Басты жаңалықтарСпорт

Ақ Олимпиада басталады

Қытай астанасы Бейжіңде әлем жұртшылығы көз тігетін қысқы Олимпиада ойындарының сал­танатты ашылуы өтеді. Төрт жыл сайын болатын ірі спорттық жарыс осымен 24-рет өткелі отыр. Ал тәуелсіз қазақ елінің спортшылары қысқы Олимпиадада сегізінші рет бағын сынайтын болады.

Қазақстан қоржынында — 8 медаль

Қысқы спорт түгіл, қыстың өзін көрмейтін елдер көп. Сондықтан жазғы Олимпиадамен салыстырғанда, қысқы Олимпиадаға қатысатындар қатары әлдеқайда аз болады. Мысалы, 2012 жылы өткен жазғы ойындарда 204 мемлекеттің спортшылары бақ сынасса, 2010 жылы өткен қысқы ойындарға 82 елдің өкілдері қатысыпты.

Біздің еліміздің спортшылары 1994 жылдан бері қысқы ойындарға үнемі қатысып келеді. Бұл уақыт аралығында Қазақстан бір алтын, үш күміс және төрт қола жүлде иеленді.

Қазақстан құрамасы тұңғыш рет 1994 жылы тәуелсіз мемлекет ретінде Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиадада бақ сынады. Бұл додада ел құрамасы бір алтын, екі күміс медальға қол жеткізді. Үш жүлдені де шаңғышы Владимир Смирнов қоржынға салды. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орын алды. Бұдан кейін бұл жетістік қайталанбады. Өзге жүлделер бұйырғанымен, алтын бұйырмай келеді…

Соңғы рет 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан бір қола медальді қанағат тұтты. Бұл жүлдені фристайл-могулдан өнер көрсеткен Юлия Галышева сыйлады. Еліміз Пхенчхан Олимпиадасында медаль алған 11 мемлекеттің тізіміне енді.

Жалпы, бұрын болған қысқы Олимпиада ойындарының тарихына қарасақ, Қазақстан бір немесе екі медальға ие болған екен. Дегенмен Бейжіңде өтетін қысқы олимпиадада медаль саны артады деген үміттеміз.

Ел намысын қанша спортшы қорғайды?

XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады. Олар 87 жолдамаға ие болған. Лицензиялардың басым бөлігін шаңғышылар (35), конькимен жүгірушілер (12) және биатлоншылар (12) жеңіп алды.
Қазақстан құрамасы аспан асты еліне 27 қаңтар күні табан тіреген болатын.
Ұлттық олимпиада комитетіБейжіңге баратын спортшылардың толық тізімін жариялады. Олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғайды.

Шаңғымен жарысудан еліміздің атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі. Олар: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могулдан бақ сынайтын спортшылар тізімі: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.

Шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев Қазақстан намысын қорғайды.

Тау шаңғысынан қазақстандық Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.

Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Олимпиада жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз. Ол аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған қазақстандық ретінде тарихта қалмақ.

Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузинге жанкүйер боламыз.

Шорт-тректен бес спортшы бақ сынайды. Олар — Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туымызды Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова желбіретеді.

Олимпиаданың ресми ашылу рәсімі 4 ақпанға жоспарланғанымен, керлинг, фристайл, шайбалы хоккей сынды спорт түрінен жарыстар 2-3 ақпанда басталып кетеді. Қазақстандық фристайлшылар алғашқы іріктеу сындарын бүгін бастайды.

Қандай жаңа спорт түрлері енгізілді?

Биылғы дүбірлі дода 20 ақпанға дейін созылмақ. Қытай — қысқы және жазғы Олимпиаданы қабылдаған алғашқы мемлекет. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты «Құс ұясы» ретінде танылған Бейжіңнің ұлттық стадионында өтеді. 2008 жылғы жазғы ойынның салтанатты шаралары да сол кешенде өткен болатын.

Қысқы олимпиадаға әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады, олар 109 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Ойындар үш спорт кластерінде өтеді. Олар: Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоу.

Төртжылдық доданың ашылу салтанаты 4 ақпан күні, жергілікті уақытпен сағат 16.55-те басталады. Ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирден көруге болады.

Спорт мейрамын тамашалайтын миллиондаған шетелдікті таңғалдыру мақсатында түрлі шаралар қабылданып жатыр. Спорттан тысқары мәселелер де ұмыт қалмаған. Солардың бірі — қауіпсіздік шаралары. Мәселен, ауқымды дайындық жұмыстары өтіп, отшашулар сынақтан өтті. Белгілі болғандай, ашылу салтанаты экология мен инновация тақырыптарына арналмақ. Ал шоу 100 минутқа ғана созылады. Оған суық ауа райы мен індет себеп болған.

«Ақпанның 4-5 күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжің қаласына жұмыс сапарымен барады», — деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли. Сонымен қатар сапар барысында Қазақстан Президенті мен Қытай Төрағасы екіжақты келіссөз жүргізеді деп жоспарланған.

Бейжің Олимпиадасының бағдарламасына жеті жаңа жарыс түрі қосылды. Атап айтар болсақ, шорт-тректен аралас эстафета, шаңғы акробатикасынан, шаңғымен тұғырдан секіруден және сноуборд-кросстан аралас командалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы биг-эйр, сондай-ақ монобобтан әйелдер арасындағы бәсекеден жүлделер таратылады.

Бейжіңдегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарына 12 спорттық нысан салынды. Атлеттердің өміріндегі ең есте қаларлық сәттердің бірі — марапаттау рәсімі. Бейжің Олимпиадасын ұйымдастырушылар бұл сәттің керемет өтуіне барлық жағдай жасап отыр. Қаңтар айының басында марапаттау рәсімінің атрибуттары таныстырылды. Таныстырылым аясында көпшілікке гүлдер, тұғыр мен марапаттаушылардың киімдері көрсетілді. Айта кетейік, Олимпиада жеңімпаздары арнайы тапсырыспен дайындалған ойынның бойтұмарын да сыйға алады.

Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындарына келген қонақтарға роботтар қызмет етеді. Роботтар қонақүйде жайғасқан меймандарға ас-суын жеткізетін болады. Қызметтің бұл түрі аймақта коронавирус індетінің таралмауы үшін ұйымдастырылған. Өз-өзін басқаратын роботтар кез келген тапсырысты бөлмеге дейін жеткізіп бере алатын болады.

Еліміздің Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада жүлде алған спортшыларға қанша сыйақы берілетінін хабарлады.

Жүлделі орын алған олимпиадашылар мен паралимпиадашылар ақшалай сыйақы алады. Заңда қарастырылғандай, жеңіп алған медальдарға қарай пәтер де бөлінеді. Бірінші орын үшін — 250 мың доллар, одан кейін 150 мың және 75 мың доллар сыйақы бекітілген.

Сонымен қатар Қазақстан тарихында тұңғыш рет олимпиадалық құраманың спорттық формасы «QAZAQSTAN» деген атаумен шыққанын да айта кеткен жөн. Осыған дейін киімдерімізде «Kazakhstan» атауы жазылатын еді.

Интернет мәліметтері бойынша

әзірлеген Ақбота БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button