Әдебиет

Шернияз Жарылғасұлының туғанына — 215 жыл

Ақын Шернияз Жарылғасұлы 1836-1837 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысып, ел есінде азаттық жолындағы осы көтерілістің жалынды жыршыларының бірі ретінде қалды.

Ақынның туған жері — Ойыл топырағындағы Жарыпшыққан өзенінің бойы. Ал туған, өмір сүрген жылдарына қатысты мәліметтер әдебиетте, көптеген деректерде үш түрлі көрсетіледі: 1807-1867 жылдар; 1817-1881 жылдар және 1806-1867 жылдар аралығы. Мұның ішінде ресми түрде алынғаны —бірінші нұсқа. Бұл — ақынның 1977 жылы табылған құлпытасынан алынған мәлімет. Шернияз ақынның құлпытасы өзі қайтыс болған соң, арада 110 жыл өткеннен кейін табылып, ондағы сақталған деректерді жазушы, аудармашы Берқайыр Аманшин араб қарпінен аударып оқып, жария етті. Құлпытастағы жыл санау хижрамен берілетіні белгілі, сондықтан бастапқыда зерттеушілердің есептеуімен «1807 жыл» деген дерек негізге алынған. Алайда беріде құлпытаста тағы бір мәлімет — ақын «61 жасында уфат болды» деп көрсетілгені алға тартылып, туған жылын «1806 жыл деп алу керектігі» де айтылып жүр. Сондықтан бұл әзірге талас мәселе екенін, дегенмен біз бұған дейінгі әдебиет тарихында бекітілген мерзімге сүйеніп отырғанымызды оқырманға ескерте кетеміз.

Ақынның «баласы Асқаралы мырза қойды» деп көрсетілген құлпытасы Атырау облысының Қызылқоға ауданы аумағынан табылған. Бұл — оның бейіті де осы жерде деген сөз. 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында ақын бейітінің үстіне мазар тұрғызылды. Мазардың биіктігі — 7 метр, сәулетшісі — Заңғар Медетбек, ал шебері — Олжас Демесін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл ескерткіш Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына енген. (Мазардың суретін беріп отырмыз.)

Зерттеушілердің айтуынша, бүгінге дейін Шернияз ақын мұрасының бір бөлігі ғана жеткен. Сөйтсе де оның отты жырлары өз заманында-ақ бүкіл Ұлы далаға тарады. Зерттеушілер әдетте Шернияз Жарылғасұлын жырлары қазақ даласының бар түкпірін шарлаған бақытты ақын ретінде атайды. Кеңестік заманда оның жырлары Алыш ақын, Омарбек және Мәшһүр Жүсіп жинақтаған нұсқалар бойынша жарыққа шықты. Алғашқы кітабы 1925 жылы Алыш нұсқасы бойынша Мәскеуден жарыққа шыққан. Ілияс Жансүгіровтің әзірлеуі бойынша екінші кітабы Ташкентте басылған. Яғни соңғы бір ғасырдың ішінде ақынның жырлары үзбей жарық көріп келеді.

Суырыпсалма өнердің хас шебері, халық ақыны Шернияз — ескіше оқып, хат та таныған адам. Бүгінгі ұрпаққа оның жырлары өз дәуіріндегі халықтың мұң-мұқтажын, тыныс-тіршілігін дөп беруімен де құнды. Оқырмандарымызға Шернияз ақынның жырларын ұсынып отырмыз:

ИСАТАЙ — ЕЛ ЕРКЕСІ, ЕЛ СЕРКЕСІ

(Баймағамбет сұлтанға айтқаны)

Айт десең, ауызымнан шығар жалын,
Айырылып Исатайдан мүшкіл халім.
Алаштың баласына түгел жеткен,
Айтпауға бола ма екен түлік-малын?

Мен емес, жұрт мақтаған Исатайдың —
Бауындай тонның ішкі жақыны едім.
Малданып Исатайдан маңғаз болдым,
Әйтпесе адал итсіз пақыр едім.

Қу едім мен сыдырлаған бұта бұтын.
Таппаған жаздай шалап жалғыз жұтым.
Басқа үй тігіп, бауырыма қазан асып,
Түтеттім Исатайдан бастап түтін.
Мойнында Исатайдың болып тұрды,
Ұстаған қысы-жазы «расхотым».

Артынан ауыл-ауыл мен болдым бай,
Ішкен мен жегенді айтпа, тақсырым-ай.
Жөнелт деп мейманыңды, қонақасы,
Қонаға жіберуші ед күнде бір тай.
Қырық ат бас, өрігі, мейізімен,
Айына ішуші едік жүз қадақ шай.

Басында Шерниязың бойдақ еді,
Перінің жүрген жері ойнағы еді.
Бозбастық, бойдақтылық қуғаннан соң,
Исатай тұсаулауға ойлап еді.
«Алаштан таңдап жүріп қыз айттыр» — деп,
Исекем жігі-жапар боп қоймап еді.

Сонымен, қыз қарадым жанат киіп,
Қыздар да қырындайды манат киіп.
Арғынның алты табын алты ай кезіп,
Салғаным сауық-сайран тарлан шүйіп.
Сұлудың жұрт мақтаған бәрін көрдім,
Кейі аласа келеді, кейі биік.
Аққұлыншақ дейтұғын аққұбаны
Алаштан таңдап жүріп алғам сүйіп.

Исекем оған берген қалың малын,
Аққұлыншақ, айырылдым, сүйген жарым.
Еркіндеп ен дәулетте қудай шайқап,
Бәйеке-ау, дәуірлеген қайда сәнім?

Жентті жеті атанға жүктеуші едік,
Мейманды шашып-төгіп күт деуші едік.
Орыстың ащы нанын үнем қылып,
Қалтылдап сіздікінше бүйтпеуші едік.

Айтайын Исатайдың қылған ісін:
Ақ орда алты қанат менің үйім.
Масаты төрден-есік қызыл кілем,
Қырық ішік керегеде жанат, тиін.
Бәрі де Исатайдың байлығы еді,
Зерленген қара шақшам тайлық еді.
Исатай ел еркесі, ел серкесі,
Бір мен емес, алашқа жайылым еді.
Елге алғау, маған да алғау ер Исатай,
Айырылып Шерің содан қайғылы еді.

х х х

Тостағанды қолға алып,
Айқай салған жиырма бес;
Шаншатұғын найзадай
Қылтың еткен жиырма бес;
Шабатұғын қылыштай
Жылтың еткен жиырма бес.
Жиырма бестен өткен соң,
Орда бұзған отыз бес.
Отыз бестен өткен соң,
Қынсыз қылыш қырық бес.
Қырық бестен өткен соң,
Емен шоқпар елу бес.
Елу бестен өткен соң,
Әрмен-бермен алпыс бес.
Жетпіс беске келген соң,
Сексен беске жеткен соң,
Ұлың жүрер ұялмай,
Қызың жүрер тіл алмай,
Сол мезгілде жүрерсің,
Белге соққан жыландай.
Сексен бестен өткен соң,
Тоқсан беске кеткен соң,
Шөңге болар түсіңіз,
Жылап тұрар ішіңіз,
Бойдан кетер күшіңіз.
Сол мезгілде болғай-ау
Сыйлайтұғын кісіңіз.

ИСАТАЙ МЕН НАУША БАТЫР ТУРАЛЫ

Бірікпеді екеуі

Осы айтылған кеңесте.

Сұлтансиық Берішпен

Ат құлағын теңесті.

Ерегіс қазақ еншісі,

Алалыққа кірісті.

Сұлтансиық ұранды

Наушаға кетті ел еріп,

Алты жүз адам бөлініп.

Қылмайсың деп айтқанды,

Кейін қалды шегініп.

Үш жүз кісі Беріштер

Исатайға бұл еріп.

Батыр туған Исатай

Өз-өзінен желігіп…

 

Ақсұр атқа оқ тиіп,

Ақтобық атқа мінген соң

Игерді қолды ұршықтай.

Түтіндеген шаң шықты-ай,

Тал түсте түсіп ұрысқа,

Исатай батыр қырсықты-ай.

Ұзамай-ақ ұрыстан

Ырсалы мен Қалдыбай

Екі батыр тең өлді-ай.

 

Бұлар өліп қалған соң

Бақсыз туған Байұлы

Дулап қашып жөнелді-ай.

Қолы қашып кеткен соң

Бұрынғыдай болмады.

Белдігіне оқ тиіп,

Ат үстінен қозғалды.

Қайратты туған арыстан

Тарқамайкеттіарманы.

 

Сол уақытта арыстаным

Қырықтан асқан жасында,

Қайдақы бөрік басында,

Ақ балдақ белдік белінде.

Арғы атасы Ағатай,

Бергі атасын сұрасаң,

Есдәулет пенен Жағатай.

Өзінің атын сұрасаң,

Батыр туған Исатай.

Інісінің атын сұрасаң,

Ырсалы мен Қалдыбай.

 

Мінді Науша атына-ай,

Ықпалы жүрген Наушаның,

Таланы бар заманда

Әли арыстандай батыр-ай.

Бекетай құмның белесі

Түтіндеген шаң болды-ай.

Аллалаған дауысқа

Жер сілкініп қозғалды-ай.

Ашқан аузы Наушаның

Ат-тонымен сыйғандай.

 

Маңдайында жалғыз көз

Көл өртеніп жанғандай.

Бұндай істі көргенде

Зәресі жаудың қалмады-ай.

Бас қамын қылып жайқашты,

Қарсыласар жан қалмай,

Исатайды тұрмастай…

Шернияздың толғауы,

Толғау сөздің болғаны.

АЙ, ҚАЗЫ БИ, ҚАЗЫ БИ

Ай, Қазы би, Қазы би,
Үш таңбалы Майлыбай,
Жайылса жонға сыйғысыз,
Әлім деген ел едік;
Он екі ата Байұлы,
Біз екеуіне тең едік;
Қонысым жақын болған соң,
Бізбен он үш деп едік.
Тауда жүріп тас кескен,
Құландай тауда жайлаған,
Тумыш атын бұйырғанға байлаған,
Сонау жүрген Адайдың
Түбінде атам бір-ді деп
Айқайлап арын арлаған,
Біз теңдіксіз несін жеп едік?

Ай, Қазы би, Қазы би,
Әлі де боса ойланыңыз.
Біз зиянсыз қарғамыз.
Былтырғы өткен жаз күні
Біз Әлімге барғанбыз.
Қимағаннан қонысты,
Қайтып саған келгенбіз.
Келген кісім сен болсаң,
Көзге түрте бермеңіз.
Енді қорлық көрсек те,
Анау жатқан Әлімге
Біз уәде бергенбіз.

Ай, Қазы би, Қазы би,
Көзіңді сал пайда,зиянға-ай.
Шыға қалмас мүйізің,
Кетені қуып қиянға-ай.
Сұңқарым қашты қолымнан,
Қарамайсың сөзге, ұялмай.
Аса бір қорлық көрмесе,
Қонысын кісі қиярма-ай?

Сұлтансиық деп келгенде,
Ел ішінде ел дегенім
Қарсы өзіме жау шықты,
Жылқыдан Кете сау шықты.
Мәлікенің айтқаны
Өтірік жала, дау шықты.
Назар алған жылқысын
Шернияздан алам деп,
Мәліке деген жау шықты.

Ай, Қазы би, Қазы би,
Жылда бір келсем жеріңе,
Зәуде келген қонақтай.
Тәңір алдына барғанда
Қонақты күткен жалақтай,
Байұлының ішінде
Иланар кім, сені ақтай?
Сен би дегенге мақтанба,
Теңдесіп сөйлер жер болса,
Айбынар кім, кім ақсай?

Ай, Қазы би, Қазы би,
Жұрттан озды аруағың,
Атаңыз батыр бұрында-ай,
Ниетпен келдім, аға деп,
Тимес пе пайда, жерімде-ай?
Атаңның сөзі аз болар,
Сабыр етсең азырақ
өлмеген құлға жаз болар.

Менайтыпболдымсырымды-ай.
Мен де атадантуғанмын,
Адаммындепжүргенмін.
Мен-дағықараптұраалман,
Сен сүйкенсеңұрынбай.
Алдыңаарымжібермен,
ҮштаңбалыМайлыбай,
Тұқымымбітіпқырылмай.

ххх

Көл қылып құйдым талай судай ағын
Сөйлей көр өлмей тұрып, тіл мен жағым.
Дүниенің машақатын шектім талай,
Алмасын тірлікте ердің бағын.

Қызыл тіл сөз сөйлесем безерілген,
Заманы жылдан-жылға шегерілген.
Әр жерде алқа көрсем, тұра алмаймын,
Осындай қызыл тілге шеберімнен.
Өзім де сөз айтуға шебер-ақпын,
Сөйлеуге ернім епті емерілген.

…Мал қолда, жан ұяда тұрған шақта,
Тұрады айтқан сөзің жарасып-ай.
Неменеайтып-айтпай, Тәңірдеген,
Дүниебастанөтіпбарасың-ай.

Басқа жаңалықтар

Back to top button