда да жөнді жерге тоқтар едім.

Көзімнің тірісінде естиінші,

Мен өлсем, Зибам, не деп жоқтар едің, — десе керек.

Сонда Зиба:

Азаматы едің Кетенің,

Тірілей өлмек не теңің.

Сен өлсең бүгін, мен ертең,

Байға тиіп кетемін, — депті.

Жаңылыс сөйлегенін сезген Жаскілең:

Ой, Зибаш, мен өлмей-ақ қояйын, сен жоқтамай-ақ қой, — деп үйден шығып кетіпті». (Б.Қорқытов. Кіші жүздің билері мен батырлары. 525-б.)

Демек, қайын жұрты Адай елі екені даусыз.

Кете Жаскілең, Бітеген, Таз Құлмамбет, Қоспақ, Адай Ақтан, Қашағандар аралас-құралас, бірін-бірі көтермелей, сыйлас, достық қатынаспен өткен ел еркелері. Осылай, үзеңгілес жүріп өзара сөз майданына да түсіп отырған.

Асанқайғы, Сыпыра жыраулардың өкшесі тиген Жем, Сағыз, Ойыл, Жайық, Қобда, Елек даласында ат сабылтып  өнерімен өрістеген, Қазтуған, Жиембеттерден қалған жыраулық дәстүрдің сара жолын дәріптеп кейінге ұластырған ұлағатты халық ұлдары, қалың елге өнерін паш етіп қана қоймай, тереңнен нақыл, өлеңмен ақыл ақтарып, көпшіліктің көкірек-көзін ашып ағартушылық қызметін де атқарған. Ауызы дуалы айтқыштардың көптеген сөздері ел арасында күні бүгінге дейін мақал-мәтел ретінде қолданылады.

Жаскілең айтыстарына келсек, ол қызыл тілге ерік бергенде екілене төкпей, ебімен еселейді. Оның талай туындысы ескерусіз жатқаны анық. Кезі келгенде төгіп-төгіп тастап жүре бергесін де біразы қағаз бетін көрмегені және түсінікті. Көзімен көріп, немесе ауыздан-ауызға таралған мұраларын жадына тұтып жатқа айтар кәрі құлақ қарттарымыз да кездесе қоймады. Қолдағы бар екі-үш туындысын зерделесек, ақын табан астында суырыпсалып айтқанымен салмақты, кесек ой тастап, тарихтан шолып отырады. Мысалы, Мұрат Мөңкеұлымен тартысқанда:

Алаш та Алаш болғалы,

Алаша атқа мінгелі,

Ала шұбар ту байлап,

Алаш деп ұран бергелі.

Алшын еді бабасы,

Шолпан еді анасы.

Сұрай келсек әр жұрттың,

Әлім дейді ағасы.

Ағаға кімнің таласы.

Жаз жайлауым сұрасаң —

Терісаққан, Қобда, Шыңғырлау,

Ойыл да Қиыл, Батпақты,

Үш өзеннің саласы.

Күз күзеуім сұрасаң —

Топырақшашты, Жем, Қайнар,

Сағыздың сары даласы.

Қыс қыстауым сұрасаң —

Ұзын Жемнің аяғы,

Көлденең жатқан көк теңіз,

Атыраудың жағасы.

Өзімнің атым Жаскілең,

Кете Бекберген жырау баласы.

Он жасымнан асқалы,

Осы жасқа келгелі,

Екі жақты бір тілді,

Пенденің жоқты таласы, — деп, кестелі өлеңімен нағыз қазақы мінез танытады. Ала шұбар ту алып, Алаша ат мініп, Алаш деп ұран шақырған Алаш атасынан қозғай келе, Алшын бабасы мен Шолпан анасын шежіреден тарата сөйлеп, өз руы Әлім жұртын мадақтай жырға қосады. Жаз-жайлау, күз-күзеу, қыс-қыстауын адақтай, көшпелі халқының дәстүрін дәріптейді. Ассонанспен өрнектей өрілген өлең жолдарынан кеңдіктің, текті елдің өр рухының лебі еседі. Жырларында шынайы хас шайырдың таңбасы бар.

Жоғарыдағы жағдай кете аулындағы той үстінде өткен көрінеді. «Тойды кім бастайды» деп мереке басшысы жар салғанда, көпшілікке қадірі жүретін бір ел абызы: «Тойды кім бастайды деп сұрайтын не бар. Қазақтан Жаскілеңдей жүйрік туды деймісің, Жаскілең бастайды-дағы», — дейді ғой. Бұған Мұрат: «Құдайы қонақ Байұлымын, жол менікі, болмаса Жаскілеңдерің кім, айтысып, жеңіп бастаймын», — дегендей талас тудырады. Сонда Жаскілең «өзім өз болғалы айтысамын деп алдыма адам баласы келген жоқ еді, өлеңіңнің көптігіне сеніп келген бала боларсың», деп бастай жөнеліпті. Осы бір-екі ауыз сөздің өзі ақынның мерейін арттырып тұр емес пе?

Адайдың әйгілі ақтабаны Нұрыммен Көкжар жәрмеңкесінен соң Шәли кете Оразбай деген дәулетті адамның қыз ұзату тойында кездесіп, қағысқанда да Әлімнің байрағын биік көтереді. (А.Меңдалыұлы. Адай шежіресі. Алматы. 2002 ж. 365-б.)

Біздің Әлім ішінде,

Әлібек пен Достан бар,

Жетімдегі Қостан бар.

Көшкен күні желіде,

Ұмыт қалып боздаған,

Жүз аруана, тоқсан нар.

Байлық жағын сұрасаң,

Әнеки, сондай жоспал бар.

Қарағұл мен Дауылбай,

Құлындатып қулықтан,

Жүз биені байлаған,

Мыңнан жылқы айдаған.

Өнеріне сенбесе бұлай толғамас еді. Бабасынан басына бақ қонған жүйрік аяқты тым шалқақ тастайды. Өзін-өзі көтеріп отыру, таңбалы руының намысын жыртып, арын арлау қай ақынға да тән қасиет. Десек те, дауылпаз дарын нағыз патриот.

«Айтыс — көп жағдайда ақындыққа аттестат беретін бірден-бір сын еді. Әдебиет тарихында аты мәлім ақын атаулы шетінен айтыста шыңдалғандар десек асыра айтылғандық емес», — деген ой айтады академик Р.Бердібаев. (Р.Бердібаев. Дәстүр тағылымы. Жазушы. 1973 ж. 164-б.) Расында бұрынғы ақындар ішінде айтыссыз аты шыққаны кемде-кем. Бұл өнердің ұлылығы сондай, шайырлар өткір тілді, ұшқыр ойлылығымен қатар ел тарихын терең біліп, батырлар жырын көңіліне көлдей тұндырып, жұртқа әр нұсқадан насихат айта алар парасатымен бірге, айтыстың қыр-сырын меңгерген шеберлігімен, қарсыласын қапы қалдырар қулығына сай білімдар жан болуы шарт еді. Өлең шығарып, домбыра тартқанның бәрі көп таныла бермеген. Ол заман ақындары көбіне елдікті, ру арасындағы қайшылықтарды, өз жұртының байлығын, батырларын мақтанышпен жырға қосқаны ақиқат. Жаскілеңнің көбіне-көп, өз кезеңінің  даңқты дарындарымен тартысқаны осал жан еместігін аңғартады. Бұның аты тарихта жарқын тұлғалармен бірге аталса керек еді…

Жаскілең сөз сайыстырған Нұрым да, Қалнияз да, Мұрат пен Жаңаберген де есімі елге тараған, дәуірінің таңдайына бақ біткен дүлдүлдері болатын.

Белгілі жүйрік атасы Үкіге қонған киелі өнерді әкесі Бекбергеннен бойына сіңіріп, өзінің талантымен, дарындылығымен баласы Терлікбайға ұластырған, көнеден келе жатқан жыршылықтың сара жолын кейінге жеткізе дәріптеген дара дарын екеніне күмән жоқ. Алайда, осындай таңдайынан татымды сөз тамған азулы арыстың іздерін шаң басып жатқаны қынжылтады. Қалай дегенмен ақын мұралары қазақ әдебиеті тарихында қымбат дүниелер қатарынан орын алары даусыз.

Әйгілі сөз зергерінің мүрдесі қойылған жер деп Байғанин ауданы территориясына қарасты Айрық елді мекені маңын меңзейді Тамды аулының тұрғыны, шежіреші ақсақал Алпысбай Сәрсенбаев.

P.S. Кете Жаскілең Бекбергенұлы жөнінде білетіндер болса хабарласса деген пейіл танытамыз.

Есентүгел ӘЗИ,

С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің

философия магистранты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button