Саясат

22 үміткер бар

Биыл сәуір айында өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға кандидаттар ұсыну аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, ақпанның 21-і, яғни сол күнгі түнгі сағат 00.00-ге дейін ОСК-ға 22 өтініш келіп түскен. Олардың төртеуі қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардан түсті. 18 адам, атап айтқанда Сәлім Өтен, Уәлихан Қайсаров, Мұсағали Дуамбеков, Амантай қажы Асылбек, Қанат Есжанов, Қанат Турагелдиев, Зәуре Масина, Советқазы Нұрсила, Толыбай Бай­мурзин, Гүлдана Тоқбаева, Майя Қарамаева, Адал­бек Құнанбаев, Мэлс Елеусізов, Мейрамкүл Қожа­ғұлова, Жақсыбай Базылбаев, Мұрат Телібеков, Біржан Ділмағамбет және Серік Сапарғалилар өз кандидатурасын өздері ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы 25 ақпанға дейін үміткерлердің Конституция нормалары мен ҚР заңдылықтарына сәйкестігін анықтау процесін аяқтап, қол жинау парақтарын тексеруге, сайлау науқанына қатысатындар тізімін жасауға тиіс. «24 ақпан күні президенттіке үміткерлер жөнінде толық ақпаратты жариялаймыз», — деді ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұлов.

Үміткерлер Уәлихан Қайсаров, Қанат Есжанов, Толыбай Баймурзин, Майя Қарамаевалар қазақ тілінен емтиханнан өтпей қалды, сондықтан оларды комиссия тіркеуден бас тартты. Екібастұз тұрғыны зейнеткер Зәуре Мусина өз кандидатурасын өзі алып тастады. Оның жерлесі Советқазы Нұрсила да сөйтті. Амантай қажы емтиханға үш мәрте келмей қалды, сондықтан сайлау комиссиясы оны да тіркеген жоқ. Кеше тағы бір үміткер тарих пәнінің оқытушысы Адалбек Құнанбаев та емтиханнан сүрінді.

ҚР Президенттігіне үміткерлер қатарында әзірге ресми түрде тіркелген «Нұр Отан» ХДП атынан түсіп отырған қазіргі Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бар, ол өзін қолдайтын 700 мыңнан астам адамның қолын жинап үлгерді. Саяси бірлестіктер атынан сайлауға түспек болып отырған эколог Мэлс Елеусізов, сенатор Ғани Қасымов пен коммунист Жамбыл Ахметбековтер емтиханнан сүрінбей өтіп, қол жинау парақтарын алды. Өздерін өздері ұсынғандар қатарынан Сәлім Өтен, Мұсағали Дуамбеков, Қанат Турагелдиев пен Гүлдана Тоқбаевалар емтиханнан «құламай», аман өтті.

Өзін өзі ұсынған ақтөбелік Мейрамкүл Қожағұлова сейсенбі күні емтиханға келмей қалғандықтан, ОСК оны тіркеуден бас тартты.

Кеше өткен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында комиссия мүшелері ҚР Президенттігіне үміткер Құрманғазы Рахметовтің кандидатурасы Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес деп танып, қаулы қабылдады. Мәжіліс барысында Қ.Рахметовке қатысты баяндама жасаған ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, аталған үміткердің негізгі құжаттары тиісті мемлекеттік органдардан келіп түсті. «Бұл азамат Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырып, қазақ тілін еркін меңгергендігі анықталды», — деді Б.Мелдешов

ОСК өкілдері бүгінгі мәжіліс барысында кеше лингвистикалық комиссияның сынынан сәтті өткен Президенттікке үміткер Жақсылық Бәзілбаевты да Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес деп тапты және тиісті қаулы қабылдады. Бүгін қабылданған қаулыларда аталған екі азаматқа да қол қою парақтарын беру тиістігі айтылған.

ҚР Президенттігіне үміткерлерді тіркеу олар барлық қажетті құжаттарды тапсырған күннен басталып, 2 наурызда толық аяқталады. Сайлау алдындағы насихат жұмыстары 3 наурыздан басталып, 1 сәуірге дейін жалғасады.

Кандидатурасын ұсынғандар кімдер?

Президент сайлауына «Нұр Отан» партиясының атынан түсетін қазіргі Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты үміткер ретінде ұсыну туралы шешімді партия мүшелері бірауыздан қабылдады. Назарбаев сайлауға «Қазақстан-2030» бағдарламасы және халыққа Жолдауымен түсетінін мәлімдеді.

Ақпанның 11-і күні Астанада «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезі өткен болатын.
Билеуші партия ұйымының съезінде Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын биылғы кезектен тыс президент сайлауына саяси ұйымның атынан ұсынды.
— Қазақстан халқы қазіргі бағытымызды қолдайтынына сенемін. Бұл ел игілігіне жұмыс істеуге мүмкіндік береді, басталған істің жалғасы. Мені президенттікке кандидат етіп ұсынуды менің бағытымды қолдау деп білемін. Жеңіске бірге жететінімізге сенімдімін, – деп мәлімдеді Н.Назарбаев.

Бұған дейін «сайлауға түспеймін, Н.Назарбаевқа өз дауысымды беремін» деп мәлімдеген сенатор Ғани Қасымов күтпеген жерден Орталық сайлау комиссиясына сайлауға түсуге өтініш алып келді. Ғани Қасымовтың кандидатурасын ол жетекшілік ететін «Қазақстан патриоттары» партиясы ұсынды.

Сенатор Қасымов 1999 жылы да президент сайлауына түскен болатын, ресми деректер бойынша, ол жолы кандидатты жақтап сайлаушылардың 4,6 пайызы дауыс берген. Сайлауға түсуге өтініш бермей тұрып журналистермен сұхбаттасқан Ғ.Қасымов былай деген еді.

Мен осы сайлауға лайықты азаматтар түсіп, олардың арасында күшті тартыс болып, ең мықты үміткер жеңімпаз болады деп сенемін.
Бұл идеялар мен бағдарламалар тартысы болуы тиіс. Себебі әр үміткердің артында – елді дамыту бойынша бағдарламалар мен ұсыныстар тұр. Балама пікірлер болашаққа бастайды. Сайлау қызықты идеялармен қатар жаңа тұлғаларды шығара алады. Бәлкім, осы сайлау кезінде саясат көгінде жаңа “жұлдыз” пайда болар?!.

Президент сайлауына түсуге үміткер Мұсағали Дуамбеков бір сұхбатында былай депті:

«Сайлауға қатысудағы мәселе —  Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шығу емес қой. Мәселе — сайлауға қатысу. Менің негізгі мақсатым — осы додаға қатысу, экологиялық мәселерді елге жеткізу деп мен сонау бастан айтып жүрмін. Қазақстанда экологиялық мәселелерге дұрыс көңіл бөлініп жатқан жоқ, соны елге жеткізу үшін мінбер есебінде осы сайлауды пайдалану…
Мәселе қарсы шығу немесе шықпауда емес, осы додаға қатысып, кемінде екінші орынға шығуға есеп жасау керек деп ойлаймын.
Біздің партияның негізгі шаруасы, ұраны — «экология – жан саулығы», «экология – тән саулығы», «экология – қоршаған ортаны қорғау». «Жан саулығы» дегеніміз – ол имандылық, «тән саулығы» дегеніміз — денсаулық. Оның ішінде, мысалы, ұлттық спорттарды көтеру.
Ал енді қоршаған ортаны қорғау деген біз үшін дайын мәселе, басқаша айтқанда, ол менің кәсібім, менің ғылыми бағытым».

Президент сайлауына түсетін «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов бұл жолғы кезектен тыс сайлауға осының алдындағы — 2005 жылғы президент сайлауындағы өзінің бұрынғы бағдарламасымен  түсетінін айтады.

— Менің бағдарламам бұрынғыдай, аса қатты өзгеріс жоқ. Ең бірінші, әрине, табиғат мәселесі. Қазақстанның табиғаты құрып бара жатыр. Табиғатты көтеру үшін жұмыс істеп жүрген жиырма жылда көп нәрсені көрдім. Сонымен бірге бағдарламамда экономика туралы, саясат, демократия жайлы мәселелер де бар, —  деді Мэлс Елеусізов.

Бұл жолғы кезектен тыс президент сайлауына түсіп отырған тағы бір эколог – «Жасыл ғаламшар үшін» қозғалысының жетекшісі Мұсағали Дуамбековке Елеусізов сын көзімен қарайтынын  және оның сайлауға түсуге шешім қабылдағанына Дуамбековтің қадамы түрткі болғанын айтады.

Орталық сайлау комиссиясында «Желтоқсан» халық­тық-патриоттық қозғалысы» республикалық қо­ғам­дық бірлестігінен президенттікке кандидаттыққа ұсынылған Құрманғазы Рахметов 1986 жылы көптеген қа­зақ жастары секілді Желтоқсан көтерілісіне қатысып, 7 жылға бас бостандығынан айырылып­ты. Кейін Желтоқсан көтерілісіне байланысты құрылған комис­сия­ның ықпал етуімен шығарып жіберген оқуына қайта қабылданған. Бірақ, оны әрі қа­рай жалғастырмаған. 2003 жылы Гуманитарлық университеттің заң факультетін бітіріпті.

Рахметов қазақ тілінен тапсырған емтиханнан сәтті өтті. Лингвистикалық комиссия­ның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, Құрманғазы Рахметов алдымен «Тәуелсіздік тағылы­мы» тақырыбына шығарма жаз­ған. Қате де кеткен. Алайда ол сынақтан «құлаған» жоқ.

«Желтоқсан – кезінде біздің қасіретіміз болды. Қа­зір Желтоқсан – халықтың ба­ғы. Желтоқсанда талай азамат халқының, елінің болашағы үшін құрбан болды. Олар нағыз күрескер еді. Солардың бірі сен екенсің, – деді Мырзатай Жолдасбеков үміткерге қаратып. – Сол біздің сай-сүйегімізді сырқы­ратып отыр. Біз осыны ескердік», — дейді М.Жолдасбеков.

Кәсіпкер, “Ақ Тарлан” газетінің бас редакторы, “Дәстүр” ЖШС қазақ орталығының басшысы Сәлім Өтен 2005 жылы өткен президент сайлауына үміткер ретінде өтініш беріп, кейбір себептермен сайлауға түсе алмаған болатын. Сайлауға қатысуға өтініш берген Жақ­сыбай Бәзілбаев үшінші рет бақ сынамақ. Осыған дейінгі кезекті екі сайлауда ол өзінің кандидатурасын алып тастаған еді.

Алматының тумасы, бұрынғы журналист, қазір туристік фирманы басқарып отырған ақын Қанат Турагелдиев тіл сынағын тапсырғанда шығарманы өлеңмен жазыпты деседі, Турагелдиев те, коммунистер үмітін арқалап сайлауға түспек боп отырған Жамбыл Ахметбеков те енді қол жинауға кірісетін болады.

Бұл сайлауда әйелдер белсенділік танытып отыр. Сайлауға түсуге төрт әйел—  Гүлдана Тоқбаева, Мая Қарамаева, Мейрамкүл Қожағұлова және Зәуре Масиналар ниет білдірген-ді. Зейнеткер Зәуре Масина өз кандидатурасын алып тастады. Жамбыл облысының тұрғыны, 57 жастағы Гүлдана Тоқбаева 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университе­тінің журналистика факультетін бітірген екен. 1993 жылы «Қазақстанның халық емші­сі» деген куәлік алған. Радиода, рес­пуб­ликалық журналда журналист болып қызмет еткен Гүлдана Тоқбаева соңғы жылдары қартайған анасын бағып, жұмыссыз отырған. Алматы облысының тұрғыны, 54 жастағы Мая Қарамаева 2005 жылы да өзін-өзі президенттікке ұсынып, бағын сынаған екен. Жеке кәсіппен айналысатын оның «халық емшісі» деген атағы бар. Бірақ ол тіл сынағынан өтпей қалды. Ақтөбе облысын­да­ғы отбасы орталығын басқаратын 50 жастағы Мейрамкүл Қожа­ғұло­ва да бірінші сайлауға қатысып отыр­ған жоқ, 2005 жылы да өз кандидатурасын ұсынған екен. Оны да сайлау комиссиясы тіркеген жоқ.

Интернет материалдары

бойынша дайындаған

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button