Білім

Балдырған

Қанатты дос

Қырғи

Қырғи – қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Бұл құс көбіне еліміздің Жоңғар Алатауында, Тарбағатай, Барлық тауларында кездеседі. Қырғидың еркегінен гөрі ұрғашысы ірі келеді және оларды мынадай белгілерінен ажыратуға болады: еркек қырғидың арқасы сұр, төбесі қара, көзінің айналасы ақ, ал бауыры сары, қоңыр дақты болады. Ұрғашысы керісінше, арқасы мен бауыры қоңыр, құйрығының ұшы ақ боп келеді.

Қырғилар ұяларын белгілі бір жерге, орманға, шырша басына немесе өзен жағасына салады. Қызығы, былтырғы ұясының маңына жаңасын орнатады екен.

Жасыл әлем

Тікенқурай

Тікенқурай – шөп тектес, бір-екі жылдық өсімдік. Көбіне тау жиектерінде, егістерде, бұталар арасында өседі. Шілде-тамыз айларында гүлдеп, жемісін береді. Сабағы тік әрі ұзын. Ал жапырақтарының ұштары сүйір келеді. Гүлдері сары түсті, шар тәріздес, тікенекті.

Жас қалам

Мен қазақтың қызымын

…Мен өршіл рухты қазақ ұлтының ұрпағымын. Мұндай өшпес рух қазақ тарихында мың мәрте қайталанды. Мәселен, Ұлы Отан соғысында батыр аға-апаларымыз ақтық демдері таусылғанша елімізді жаудан азат етті. Көптеген жауынгерлер елі мен жерін қызғыштай қорғап, қарша бораған жау оғына төтеп берді. Бұл қанды қырғынды есіме алсам, алдымен Әлия апам ойға оралады. Батыр апамыз жарқ еткен жұлдыздай жанды да, әп-сәтте жау оғынан қаза тапты. Кішкентай қыз қасық қаны қалғанша неміс әскерімен күресті. Әлия апамыз «Отан үшін алға!» деп соңынан сарбаздарды ертіп, жауға қарсы ұмтылды. Батыр қыз елі, ұлты үшін жанын қиды.

Мен – Әлиядай апамның ізінен ерген қазақ қызымын. Үнемі батыр қыз жасаған ерлікті ойыма алып, оның есімін ардақтауға тырысамын. Біз, яғни жастар, батырларымыз берік ұстаған елдікті төмен түсірмей, биікке шығаруымыз қажет. Еліміз үшін қан төккен батырларымыздың ерлігі жадымызда жатталып, олардың ерен еңбектері ешқашан ұмытылмауы тиіс.

Нарқыз ТАМАБАЙ,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың

5 «ә» сынып оқушысы.

Оқушы ойы

…Үлкен азамат боламын

Елбасының биылғы «Дағдарыстан – дамуға» атты Жолдауын сынып жетекшіміз Ғалия апай бізге жан-жақты талдап, түсіндірді.

Мен не бары 9 жастамын. Әлі кішкентай болсам да, дағдарыстың қаншалықты қиын екенін түсінемін. Менің ойымша, дағдарыстан өту үшін ең алдымен терең білім, үлкен бірлік қажет. Ал бұл аталғандар мектептен басталады емес пе? Үнемі аузымыздың бір болуы өз қолымызда.

…Құрметті Елбасы! Менің есімім – Азамат. Өскенде атыма затым сай болып, елімнің көркеюіне өз үлесімді қосып, азаматтығымды дәлелдеймін. Сіз секілді ел қамын ойлайтын басшы боламын. Мен сізге уәде беремін!..

Азамат ЖАЛМҰРАТОВ,

№4 орта мектептің

3 «а» сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Оқушы өлеңі

Абай

Қазағым, қайран жұртымды

Көркейтем деп данасы…

Сөз түзеуге ұмтылды

Құнанбайдың баласы.

Ашылды нағыз жыр беті,

Өтейтін елге қарызы.

Адамды сүю – міндеті,

Алланы сүю – парызы.

Сөз жетпес жұрттың бәріне,

Ой айтсаң да ұғарлық.

Түсінбей жүр әлі де,

Өзіңді ойсыз Жұман қырт.

«Менікі» деген тән өлер,

Өлмейді «мендік» ақыл, жан».

Сөзіңнің бәрі дәл, егер

Таныса ұғып жақыннан.

Ойыңмен мұңын емдейді,

Сүйеді хакім Абайды.

Мәңгілік сөзің өлмейді,

Сені елің ұлы санайды.

Перизат ӨТЕГЕНОВА,

№40 Ақтөбе орта мектебінің

9-сынып оқушысы.

Қызықты оқиға

Қара тауықтың әлегі

Ол кезде мен 7 жаста едім. Жазғы демалыста Тамды ауылына қыдырып бардым. Таңертең жуынып жатсам, аулада бір қара, бір сары тауық жүр. Қызығып кетіп қарасын ұстап алып, анама «соямын» дедім. «Сой» деді анам. Бірақ мен тауықты союға қорқып, оны қорадағы шөпке қамап қойдым. Арада аз-кем уақыт өткен соң үйге көрші келіп:

– Менің қара тауығымды көрдіңдер ме? – деп сұрады. Мен ұялғаннан:

– Көрген жоқпыз, – деп жауап бердім. Көрші кетісімен әлгі қамап қойған тауықты ешкімге көрсетпей шығарайын деп қораға бара жатсам, күшігім тауықты тістеп үйге әкеп тұр. Бірақ қара тауық әлі өлмепті. Дереу көршіге білдірмей, тауығын үйіне апарып тастадым.

Нұрхан АҚМЫРЗАЕВ,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Бетті дайындаған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button