Пікір

Өзгеріс елді басқарудан басталмақ

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:

— Әлемдегі және көрші елдердегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайдың қиын кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы үлкен тарихи маңызға ие. Бұрынғы Жолдаулардан өзгеше болатынын халық қатты үміт етті. Біздің байқағанымыз, құрғақ сөз емес, ел болашағына қатысты елең еткізетін өткір мәселелер мен мақсаттар айтылды.

Жалпы мемлекет тарихында елді басқару туралы бірнеше тәжірибелер бар. Ол мемлекеттің құрылысына, басқару формасына, геосаяси жағдайына байланысты болып келеді. Яғни мемлекеттер монархиялық болса, елді монарх немесе сұлтан, әмір, император, король секілді тұлғалар басқаруы мүмкін. Бұл жүйе қазірде Ұлыбритания, Жапония, Сауд Арабиясы, Бруней сұлтандығы секілді мемлекеттерде бар. Бірақ «Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан жаңа» дегендей, әлемнің саяси картасындағы елдердің көбі президенттік басқару жүйесінде қалыптасып келеді. КСРО ыдырап тарих қойнауына кеткенде 15 одақтас республика тәуелсіздігін алғанда бәрі де президенттік басқару жүйесіне ауысқан болатын, бірақ парламенттік басқаруға  мүмкіндік берілмеді. Басқару туралы түрліше анықтамалар бар. Ежелгі Грекияда басқарушының қызметін анықтай отырып, Сократ: «Негізгі міндет — қажетті адамды қажетті орынға қою және нұсқаулардың орындалуына қол жеткізу» деген. Ал ХХ ғасырдың көрнекті менеджерлерінің бірі  жапондық Ли Якокконың ойынша: «Басқару — басқа адамдарды тиімді еңбекке бағыттау және нәтижеге жету». Демек, басқарушы мемлекеттің барлық адамына бірдей қызмет етуі қажет. Сондықтан бізге президенттік басқару формасынан халықтың сайлаған, халықтың мұңын ойлаған депутаттардан тұратын Парламенті күшті басқаруға көшу қажет деп білемін.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті күшті президенттік республикаға көшеміз», — деді. Бұл —  қоғамның рөлін күшейтуге бағытталған меритократиялық биліктің негізі. Меритократия дегеніміз — әлеуметтік шығу тегіне және қаржылық ауқаттылығына тәуелсіз, басқарушы лауазымдарды ең қабілетті адамдардың иеленуін ортаға қоятын басқару қағидасы. Көбіне екі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы арнайы қамқорлықтағы дарындардың арасынан басқарушылардың тағайындалуын жүзеге асыратын жүйеге сәйкес келеді. Кеңірек тараған екінші мағынасы дарынды және еңбекқор адамдарға еркін бәсекелестік жағдайында жоғары қоғамдық мәртебе иеленуге мүмкіншілік беретін алғышарттарды ұйғарады. Себебі елдің әлеуметтік мәселелеріне құлақ түретін, халықпен диалогқа келетін парламент қажеттігі уақыт талабынан туындап отыр.

Бұл Жолдауды наурыз айында  халыққа жеткізудің өзінде де үлкен мән жатыр. Қазақтың таным-түсінігінде жаңа жыл  жаңару, өсу, өркендеу, даму дегенді білдіреді. Демек, жаңару қоғамның барлық сатыларында бастау алмақ.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button