Әдебиет

Түс

Бөпіш түндегі түсінен шошыды. Автобуста келеді екен дейді. Кәдімгі өзі жұмысқа баратын, күтсең келмейтін, келсе пойыздың вагонындай тіркесіп, бірінен соң бірі келетін басыбайлы он үшінші маршруты. Артқы есігінен кірісімен еңсесін көтермей, жолаушыларды көз қиығымен шолып өтіп еді, «қауіпті» ешкім көрінбеді. Сонан соң бос орынға жалп етіп, бес-он минут болса да «бөделнік» бөліп жіберген ұйқысын жалғастырып алмақ ойменен қалғи берген. Иығынан біреу тартқанға қараса, билет тексеруші. Қари болғыр қырағы көздері қалай көрмеген. Қап! Қалтадағы түскі тамаққа деп әйелі санап берген қайран қара бақырлардан айырылып аштан қату оңай ма, Бөпіш билет тексерушімен жанжалдасып жатқанда оянып кетті.

…«Он үшінші» тіркескен күйі қаланың екінші жағына ауып кетті ме, көп кідіртті. Бөпіштің оны күтіп емес, түсін ойлап мазасы кетті. Тфу! Қандай жаман түс еді. Жақсылық болса жарар еді. Өткен тоқсанның қорытындысы бойынша бір топ адамға көтермелеу сыйлығы бөлінген еді. Тізімнің соңына Бөпіш те іліккен… «Мүмкін, мені сызып тастаған болар». Қой. Ол тізім бекітіліп кеткенін өз көзіммен көрдім емес пе? Ендеше, тізім бұзылды. Жеңіл машинаға тіркелушілер тізімі. Бөпіш осылай өмірі «Жаяу Мұса» болып өтпек пе? Аузынан жырып, төрт дөңгелекке қаржы жинап жүрген. Кезегі де келіп қалды. Құдай қаласа биыл… «Дәл әзі! Әтеңе нәлет, қандай найсап екен, а?! Ақша берді-ау. Біз сияқтыларды кейін ысырып тастамақ қой. Ысыра қоятын біз қоқыс па екенбіз? Қой, олай болмас. Өткенде кәсіподақ жиналысында бұл жағы қатаң ескертілді емес пе? Ендеше, не болды? Бұл тегін түс емес.

Мүмкін, тіпті… Сонда бастықтың ашуы тегін болмады. «Қолыңнан іс келмейді екен, орынды босат» дегенді орағытып болса да жеткізді емес пе. Бұрынғыдай бір рет телефон шалып, бетін бері қарататын қайын ағасы құрғыр да құрдымға кеткен. Тфу, тфу… не ойлап кеттім. Өзіңмен кет».

Бірақ автобус келмеген соң адам болған соң, ойлану керек қой. Ол өзі көрген түстің финалын тағы бір еске түсірді. Дәу сары әйел (жеңіне қызыл шүберек байлаған) мұны түсірмей, қалтасындағы қара бақырларын санап алды-ау. Ол ертегі-аңыздарда батырлардың түсіне кіретін құбыжықтардың әйтеуір бірдеңеге қатысы болатынын білетін. Ал билет тексеруші сары әйелді неге жорырын білмей басы қатты. Ой, ол сары әйел болып түске енген ауылда тұратын саңырау кемпір шығар. Өткен жылы қызымды «өшелішіге» түсіріп бер деп, мұны да құдай көреді-ау, мың сом беріп, кейін қызы өз күшімен түсті де ақшасын даулап жүрген. Сол болды.

Енді қайттім. Уһ, деп машинаға жетті ме дегенде. Қап. Қой, сол кемпір сүйегін сүйретіп келеді деймісің. Бүгінде көрге барып болған шығар, — топырағың торқа болғыр. Сотқа берсе ше? Туһ, қойшы, қай-қайдағыны айтпай…».

Өстіп тұрғанда мың болғыр он үшінші де келе қалды. Артқы есіктен енген Бөпіш еңсесін көтерместен, көз қиығымен жолаушыларды шолып өтті де «қауіпті» (билет тексеруші) ешкім көрінбеген соң жалп етіп бос орынға отыра кетті. «Сонымен, саңырау кемпір болды ма? Қой…. әлде машинаның тізімі бұзылды ма? Мүмкін емес». Оның иығына біреу қолын салғандай болды. Қараса, кішкене қара келіншек тұр. Билет тексеруші. Бөпіш жан қалтасын қағып қара бақырларын санап берді. Сосын ойлады: «Айпырмай, сонда не болды екен, а?».

Әлімбай ІЗБАЙ.

Қорқақ батыр

Ертеде бір аты шыққан қарулы батыр болыпты. Бірақ сұмдық қорқақ екен. Көбіне сол қорқақтығын білдірмей «мен батырмын» деп мақтана береді екен. Бірде ауылға жау шауып, жылқының бәрін қуып әкетеді. Ауылдың байы батырға келіп, әрі сынайын деп«жылқымды қайтарып бер» дейді. Бұл жылқының соңынан қуайын десе қорқып тұр. Бармайын десе батыр атағы бар, қарап жатуға тағы болмайды. Ақыры байға: «Маған ең жүйрік атты ерттеп, ерді мықтап байлаңдар», — дейді. Сондағы ойы жүйрік атпен қашып құтылу. Сөйтіп батыр жалғыз өзі жаудың соңынан қуа жөнеліпті. Арттарынан келе жатқан жалғыз қараны көрген ұрылар қорықпай сойылын ыңғайлап, тоқтап күтіпті.

Бірнеше ұрының өзін күтіп тұрғанын көріп зәресі кеткен батыр жолында өсіп тұрған теректі құшақтап сыпырылып түсіп қалуды ойлайды. Терекке жақындай бере құшақтап алғанда түбі шіріп тұрған терек батырдың қолында кетеді.

Ұрылар жүрек жұтқан жалғыз қуғыншының жолындағы өсіп тұрған теректі қару қылып жұлып алып, құйғытып келе жатқанын көріп зәрелері кетіп, жылқыны тастай қашқан екен. Сөйтіп, батырдың абыройы одан сайын асқақтай түседі.

АУЫЛ АЙТҚЫШТАРЫ

Маңғыстау өңірінде «Қошанай айтқан екен» деген әңгімелер өте көп. Ол кісі өмірден өтіп кеткен. Бірақ көзін көрген, айтқан әңгімелеріне куә болғандардың айтуынша, қалжың сөздерімен айналасын күлкіге қарық қылып жүретін адам болған дейді.

Кемпірдің құжаты

Бір әженің жеке куәлігі жоғалып кеткен екен. Қайтадан шығаруды біреуге тапсырғанмен, ол адам анау-мынау деп жүргенде 5-10 жыл өтіп кетсе керек. Әйтеуір, бұйырған күні құжатты алыпты. Құжат қолға тиген күні ертеңіне жасы келген әже о дүниеге аттанып кете барыпты. Кемпірдің садақасына барып тұрған Қошекең:

  • Апайды құдекең танымай жүр екен, құжаты келген соң жанын алыпты, — деген екен.

 Құлақ қиған

Бірде ауылға милиция келіп, тұрғындардың бәрін жинап үлкен жиналыс жасапты. Сонда біреу: «Ұрылар менің түйемнің оң құлағын қиып кетті» десе, екіншісі: «Менің түйемнің сол құлағын қиып кетіпті» деп жатса, Қошекең:

  • Бұлар түйе ұрлап жүргендер емес, түйе құрастырып жүргендер шығар, — депті.

 Күріш

Қошекең 1990 жылдары Жармышқа қайынжұртына көрісе келіпті. Ауылға айлыққа жаздырып күріш берген екен. Қай үйге барса да, ет қосып күріш береді дейді. Кезекті бір үйге барса, ол үй де  күріш басыпты. Сонда Қошекең қасындағы адамға:

 — Мыналар бірінің тамағын бірі жылытып беріп жүргеннен сау ма? — деген екен.

Бейнет

Қошанай бірде Рахат деген құрдасының көлігімен мал қарап шығып, машиналары далада бұзылып қалып ауылға жаяу қайтыпты. Қошанай сонда құрдасына:

  • Рахат дегенге еріп жүрсем, қу бейнет екенсің ғой! депті.

Қораны аластау

Қошанайдың қой қорасы өртеніп жатса керек. Завферма көршісі үй ішімен жанталасып шелекпен су тасып,сөндіріп жүре кен. Қолын артына қайырып,алыстан қарап тұрған Қошанайға шыдамай кеткен көршісі:

  • Ай, Қошанай, қора сенікі, неғып тұрсың?—десе, Қошекең:

Жақында Мерген емшіге барып едім. «Қораңа мал бітпейді. Ішін отпен аластамасаң болмайды» деп еді. Жақсы болғанын қарашы, депті.

***

Қошекең қой кезекке шығып ұйықтап қалыпты. Сөйтсе қойлардың алды сағат үш-төртте ауылға кетіп қалыпты. Содан кешкі алтыдан кете ауылға келсе, ауылдың адамдары «малды неге ерте жібердің» деп ұрысып жатыр дейді. Сонда Қошанай: «Шөпке тойған қойларды ауылға жібере бердім» деген екен.

 Жақсы болды

Бірде Қошекең құрдасымен мал қарап шықса, машиналары аударылып қалыпты. Төрт дөңгелегі аспанға қарап жатқан көліктен екеуі зорға дегенде шығып, шетке қарай барып отырыпты. Сол кезде Қошекең құрдасына қарап: «Жақсы болды ғой, көлігіңнің астын қарап алсайшы», —деген екен.

 Келесіде барамын

Қошанай көлігін жөндеп жатқанда бұрын үш рет үйленген жиені тағы келіншек алып келгенін хабар­лапты. Тойға шақыра келген балаға Қошекең:

— Сәлем айтарсың, қолым тимей жатыр. Келесі үйленгенде қалмай барамын, —депті.

Жинаған Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ.

 

…деген екен

Ақын Несіпбек Айтов пен талантты ғалым Тұрсын Жұртбай түйдей құрдас, әрі жастайынан бірге өскен айнымас достар. Екеуінің бірін-бірі қажап, сөзбен түйреп, қатты қалжыңдаса беретіні де қаламгерлер қауымына жақсы таныс.

Бірде Несіпбек Астанадан өзінің машинасымен шығып, Семей жаққа жолаушылап бара жатады. Екібастұздың маңайына жақындағанда қалта телефоны шыр етіп, «Тұрсын қайтыс болыпты» деген суық хабарды естиді. Жан досы ғой, ақын машинасын жол жиегіне тоқтатып, жанарынан жас тамшылап, дел-сал қайғырып отырып қалады. Артынша әлгі хабардың жаңсақ екенін айтқан тағы бір хабар келеді. Сөйтсе Тұрсынның Алма деген қызы ауылдағы кәрі әжесінің өмірден озғанын айтып, «апам қайтыс болды» дегенін бір ағайыны «папам қайтыс болды» деп естісе керек. Тұрсын туралы жаңсақ хабар содан шығып кетіпті.

Несіпбек шүкіршілік етіп, жолынан қалмай жүріп кетеді.

Семейден қайтып келген соң достары одан:

— «Тұрсын өлді» дегенді естігенде, ай… бір… қатты қуанған шығарсың? —деп қаузайды ғой.

Сонда Несіпбек:

—Өлді дегенде, әрине, қуанғам жоқ. Бірақ «тірі екен» деген хабарды естігенде қатты ренжідім!  — деп жауап беріпті.

* * *

Ұзақ жылдар бойы еліміздің Парламентін басқарған көрнекті мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов «Аңшылар қоғамын» ұйымдастырып, өзі соған төраға болады. Қоғам тарапынан «Қансонар» атты журнал шығара бастайды. Бірде осы журналдың редакция алқасын жинап, кеңес құрған басқосуда мына бір әзілді айтып ду күлдіріпті:

— Жасырып керегі не, аңшылар да, балықшылар да әсершіл, эмоцияға бейім, аздап мақтанғанды ұнататын жұрт қой, —деп Орекең алдымен кеңкілдеп күліп алды.

— Бірде сондай үш аңшы әңгімелесіп отыр дейді. Бірінші аңшы әнеугүні ай мүйізді екі бұғы қатар келіп қалғанда, жалғыз оқпен екеуін де атып алғанын айтып, мақтанады. Оны тыңдап отырған қалған екеуі немқұрайлы ғана: «Иә, ондай-ондай болады»,– деп мақұлдап, бастарын изейді. Сөз кезегін алған екінші аңшы түнеугүні көк жүзінде ұшып бара жатқан жеті қазды жалғыз бытыра оқпен қағып түсіргенін айтып бөседі. Тыңдап отырған ана екеуі: «Иә, ондай да болады», – деп нәумез құптап қояды. Үшінші аңшы да әңгімеге араласып, ана жолы артынып-тартынып аңға барғандарын, тау қойнауына шатыр тігіп, от жағып, дастарқан жайғандарын сөз етеді. «Бірақ, — дейді ол, — етті асып, дастарқанды жайып жіберіп қарасақ, арақ-шарап алуды ұмытып кетіппіз». Сонда ана екі аңшы жұлып алғандай: «Жоқ, ондай болуы мүмкін емес!»  — деп бастарын шайқап-шайқап жіберіпті.

Ел аузынан.

Дайындаған Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button