Әдебиет

Әсерлі кеш ұйымдастырылды

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Сәбит Баймолдиннің 80 жылдығына арналған «Ақын жыры — жүрек сыры» атты жыр кеші өтті.

Жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас  редакторы, ақын Ертай Ашықбаев сөз сөйлеп, ақынның шығармашылығы мен өмірі жайлы әңгімелеп берді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы Анар Абдуллина ақынның шығармашылығына талдау жасап, туған жер, табиғат, өлке тынысын насихаттау бағытында шығарылған өлең-жырларына ерекше тоқталды.

Ақынның қызы Ләззат Баймолдина: «Ол жас ұрпаққа өнеге ғып айтуға лайық ғұмыр кешті. Әкем шыншыл, тік мінезді, сауаттылықты жаны сүйетін кісі болды. Жақсы көретін адамдарына қол ұшын беріп, көмектесуге әрдайым дайын болатын», — деп естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ отбасының атынан кітапхана ұжымына өз ризашылығын білдірді.

Шара барысында сағынышқа толы естеліктермен қатар, ақынның көптеген жырларын «Тарлан» колледжінің студенттері мен №37, №49  мектеп оқушылары жатқа оқыды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Нәзимат Демешова ақынның шығармашылығын насихаттау барысында облыс көлемінде 400-ден астам көпшілік іс-шаралар өткізілетінін хабарлады.

«Өмірі өлеңмен нұрланған» атты кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу жүргізілді. Өлең сүйер қауым С.Баймолдиннің өмір деректері жарияланған «Жәдігер» әдеби антологиясынан бастап, ақын қаламынан туған «Жер-мекен» атты тұңғыш жинағы, «Қырда туған», «Монолог», «Қызыл іңір», «Сенемін саған», «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарық көрген т.б. жыр кітаптарымен танысуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар Сәбит Баймолдиннің  кітаптарын QR-код сканерімен тез әрі ыңғайлы түрде оқу әдісі көрсетіліп, таныстырылды. Кітапхана директоры Құралай Райымбаева бұл бағытта басқа да жоспарлары бар екенін айтты.

Ақын есімін ұлықтау жұмыстары «Өлке болып оқимыз» марафонымен жалғасын тауып, жыл бойы облыс көлемінде сұхбаттар, кездесулер, жыр сағаттары, туған жері Байғанин ауданында көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Ұлмекен ОЖЫРАЕВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық

әмбебап-ғылыми кітапханасының кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button