Әдебиет

Жақсылық жаршысы

Жазушы Тынымбай Төлепбайұлы — Байғанин топырағының перзенті, осы ауданындағы бүкіл қазақ халқына белгілі қаламгерлер шоғыры шыққан Жарқамыста туып, балалық шағы да сонда өткен. Оның тұстастары — ара-арасында ғана бала болып ойын қуып, ал көп уақытын ата-анасына, үй шаруасына көмекке жұмсай жүріп, ерте есейген буын. Ал ол кездегі ауыл балалары үшін ең басты рухани азық — көркем әдебиет еді.

Ол тұста кішігірім болса да кітапханасы жоқ ауыл болмайтын және бір ғажабы, сол шағын кітапханалардан қазақ әдебиетінің классиктері мен белгілі ақын-жазушыларынан басқа, қазақ тіліне аударылған, әсіресе балаларға оқуға қызықты әлем классиктерінің шығармалары да табылушы еді. Газет-журнал дегенің балаларға арналғанынан бастап, әдеби-көркем басылымдар, тіпті сонау Мәскеуден шығатын орталық басылымдарға дейін самсап тұратын.

Осының бәрі жас жеткіншектерді оқуға, білімге, білімді азамат болуға ынталандыратын. Кітапханаға бір бас сұға қалса, ондағы апайлар баланы мақтап, көңілін көтеріп, оқымасына да қоймастай еді. Біздің кейіпкеріміз де кітапханадан шықпай, әдебиетке өте-мөте жақын өскен балалардың қатарынан екен. Қаламгер болсам деп, сол кезден-ақ арман етіпті. Алайда «Адамның дегені болмайды, Алланың дегені болады» дегендей, мектеп бітірген соң технологиялық институтқа түсіп, инженер-технолог мамандығын алған.

Бұрынғы Кеңес дәуірінде жас маманның оқу бітіргеннен кейінгі еңбек жолын  партия мен үкімет шешетін. Жолдамамен жұмыс істеуге жіберген жерден бас тартуға болмайтын. Сол барған жеріңде ең кем дегенде үш жыл жұмыс жасауға міндетті болатынсың. Тынымбай да сол тәртіппен өзі білім алған оңтүстік өңірдің Жамбыл, Шымкент жағында біраз жыл еңбек етті. Тек өткен ғасырдың 80-жылдарында Ақтөбе жеріне оралған. Біраз жыл жырақтап, сағынып жеткендіктен болар, ағамыз туған жер десе тебірене сөйлейді. Оның ұғымында өзі туған Жарқамыста бәрі басқаша — жусаны да бөлек, бозторғайының әні де айрықша…  Ақтөбеде де ол кәсіби инженер ретінде елдің экономикасын, өзі туған өңірді дамытуға еңбек сіңірді. Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау зауытында қызмет атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шықты.

Бір қарағанда осындай өмір жолы сол тұстағы, яғни кеңес дәуірінің көптеген азаматтарына тән еді. Алайда Тынымбай Төлепбайұлының ішкі әлеміне үңілсең, жүріп өткен жолынан тек өзіне ғана тән ерекшелік ізін байқар едіңіз. Ол — ағамыздың балалық шақта басталған әдебиетке деген құштарлығын өмір бойы серік етуі, шығармашылықтан қол үзбеуі, өзі ойлаған арманын қайткенде де жүзеге асыруы. Бұл туралы Тынымбай аға облыстық «Ақтөбе» газетіне берген бір сұхбатында: «Әдебиетке, жазуға ынтықтығым балалық шақтағы кітапқа деген құмарлығымнан басталды. Жарқамыстағы кітапхананы туған үйімнен кем көрмедім десем де болады, мен үшін ол ауылдағы ең сүйікті, ең ыстық жер болды» — дейді. Сол ауыл кітапханасынан қазақ жазушыларының шығармаларынан басқа, қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің туындыларын, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың бірінен соң бірін оқиды. Солардың ішінде Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері», Жюль Верннің «Он бес жасар капитаны», Даниэль Дефоның «Робинзон Крузосы» және басқалары бар. Міне, осында қызығушылықтың арқасында «мен де осы әдебиет әлемінің бір кірпіші болып қалансам, бір бөлшегі болып қалсам» деген арман оның көкірегіне берік орнады. Жасыратыны жоқ, бұндай сәттер жас, балаң кезде кім-кімнің де ойына келеді. Бірақ бәрі бірдей ол асқақ армандарын өзімен бірге өмір бойы алып жүрмейді.

Балғын шақтағы балалық арман сол күйінде орындала бермейді. Біздің кейіпкерімізге, жоғарыда айтқанымыздай, әдебиеттен алшақтау, инженерлік мамандық бұйырып, ол мамандығы бойынша қызмет атқарып, жастық жалыны мен білігін, білімін жұмсап, абыройлы еңбек етті. Дегенмен қызметі мен қаламын қатар алып жүру мақсатын еш уақытта естен шығармады, қолы қалт еткенде жазып жүрді. Соның нәтижесінде сонау 70-жылдарда, кейін халқымызға танымал болған Қуандық Түменбай, Дидахмет Әшімхан сияқты сол тұстағы жас таланттармен бірге Тынымбай Төлепбайұлының әңгімесі де жастарға арналған жинаққа енді. Ол тұста бұл қазақ жастары үшін үлкен қуаныш, үлкен жетістік еді.

Әрине, өмір бойы өндірісте жүрген адамға тиянақты шығарма жазуға уақыт табыла да бермейтін. Сондықтан ол тек зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін бұрын бастаған, ойында жүрген туындыларын өндіріп жаза бастады. Соның арқасында жазушының «Өмір сыры», «Қанағат» әнгімелер жинақтары мен «Шырғалаң», «Ғасырлар үні», «Ұлы сезім» сияқты үш романы бірінен соң бірі жарық көрді.

Жалпы, әдебиетке егде тартқан уақытта келген жазушылар көп болған. Белгілі  америкалық жазушы Харриет Доеррдің алғашқы романы 74 жасында жарыққа шыққан, ал танымал  орыс жазушысы Сергей Аскаков көркем шығарма жазуға 50-ге қараған шағында ден қойған. Тынымбай Төлепбайұлы да қалың оқырманына кеш танылған қаламгер. Алайда Тәкеңнің олардан ерекшелігі, ол өзінің қаламгерлік талантын жоғарыда айтылған «Жас қалам» жинағына енген «Ымырт» әңгімесі арқылы жас шағында-ақ танытты.

Жазушы Тынымбай Төлепбайұлы — әдебиетке өндірістен келген қаламгер. Қазақ әдебиетінде ондай қаламгерлер қатары аз емес. Мысалы, классик жазушыларымыздың бірі Ғабиден Мұстафин еңбек жолын Қарағандының шахтасында темір жонушы (токарь) болып бастаған. Ал жазушы Қалмұқан Исабаев Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, оның бойын жаяу аралап, 15 жыл өмірін канал құрылысшылары арасында өткізіп, сол туралы кітап жазды. Олжас Сүлейменовтің бастапқы мамандығы инженер-геолог, ал жазушы Софы Сматаев металлург еді. Біздіңше, әдебиетке өзге саладан келгендер оған жаңа леп әкелді, өрісін, тақырып аясын кеңейте түседі. Міне, осы үрдісте Тынымбай ағамыздың да үлесі бар.

Шын мәнінде, жазушы боламын деген адамға, көп нәрсе керек. Құдай берген талант керек, саусағың мүйізделгенше қағаз қажағанда қажымайтын-талмайтын қуат керек, ерінбейтін-жалықпайтын еңбекқорлық керек, тіл байлығы керек, сезімталдық керек. Сол көп керектің бірі де, бірігейі де — өмірбаян байлығы. Ол жағы болмаса, қанша талантты болғанмен, біраз жылдан кейін ағысы жоқ өзендей баяулап қалатын суреткерлер бар. Бұл тұрғыдан алғанда Тынымбай ағаның қалам шабысы, тізгін қағысы ешкімге ұқсамайды. Ақын Жақсылық Айжанов жазушының осы ерекшелігіне меңзеген болуы керек, өзінің ол кісіге арнаған бір өлеңінде:

«Толғаса тарихты шамырқанып,

Жылдардың шежіресін таныр халық.

Инженер қай уақытта үлгерді деп

Отырмыз біздер бүгін таңырқанып», — деп толғаныпты.

Тынымбай ағайдың мінезі жайлы. Кейбір ақын-жазушылардың бойындағы бірде көл, бірде шөл, құбылмалы мінез бұл кісіде жоқ. Ол жарқамыстық жерлес қаламгерлермен де, басқа қаламдас әріптестерімен де ешқашан сыйластығын үзбеген. Ол жастық шағында қазақ тілі мен әдебиетінен өзіне сабақ берген, кейін танымал жазушы болған Тобық Жармағанбетов туралы айтып, оны жүрек жылуымен еске алса, өз замандасы бір мектепте оқыған өзіне арналған Тынымбай өлеңінің авторы Есенбай ақын Дүйсенбаевпен достық қарым-қатынасын қимастықпен айтады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлына сыйластық, тілеулестік лебізін білдіреді. Белгілі қаламгер Мәди Айымбетов туралы да жылылықпен айтады.

Жалпы әр адамның, азаматтың өзіндік өмірлік ұстанымы бар, өз мүддесі, қызығушылықтары бар. Бұл әсіресе жазушы қауымына, жалпы шығармашылық адамдарына  тән. Тынымбай Төлепбайұлының пайымдауынша, жазушы үшін ең бастысы — жақсы мен жаманды айыру жолында адамдарға ой салу, жер бетінен ізгіліктің, мейірімнің жоғалмауына үлес қосу. Тіпті өмірдің ұрлық, коррупция, тәртіпсіздік, тоғышарлық пен надандық сияқты жағымсыз жағын жазып отырып, оқырманды сондайдан біржола жеріндіруді, безіндіруді ойлау керек. Жазушы қандай тақырыпқа қалам тербесе де, түпкі мақсат біреу — адамгершілік өлшемінен аспау.

Жақсылыққа, нәтижеге адам талап-талпыныс, ізденіспен, еңбекпен жетеді, оны ешкім ешкімге жасап бермейді. Жазушының ойынша, өмірде адамға ең керек қасиет — төзім, сабыр. Сонан соң қандай қиындық, қандай өкініш болса да, адамның мақсаты айқын болуы және сабырмен сол мақсатқа ұмтыла беруі керек. «Сабыр түбі — сары алтын» деген, сондықтан да ол өзінің шығармаларында  жастарды адалдықты, шындықты ту етіп, жақсылыққа ұмтылуға, төзімді болуға шақырады. Оның  әдеби туындыларының басты арқауы — тіршілікте жас адамның алдынан шығар кедергілер мен кесапаттар және өмір тек соларды жеңе отырып қана мәнді де мағыналы болатынын көрсету. Сонымен қатар жазушының байқағыштығына, былайғы жұрт мән бермейтін жайттарды да жіті көріп, суретке айналдыра білетініне таңғаласың.

«Шырғалаң» романында өткен ғасырдағы социализмнің көрінісі баяндалып, қазақ халқының тағдыры суреттеледі. Шындығын айту керек, қазір бұрынғы Кеңес заманында өмір сүрген азаматтардың ішінде сол заманды аңсаушылар бар. Әсіресе «аға халықтың» арасында. Ол өз арамызда да бар. Алайда шындыққа тереңірек үңілсек, Кеңес заманының тоқырау жылдарында, ірі өндіріс орындарының, тіпті орта деңгейдегі өнеркәсіп орындарының бәрінің басшылары  «аға ұлт» өкілдерінен болатын еді де, тек содан кейінгі лауазымдарға, онда да  бірен-саран ғана қазақ азаматтарын қоятын. Сол басшылардың арасына кірген қазақтың жас мамандарына олар мұрындарын шүйіре қарап, «қолынан не келеді дейсің?» деген астамшылықпен мойындағылары келмейтін. Жазушы қазақ мамандарының осы халін өзінің «Шырғалаң» романында жан-жақты көрсете білген.

Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, адам баласы қандай ортада жүрсе, сол қоғамның ыңғайына қарай бейімделеді. Бәрі болмағанмен, көпшілігі ортаның, қоғамдық пікірдің ықпалынан шықпайды. Автордың «Шырғалаң» романында да үлкен комбинатта еңбек етіп жатқан күллі еңбеккер «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген қағиданы әбден мойындаған. Бұндай ортада адамдар шарасыздыққа мойынсынып, амалсыздан сол жүйеге көндігеді. Билікке меритократиялық жолмен келмеген басшылар сол жерге өз тәртібін орнатады. Оған көнбеген, онымен күрескендерге оңай болмайды. Сонан соң қарапайым еңбеккерлер амал жоқтықтан әртүрлі жолмен күнкөріс қамына көшеді де, сол жүйенің бір-бір тетігіне айналады. Бұның кейбір мысалдарын өзіміз де көрдік.

Жоспар орындау кеңестік заман экономикасының басты талаптарының бірі еді. Бірақ оның көбі қағаз жүзінде болатын. Көзбояушылық, өтірік ақпар, сапасыз өнім, т.с.с. келеңсіздіктің көпшілігі — сол кезден бастау алған құбылыстар. Ел арасында мемлекет мүлкі таусылмайтындай, оны жан-жақтан тонаудың еш әбестігі жоқтай көрінетін көзқарас та сол кезде қалыптасты. Сондықтан жеке адамдардың «басы артық тұрған» дүниені қойнына тыға салуы, «қолайсыз жатқан нәрсені қымқыра кетуі» етек алған бір заман еді. Ал санада ондай ұсақ-түйектен «мемлекеттің ештеңесі кетпейді» деген түсінік әбден орныққан. «Шырғалаң» романының авторы адам мен қоғам арасындағы осындай байланысты, сол байланыстан туындап жататын қоғамдық қатынастарды тап басып, танып қана қоймай, оны биік көркем шындық дәрежесіне жеткізіп көрсете білген.

Жалпы, дәстүрлі қазақ қоғамында жас ұрпақты ешкімнің ала жібін аттамауға, адал жүріп, адал тұруға, кісіге қиянат жасамауға тәрбиелейді. Шығарманың бас кейіпкері — осындай адами нормаларда тәрбиеленген жас инженер, басшы Жасжан ұжымдағы тірлікпен таныса келе, отбасы мен мектептің берген таза тәлім-тәрбиесінің мынау қоғамдық өмірдегі болмыспен қабыспайтынына, онымен мүлде кереғарлықта екеніне анық көз жеткізіп, көпшілікті харамдық пен қараулыққа қарсы ашық күреске шақырады. Бір ойласа кететін жайт, туғаннан көргендері ақша, жекеменшік, байыған үстіне баюды, еркін өмір сүруді көксеп өскен бүгінгі жастардың арасында Жасжандар бар ма екен? Жоқ деуге келмес. Бірақ сирек шығар-ау?..

Жазушы өмірінің жастық шағы да, жалынды кезі де кеңес заманында өткен, ал ол кезде негізінен екі мәселеге көңіл бөлінетін. Оның бірі шығарманың сол тұстағы идеологиялық ұстаным талабының шеңберінде болуы болса, екіншісі — қай сала туралы жазылса да, алдымен еңбек адамын, яғни еңбегімен жетістікке жеткендерді дәріптеу, үлгі ету.

Әділеттілік үшін айтқанымыз жөн, кеңес дәуірінде өндірістің, шаруашылықтың өсімі мен жетістіктеріне басымдылық беріліп, ал соны атқарып жүрген адамдар көлеңкеде қалатын; жаңа мен ескінің тартысы басты мәселе болады да, осы тартыстағы адамдар немесе ұлттар тағдыры көріне бермей, көмескіде қалатын. Ал адам, тұлға көріне қалғанның өзінде, көбіне ақылшы ретінде де, алдыңғы шепте де басқа ұлт өкілдері тұратын. Т.Төлепбайұлының шығармаларында алдыңғы шепке адамсыз өнеркәсіп пен шаруашылық емес, адамның тағдыры, соның ішінде еңбекке араласқан жастың да, жасамыстың да шырғалаңға ұшыраған өмір жолы, сол жолда басынан кешкендері шығарылыпты. Өйткені қашанда әдебиеттің басты мәселесі — шаруашылық емес, адам!

Жазушы шығармаларында қарапайым адамдар арасындағы ащылы-тұщылы кісілік қатынастар, махаббат пен сүйіспеншілік, өзара сыйластық та бар. Ал әр саладағы еңбек адамдары арасындағы өздеріне тән тірлік, тіпті сөз сөйлеу мәнерлері мен ой қорытулары барынша өмірдегідей шыншылдықпен, шынайылықпен берілген. Бұл өз кезегінде жазушының өз туындыларына аса үлкен жауапкершілікпен  қарайтынын көрсетеді.

Тынымбай Төлепбайұлы — өз заманының рухани-мәдени болмысын терең игерген қаламгер. Ол өмірде себепсіз салдардың болмайтынын біледі. Баспасөзде басқа шығармаларынан гөрі көбірек талқыланған «Шырғалаң» романының мазмұны, ондағы оқиғалар — бұған дәлел. Айталық, бір үлкен кәсіпорынды уысында ұстап, ширек ғасырдай бастық болған кісінің сырт көзге мығым, тамыры тереңге кеткендей болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ ондай басшының басында да ауыртпалықтар жеткілікті. Өмір ешқашан өз орнында тұрмайды, заманына қарай адамдар да, олардың талғамдары мен түсініктері, талаптары өзгеріп отырады. Бұл өндірістік техника мен жаңа технологияға да қатысты. Ал оған сәйкес келмесең, ол сенің әрбір қадамыңнан көрініп тұрады. Алайда жайлы орынға әбден үйренген басшылар, қоғам, ұжым мүддесі дегенді былай ысырып қоя тұрып, ең алдымен, жеке басының мүддесін басты орынға шығарумен әуестенеді. Сондықтан ондай адамдар айналасына өзін өтірік-шынды пір тұтатын, білімі таяз, кәсіби тұрғыдан білігі төмен адамдарды жинап, қайсыбір тұста рушылдыққа салынып, трайбализмге ұрынып, жаны да, ары да таза, көңілі ақ, жүрегі дүние кіріне былғанбаған жас адамды, жаңаша ойлайтындарды, сол кемшіліктер мен кінәмді біліп қояды, сырым ашылады деп жолата қоймайды. Бұл ауру бүгінгі қоғамда да індетке айналды. Айтыс-тартыс, өтіріктің, арамзалықтың етек алуы, адал еңбек, маңдай терсіз баю көздерінің ашылуы, тойымсыздық, қанағатсыздық, ал бәрінің соңы — абыройсыздық. Бұл — жеке адам үшін де, қоғам үшін де келеңсіз көрініс.

Әр жазушы халық алдындағы, тарих алдындағы азаматтық парызын өзінше өтейді. Бірі халқының ертедегі ерлік шежіресін тәптіштеп зерттеп, ой көзімен таразылап, халқына, келер ұрпаққа сабақ есебінде өз тұжырымын ұсынуға тырысады. Біреулері арғы-бергі қаһармандар ішінен өзі ұнатқан, пір тұтқан тұлғаның өмір жолын зерттеп, соның елеулі бір сипатын, ерлігін, азаматтығын ұрпақтарға үлгі етіп, тарихта қалдыруды мұрат етеді. Тағы бір тобы өзі өмір сүрген дәуірдің елеулі құбылыстарына суреткерлік көзбен зер сала үңіледі, өз замандастарының ішінен типтік қаһармандар табады да, олардың өмірін шығармашылығына арқау етеді, айналасындағы адамдардың бойындағы ізгі қасиеттерді паш етіп мадақтайды, ұнамсыз, келіссіз атаулыны шенеп-мінейді. Сөйтіп, күнделікті өмір ағымына жедел ықпал етуді, келер ұрпаққа өз дәуірі, өз замандастары жайлы ескерткіш қалдыруды мақұл көреді.

Тынымбай Төлепбайұлы шығармалары қандай тақырыпты қозғасын, ешқашан ескірмейді, өзінің өзектілік мәнін жоймайды. Өйткені ол үнемі адам мінезінің астарын ашуға құлшынады. Мінез стихиясын тереңдете зерттейді, тебірене жазады. Ол — сезімнен ой, ойдан пайым өруге ұста, психолог суреткер. Жазушының тек қана өзіне тән сөз саптау, сөйлем құрау машығы бар, өзіне тән ойлау, жазу стилі бар. Ойымыздың дәлелі ретінде жазушының «Ұлы сезім» романындағы зейнеткер Нұрлан мен гүл сатушы жас келіншек Гүлжанның арасындағы шынайы сезімдердің шығарманың әр жолында, әр тұсында өзгеше сыршылдықпен, өмір шындығымен баурап отыратынын еске түсірелік.

Жазушының ізденіс ерекшелігі туралы ұзақ әңгімелеуге болар еді. Қаламгердің қаншалықты көп оқығаны бізге беймәлім, алайда шығармаларынан оның көп тоқығаны көрініп тұрады.

XXI ғасыр мінезінің күрделініп бара жатқаны сонша — адам құбылысы сан алуандығымен, әрқилылығымен таңғалдырады. Жаңа ғасыр бізге жаңа пайым, жаңа таным әкелді. Ал жаңа танымнан тосын қимыл, тосын қимылдан тартыс өрбиді. Жазушы шығармасындағы ойшылдық, пәлсапашылдық ойдан ой тудырады, жаңа идеяларға жетелейді. Көне грек философы Платонның: «Дүниені ұстап тұрған — идея, идея өлген күні арғы жағы — таусылу, тоқырау» — деуі де тегін емес.

Жазушының көркемдік әлеміне зерделей үңілген жан оның идеяшылдығына тәнті болады. Тәкең — өте дегдар әрі кірпияз жазушы. Көлем қумайды, санның соңынан жүгірмейді. Шалажансар, күлдібадам асығыс-үсігіс жазылған еңбегін оқырманға ешқашан ұсынбайды. Жауапкершілік құдіретін қатты ұстанады. Сондықтан да әр туындысының иін әбден қандырып, ой сүзгісінен өткізеді, төзім мен шыдам, міне, осындай-ақ болар. Ал мұндай қасиеттерді барлық шығармашылық адамдарынан кезіктіре бермейтініміз өкінішті-ақ.

Қазіргі заманның азаматтық позиция ұстанған парасатты жазушылары жазар алдында терең ойланып, жазу үстінде өзін құлдай қинауы керек. Жаңа идеялар  мен жаңа пайымдаулар жасап, өмірдің ащы-тұщы шындықтарын елеп-екшеп, мейлінше сұрыптап, барша адам атаулыны толғантып жүрген ізгілік пен жауыздық, махаббат пен зұлымдық, адалдық пен аярлық, қиянат пен қайырымдылық,  найсаптық пен кісілік, озбырлық пен момындық, қалай болғанда да, әйтеуір, баршаға ортақ қайғы мен қуаныштың мағұрып пен машырықтай алыс аралығын қиялмен шарлап, адами ойлар мен адами топшылауларды қазақы санаға еркін сыйдырып, олардың бәріне қазақы реңк, қазақы бояу сіңіріп, ұлттық ой-сананың бүгінгі көрінісіндей етіп оқушыға ұсына білуі керек. Тынымбай — осы талаптар биігіне шыға білген жазушы. Сондықтан да оның шығармаларын санмен емес, сапамен өлшегеніміз абзал.

Жазушы Тынымбай Төлепбайұлы шығармаларындағы оқиғалар мен сан қилы ситуациялар тек есте қалар ірілігімен, жүрекке жылы тиер шынайылығымен ғана емес, осылардың бәрінің қазақы болмыс, қазақы психология, қазақы таным арқылы берілуімен де ерекшеленеді. Жазушы шығармаларын оқи отырып, «Адам ең көп азапты қарапайым ақиқатты, шындықты елемегеннен шегеді» — деген Ф.Ницшенің анықтамасынан бастау алатын философиялық ой-тұжырымдар тізбегі  барған сайын тереңдеп, бүтін бір ой аралына түсіп кеткеніңді байқамай қаласың. Жазушы өмірден әдебиеттің шындығын, ал әдебиеттен өмірдің шындығын іздейді. Азаматтық — адам қоғамындағы бар құбылысқа ар көзімен қарап, ақиқатты айта білу, шындық үшін күрес. Шындық қайда болса, әділдік сонда, ал әділдік ту тіккен жерде шындық салтанат құрады. Нағыз жазушы, адамды, қоғамды, табиғатты танытумен ғана айналыспайды, түптеп келгенде, адамды, қоғамды, табиғатты шыңдаумен де айналысады.

Адамгершілік, ізгілік, шындық, әділеттілік туралы ұлттық ұстанымдар мен идеялар жазушы шығармаларының эстетикалық, образдық жүйесіне, көркемдік тұтастығына берік негіз болған әлеуметтік іргелі факторлар қызметін атқарады. Содан да болар, қаламгер ұсынған ой мен идея өзегінен адам жанының жарығы мен жылуы, пенденің ар алдындағы адалдығы мен азаматтығы — оның өзінің де,  айналасының да бағы мен бақытын ашатын құдіретті һәм жасампаз күш деген ұғым өріліп шығады. Жазушы шығармашылығының алтын арқауы — адамның адамгершілік қадір-қасиеті, ар алдындағы адалдығы мен тазалығы, өтірік-өсек пен қулық-сұмдыққа, мансапқорлық пен дүниеқорлыққа, қызғаншақтық пен көре алмаушылыққа қарсы күрес. Бұл тұрғыдан алғанда, Тәкең — адамгершілік биіктіктің, азаматтық тереңдіктің жазушысы. Қаламгер өзінің дүниетанымы, өмірлік  ұстанымы, басынан өткен оқиғалардың сабағы арқылы адам жанының көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін әлеуметтік психологиялық қозғаушы, тербетіп-тебірентуші күштерін ашады, олардың ізгілікті, иманды ағындарын суреттейді, сондай-ақ пендешіліктің баянсыз, ессіз, адамгершілікке жат сарындары мен олардың бір-бірімен бітіспес күресін де көрсетеді.

Қандай жазушы да, егер ол шын мәніндегі шығармашылық адамы болса, оның жаны ерекше болады. Өйткені ол — ойдың адамы. Күні-түні үстінде үлкен жүк, зор жауапкершілік тұрғандай болып, жұмысы да ешқашан бітпейді. Себебі ол — елдің де, халықтың да тамыршысы. Біздің қазіргі заманымыз, кейіпкерлеріміз туралы кітаптың аз болуы жазушылардың материалдық та, моральдық та, тіпті әлеуметтік-қоғамдық та жағынан тәуелділігінде болып отыр. Рухани аштықтан адам өлмейді, бірақ көп жағдайда адамшылық қалпынан айырылады. Ұлттық салт-санадан ажырайды. Әдебиетінен айырылған ел ақшаның құлы болып, арды аяққа басады. Әдебиеттен айырылу — ұлттық рухани экологияға ұрыну. Халық рухани аштыққа ұшырамауы керек, ондай жағдайда ұлт идеологиясыз қалады, жас ұрпақ тәрбиесіз кетеді, ата-баба дәстүрінен, салт-санадан айырылады.

Адамзат тарихындағы ең басты қайшылық — тұлға мен қоғамның өзара байланысы. Себебі қоғам мойындамаса, тұлға қанатын кеңге жая алмайды. Бірақ қоғам көбіне тоңмойын, керенау бірқалыпты тірлікке бейім. Ол жаңалық пен өзгерісті жақтырмайды. Өйткені ол өсіп-өніп, болып-толған, өзіне дән риза. Әйтсе де Гераклит, Сократ замандарынан бастап философтар, егер қоғам әрдайым өзін-өзі тексеріп, түзетіп, жаңартып отырмаса, оның өзіне ризашылығы, мақтанышы түкке тұрмайтынын дәлелдеген. Біздің қазіргі санамызда да көп нәрселер алдын ала ойланып қойылған сияқты және ең қызығы, мұндай алдын ала үкім шығарып қою дарынсызға емес, талантқа қарсы ұйымдастырылады. Біздің қоғамдық пікір санап жүргеніміздің бір бөлігі — кадр сыртында, жасырын қалатын белгісіз біреулердің айтағынан туған ырыл мен жырыл. Өкінішке қарай, біз көбіне қоғамдық сананың орташа деңгейімен санасуға дағдыланғанбыз. Ал биылғы  қайғылы Қаңтар оқиғасы тәуелсіз елге жаңа бағыт, жаңа ұстаным, жаңаша ойлау қажет екенін көрсетті. Ұлттық санасы жоғары деңгейде дамыған, әлеуметтік әділеттілік орнаған Жаңа Қазақстан туралы айта бастадық. Өйткені біздің жас ұрпақтың қоғамдық санасы да, білім-білігі де заман талабына сай өз биігінде болуы керек. Осы мақсатқа жетуде ұлтқа рухани азық беретін шығармашылық адамдарының, соның ішінде Тынымбай Төлепбайұлы сияқты жазушылардың жөні бөлек!

Кезінде әйгілі Төле би: «Адамның басшысы — ақыл, шолушысы — ой, жетекшісі — талап, қоғаушысы — сабыр, сынаушысы — халық, таусылмайтын — арман, ең қымбаттысы — ар сақтау, бәрінен ардақтысы — өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі — сыйластық» — деген екен. Көңілі жарық, жүрегі жылы Тәкеңнің сыйласы мен қимасы көп. Ол — өзіндік адами болмысымен, шығармашылық қуатымен, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын тұлға. Қолымызға қалам алып, бүгінгі мақаланы жазуымызға себеп болған да өзінің адал ісімен, білімімен, шығармашылығымен еліміздің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан, бірақ онысын жарнамаламайтын осындай жандарды ел-жұрт, келер ұрпақ білсе екен деген ниет еді.

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Back to top button