Әдебиет

Ақынның асыл болмысы

 немесе Сәбит Баймолдиннің бес қасиеті хақында

Қазақтың көрнекті ақыны Сәбит Баймолдиннің туғанына бүгін 80 жыл толды.

Сәбит Баймолдин 1942 жылдың 5 наурызында Байғанин ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Ақынның алғашқы жыр жинағы 1966 жылы 24 жасында жарық көрген. Көзінің тірісінде оннан астам кітабы жарыққа шықты. Ақын мұрасы халқымыздың рухани қазынасының бір бөлшегі ретінде мәңгі жасай бермек.

Ал біз бүгін ақынның азаматтық тұлғасы, адами болмысы туралы сөз қозғағымыз келеді. Сағи Жиенбаев оны «еркін ой, ерек мінезді» адам депкөрсетеді. Расында, Сәбит ақын —заманы, ортасы таңған түрлі жат мінез-құлықтанөзін аулақ ұстай біліп, халқының мыңдаған жылдар бойы Ұлы далада тамыр жайған асыл құндылықтарын жанына жалау етіп ғұмыр кешкен жан.

Ақынның тұңғыш перзенті, дәрігер-физиотерапевт Ләззат Баймолдинамен әңгімемізді оқырманға ұсынамыз.

«Әкемнің басты қасиеті шыншылдығы еді»

 Әкемді білетін адамдардың бәрі, ең алдымен, оның шыншылдығы туралы айтар еді. Ол не ойласа да, тіке айтатын. Қандай да бір пайда ойлап, біреуді жағымпаздықпенмақтағанды, өтірік айтқанды ұнатпайтын. Ондай адамдардан аулақ жүруге тырысатын, — дейді Ләззат.

Өзі де осы қасиетті бәрінен жоғары қоятынын айтты:

Әкемнен «жұққан» болса керек, мен де ойымдағыны тура айтқанды ұнатамын. «Кім не айтса да, тіке айтса екен» — деп ойлап отырамын. Негізі, шыншылдық — көп адамға ұнай бермейтін мінез. Турашылдығынан әкемнің жапа шеккен кездері де болды. Бірақ соған мойыған жоқ. Өйткені қайткенде де шындықтың жағында болу оның басты ұстанымы еді. Сол мінезінен ығысып, кейбіреулер оны «қатал» деп те жататын. Ал кейде өзін «ағат кеттім» деп есептеген жағдайда әкем ол адамнан кешірім сұрайтын. Бізді де соған үйретті. «Өмірде адам қателеспей тұрмайды. Қателескен жағдайда, кешірім сұрай біліңдер. Кешірім сұрағаннан ешкім кішірейіп қалмайды, керісінше, ол — адамгершіліктің белгісі»,— дейтін.

Сәбит Баймолдин Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазМУ) филология факультетін бітірген соң, еңбек жолын өзінің туған жерінде ұстаздықтан бастаған. Ақынның ауылдасы, әріптес інісі, білім беру саласының ардагері Серікбай Қайдасов та оның әрдайым әділетке жақ болуға ұмтылғанын еске алды. «Мектепте бірге еңбек етіп жүрген кезімізде ол маған үнемі: «Қандай жағдайда да әділдік жағында бол» деп отыратын», — дейді.

«Оян, ақын, тартқылаймын жағаңнан.

Мен — ел рухы, тілекшің де, аларман.

Ақын болып жүре берер түрің бар,

Айда-жылда бір көрініп алаңнан», — деп келетін өлеңінен-ақ оның ақын болуды ең алдымен әділдіктің, шындықтың жоқшысы, ел рухының жанашыры болу деп түсінгені,өлең жазумен, елдің құрметімен шектеліп күн кешкен ақындарды бар жан дүниесімен айыптағаны аңғарылады…

Туған тілге адалдық

Сәбит ақын мен жары Жантөре жеті бала тәрбиелеп-өсірген. Балалар мектеп жасына жеткен кезде, отбасы облыс орталығында тұратын. Ақын бұл жылдары «Қазақстан мұғалімі», «Стальная магистраль — Болат жол» басылымдарында, сондай-ақ облыстық кітапқұмарлар қоғамының басқармасында еңбек етті.

Кеңестік заманда Ақтөбенің орыстілді қала болғаны белгілі. Ақтөбе ғана емес, жалпы, Қазақстанның қай қаласында да орыс тілін білмейтін адамның күн көруі, жақсы қызметке орналасуы қиын еді. Жұрт жаппай балаларын орыс мектебіне беруге тырысты. Өйткені орыс тілін жетік білген адамның ғана болашағынан зор үміт күтуге болады-мыс. Тіпті қазақтың сөз өнерін серік еткен, мүйізі қарағайдай қаламгерлерінің өзі балаларын орыс тілінде оқытты, туған тіліне іс жүзінде жанашыр бола алмады. Қаламгерлердің сөзінен ісі басқа екіжүзділікті қабылдай алмайтын аз тобы ғана балаларын қазақ мектебіне жетелеп апарды. Сәбит Баймолдин сол ат төбеліндей аз топтан еді…

Жетеуміз де қазақ мектебінде оқыдық. Отбасында да тек қазақша сөйлесетінбіз. Алайда Ақтөбеде ол кезде орыс тілі үстемдік құрып тұрған еді. Бала болған соң көптің тіліне ермей, ортаға еліктемей тұрмайды. Соның әсерімен кейде орысша сөйлей бастасақ, әкем ренжіп қалушы еді. Қазақ мектебіне берсе де, ортаның әсерімен орыс тіліне бейім болып кете ме деп ойлады ма, әкем бізді қазақша кітап оқуға баулыды. 5-сыныпта маған «Абай жолын» оқуды тапсырды. Бала түгілі, үлкен адамның оқуы қиын дүние ғой? Бастапқыда парақтап қарап, қоя салатынмын. Кейін қызығып, оқитын болдым. Кітап оқудың арқасында, қалада өссем де, тілді жақсы меңгердім. Сондықтан әкем менің журналист болуымды қалады. «Мектепті бітірген соң, журналистика факультетінебарсаң қайтеді?» — деп ұсыныс та айтты. Бірақ мен дәрігер болуды қаладым, ал әкем өз тілегінен гөрі менің қалауымды құптады, — дейді ақынның қызы.

Айта кетейік, «баланың ертеңі» дегенді сылтау етпей, алдымен тілінің болашағын ойлап, қазақша оқытқаннан Сәбит ақынның балаларының ешқайсысы да қатарынан кем қалған жоқ. Бәрі де жоғары білім алып, дәрігер, мұғалім, экономист, т.б. мамандық иесі атанды.

Ананың ақ батасы

Сәбит ақын — үш бірдей ананы баққан перзент.

Үйде үш әжеміз болатын: өзімнің әжем, яғни әкемнің анасы — Қылаң, әкемнің әжесі Ақбөпе мен нағашы әжесі (Қылаңның анасы) Талшын. Мен әжемнің қызы едім. Ал әкемнің анасына деген құрметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес… Ол үйге келгенде ең алдымен анасына барып амандасатын, үйден шыққанда анасымен қоштасып шығатын. Анасының айтқанын заң секілді қабылдайтын. Анасын ең жоғары сый-құрметке лайық жан көретін, — дейді Ләззат.

Сәбит ақынның анасына деген осы құрметі оның көзін көргендердің аузында әлі күнге дейін аңыз болып келеді.

Ал анасынан айырылған кезде ақын шексіз қайғырады:

«Анасыз мына ғұмыр қызық емес,

Бәрі де үзік елес.

Тойым да тойдан бөлек,

Анасыз мына ғұмыр қызық емес.

Көңілдің жоғалғандай бар ұғымы,

Айта берем әлі мұны.

Ешқайсысы секілді түгенденбес,

Ұшты-күйлі жоқ тіпті «жарығымы».

Шалғайдан шаршап келсем күніге тым,

Сәбиім бар ғой менің жүгіретін.

Жоқ бірақ, жоқ қой кісі

Бетіме қайта-қайта үңілетін…»

«Дастарқанға ішімдік қойғызбайтын»

Сәбит ақынның анасының қас-қабағына қарап, шексіз сыйлап ғұмыр кешкенінің бір белгісі — арақты ауызына алмай өткені.

Әрине, қазіргі буынға мұнда тұрған ешқандай ерекшелік жоқ секілді көрінуі мүмкін. Бірақ ол басқазаман еді. Ол қазақ арасына орыс қоғамының заңдары дендеп енген, сананы әбден жаулап алған уақыт болатын. Арақ ішпеу, үйге келген қонаққа арақ қоймау сыйламағандықтың белгісі ретінде қабылданды. Қанша сорақы болғанымен, жұрт жаппай ұстанған бұл «қағидаға» қарсы тұруға екінің бірінің жүрегі дауаламайтын. Әсіресе… қаламгерлердің ортасында.

Алайда өзі өмір сүрген қоғам, ортадан гөрі, анасы сіңірген құндылықтарды артық көрген ақынның жүрегі дауалады:

«Үйретті ғой бізді бәрі,

Жесір ана. Тағдыр. Сабақ.

Қыз баладай жүрмін әлі,

Ерініме тимей шарап.

Әйел алған думанымда,

Рет бар-ды маған енді.

Жұтқым келіп тұрғанымда,

Қолымды анам қаға берді…».

Ләззат:

Әкем бізді де «қолдарыңа арақ алушы болмаңдар!» деп тәрбиеледі. Өзі арақ ішпек түгілі, дастарқанға да әкелдірмейтін. Бұл ісі сол заманның түсінігіне мүлде кереғар еді. Сондықтан үйге келген кейбір қонақтар ренжіп те кететін. Бірақ әкем алған бетінен қайтпайтын мінезімен сол әдетінен танбай кетті. Тіпті арақ ішілген жерлерге барғысы келмей, тойлардан, ырду-дырду жерлерден тартынатын. Үйде ешкімге карта да ойнатпайтын, — дейді.

Жан серігі — кітап

Ырду-дырду, бос даңғазаны ұната бермейтін ақынның ең көп аралайтын жері  кітап дүкендері еді.

Әкемнің өзі облыстық кітапқұмарлар қоғамының басқармасында еңбек етті, ал анамыз кітапханашы еді. Кейіннен өзіммен тете сіңлім, «әкесінің қызы» Ләйлә да кітапханашы болды. Әкемнің кітапқа деген құштарлығы ерекше еді. Ең бір сирек, қажетті кітаптарды таңдап, іздеп оқитын. Өзіне кітап сыйлағанды ұнататын. Басқа сыйлық апарсақ, «Мұның ақшасына кітап алатын едім ғой» деп өкінетін. Кітап дүкендерінен өзі іздеген кітапты таба алмаса, поштамен жаздырып алдырушы еді, — дейді ақынның қызы.

Ақынның осылайша тірнектеп жинаған кітапханасы да бүгінде елдің ортақ игілігіне айналды. Жары Жантөре оның кітаптарын шашау шығармай, ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап келді. Кейіннен Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық кітапханасының сұрау салуымен, бұл мұра ақынның туған өлкесіне оралды. Қазір осы кітапханада сақтаулы.

Индира ӨТЕМІС.

Сәбит БАЙМОЛДИН

Мен көктеммін,

Күз деп жүрген кім мені?!

Өте берсін өткен күн,

Қуанта берем дүниені.

 

Мен көктеммін,

Қыс деп жүрген кім мені?!

Еш ызғарым жоқ менің,

Өсіп тұр өлең-гүлдерім.

 

Күз болсам бұлт боп, япыр-ай,

Қараңғы тартып бір ауық,

Қабағым бір күн ашылмай,

Жан болмас па едім жылауық?!

 

Қыс болсам, сәлге шытынап,

Жөнді сөз таппай жолдаспен.

Жаны — айқай, жерде жоқ тұрақ,

Ұйтқыған боран болмас па ем?!

 

Мен көктеммін,

Күз деп жүрген кім мені,

Қыс деп жүрген кім мені?!

Япыр-ай, мұңсыз жаныма,

Мұнысы әлдекімдердің

Салғысы келген мұң ба еді?!

АҚТӨБЕ ӘНІ

Мақтаныш қанат болып поэзияма,

Мен жетем қияндағы ақ таңдарға.

Ақтөбем — жап-жас қала, жап-жас ұя,

Жүрегімде салынып жатқан қала.

 

Бұ қала сол үшін Күн, сол үшін Ай,

Мен де бір ақыны едім,

Көшелері созылған қол ұшындай,

Жаныма жақын менің.

 

Кем болады көктемі, неге кеші,

Ақтөбедей ақ сарай, отау үйдің.

Нұрпейістің осы біз немересі,

Осы біз інісіміз Тахауидың.

 

Құдіреті — кісілігі бұ халықтың,

Құдіреті — кеңдігі бұ алаптың.

Саусағымыз осы біз Жұбановтың,

Осы біз кетпеніміз Шығанақтың.

 

Бұ қала сол үшін Күн, сол үшін Ай,

Мен де бір ақыны едім.

Көшелері созылған қол ұшындай,

Жаныма жақын менің.

ФӘНИ

Сүмбіледен сөнген шоқтардан,

Аспаным орын босатсын.

Шайтандар атқан оқтардан,

Өмірзаялар қоса ақсын.

 

Бауырын көлдің қаз тіліп,

Рахат дәурен салдырсын.

Балапан талды мәз қылып,

Жел тербетіп қандырсын.

 

Нажағайлардың қылышын,

Шабыттар алып тағынсын.

Қариялардың қылығын

Өлеңнің жолы сағынсын.

 

Жағаңда жатып жаз арман,

Қаныңа сенің өрт толсын.

Маған да көзеу ажалдан,

Перінің қызы мерт болсын.

 

Дария — жеңгей кең етек,

Он екі құрсақ көтергей.

Асықпа, фәни, және тек,

Жанартаулар өт өрмей.

 

Дүрсілдеп ағып өр теңіз,

Алуан шашсын жас қиял.

Жасара берсін қайтеміз,

Махаббат деген естияр.

 

Ән тіреп тұр ғой қолқамды,

Емес пе ғажап, дариға, ән.

Төсімде шапқан тұлпарды,

Үркіте көрме, фәни-жан.

***

Саны аз халық болады,

Жер айтады ол жайлы.

Жаман халық жоқ әлі,

Кіші халық болмайды.

 

Аздығы емес кішілік,

Кішілік емес мазмұны.

Сан халыққа түсінік:

Тағдыры шығар аздығы.

 

Ойлана жүрем әр күні,

Сәлемді беріп сан күйге.

Сорлылықтың барлығы

Әділетсіздікте, әрине.

 

Ұлт үшін де біл ұғып,

Мынау шын сөз замандық:

Кісі бола білу — ұлылық,

Ұлықсыну — надандық.

***

Туған елден мына Біз не алмадық?

Туған жерден мына Біз не алмадық?

Одан жақын көргем жоқ дүниеден,

Көңіліме қондырды бір күні өлең.

 

Бәрін бізге беріпті осы қауым,

Жалғыз ауыз сөзбенен «сенем» деген.

Одан жақын көргем жоқ дүниеден,

Көңіліме қондырды бір күні өлең.

 

Бәрін бізге беріпті осы қауым,

«Адам болшы, адам бол» дегенменен.

Туған елден мына Біз не алмадық?

Туған жерден мына Біз не алмадық?

 

Ғұмыр-сағат бір шақта тоқтайды екен,

Қарызым көп…

өтем бе жаттай бөтен?

Оу, елімді ұмытпай,

ұмыттырмай

Жүретін болсам ғана ақтайды екем.

Мен солай ілем шығар, көзімді ілсем,

Өзіңнің міндетіңді өзің біл сен.

ОЙ

Қызғалдақ бүр ашты ма, гүлденді ме?

Кең қойнау жылдағыдай түрленді ме?!

Сапырыла сағым көшіп осы кезде,

Түсіне меніменен бірге енді ме?!

 

Сылқым көл ұйқысынан оянды ма?

Ақ қайың жасарды ма, боянды ма?

Көктегі ақша бұлтқа ұзақ қарап,

Кеуілі әлденендей ой алды ма?!

 

«Жыланды» жылдағыдай тасыды ма?

Бал мінез бірге тасып, жасыды ма?

Көліне келіп жатқан құсты көріп,

Ұшқысы келді ме екен ғашығына?!

 

Сәуірдің жан балқытар шуағы ма?

Мөлдір көк қара судан бу алды ма?

Қуалай соғатұғын қоңыр желмен

Келді ме менің даусым құлағына?!

 

Қоп-қою түн келді ме, үн келді ме?

Бір хабар күле шыққан күн берді ме?

… Бәріне қарай-қарай менің сәулем,

Бір жылап, бір күлімдеп үлгерді ме?!

***

ҰЙҚЫ

 

Ұйқыдан қорқам осы мен,

Не деген бейқам, ойсыз шақ.

Ағылған дүние көшінен,

Кешігу аз ба онсызда-ақ?

 

Сүйрей бер мені, көк жайлау,

Ұйқы не ол, тек қол байлау.

Қылмыс-ау осы жүрекпен

Күн сайын ұзақ толғанбау.

 

Көк балақ балғын көктейін,

Булығып өстім көп кейін.

Не деген ұйқы он сағат,

Осы мен ұйықтап кетпейін.

 

Құбылыс көп-көп қырда сан,

Шығады қалай? Гүл қашан?

Кім ғашық дер мені дүниеге,

Қалт етпей қарап тұрмасам?!

 

Жаңар, дүние, жаңар, күн,

Ұйқысы құрсын, табармын.

Күйбеңді мұрат санасам,

Тәйір-ай, туған жерімнің,

Нұрына тоймай қалармын.

 ТАҢ ТОРҒАЙЫ

 Ән салған,

Тамсанған

Таңның торғайы!!!

 

Үніңнен айналдым,

Тұрсың жар салып.

Жаздың айларын,

Таңнан қарсы алып.

 

Сен ерте дүрліктің

Қалғымай не түнде.

Тұрасың тірліктің,

Бірінші бетінде.

Таңның торғайы!

 

Асыл таң ағарып,

Келеді жай атып.

Ақылдан жаралып,

Жүрсің ғой оятып.

 

Барлығың бірігіп,

Басқа ой азайып.

Жасайсың ірілік,

Неткен ғажайып.

Таңның торғайы!

 

Көңілден күй ат тек,

Жоқ ойдың аласы.

Екеуміз сияқты ек,

Даланың баласы.

 

Сау болсын ел-ана,

Сау болсын жер-ана.

Біздей жыршысы,

Қуанбай бола ма,

Мақтанбай бола ма?

 

Жарыққа қуанған,

Мәңгілік қосқан үн.

Сонымен уанған,

О, менің достарым,

Таңның торғайы!

МІНЕЗ

Неткен біздер сұсты жанбыз,

Шыншылмыз тым біздер неткен!

Әзіл-оспақ аралассыз,

Сүрген ғұмыр ақ ниетпен.

 

Бала жыртық көңіліммен

Еткен едім мұны елге хат.

Тұра сала жөргегімнен,

Шаттанатын болды ма сәт?!

 

Қалт етпей біз елге қарап,

Қабақ бақтық ерте-кеште.

Өстік сөзін дұға санап,

Ерсілікті кешірмеске.

 

Қайда ардағым, қайда кісім,

Еліме ол болмас ұмыт.

Кейбір құрдас пайда үшін

Бола қалды тыныш жігіт.

 

Әділ сөздер сөйленсін тек,

Өссін деймін құламай гүл.

Әлдекімге бүгін, демек,

Бұл мінезім ұнамай жүр.

 

Үйретті ғой бізді бәрі,

Жесір ана. Тағдыр. Сабақ.

Қыз баладай жүрмін әлі,

Ерініме тимей шарап.

 

Әйел алған думанымда,

Рет бар-ды маған енді.

Жұтқым келіп тұрғанымда,

Қолымды анам қаға берді.

 

Айтты. Бітті. Тынды әуре,

Біз тоқтастық. Жол маңдады.

Көргенде мен еттім тәубе,

Азада мас болғандарды.

 

Неткен біздер сұсты жанбыз,

Шыншылмыз тым біздер неткен!

Әзіл-оспақ аралассыз,

Сүрген ғұмыр ақ ниетпен.

 

Жоқ-ақ менде өзге арман,

Арман жалғыз — ақ адал жол.

Мінезімді өзгерте алман,

Жасымда елге ұнап еді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button