Жаңалықтар

Елбасының үндеуі және ауыс-түйіс

18 қаңтар күні ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жасады. Үндеу elbasy.kz сайтында жарияланды. Өз Үндеуінде Н.Назарбаев «2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталғанын, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілмегенін айтты.

— Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес. Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды. Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді. Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық. Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді. Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас, — деді ол. Сонымен бірге Н.Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға байланысты өзінің сын сағатта қайда болғанына түсінік берді:

—  Мен 2019 жылы Президент өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімді, сол уақыттан бері зейнеткер екенімді, қазіргі уақытта Қазақстанның астанасында құрметті демалыста екенімді және ешқайда кетпегенімді хабарлаймын, — деп, Қауіпсіздік кеңесінің тізгіні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында екенін еске салды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық билікке ие. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Жақын арада Президент Nur Otan партиясының төрағасы болып сайланады. Сондықтан элитаның ішінде ешқандай жанжал немесе қарама-қайшылық жоқ. Бұл төңіректегі қауесеттер мүлдем негізсіз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елдегі саяси элита арасында бірқатар ауыс-түйіс болды. Апта басында Мемлекет басшысының өкімімен Самат Әбіш ҚР  Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

Ал дүйсенбі күні Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы қызметінен кетті.  Бұл жайында палата сайтында жарияланған президиум төрағасының арнайы үндеуінен белгілі болды.

«Мен бүгіннен бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым.Съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы  басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды.

Қатардағы сарапшылардан бастап аудандық филиалдардың басшыларына дейін – «Атамекен» ұжымына бірлескен нәтижелі жұмыс үшін айрықша ризашылығымды білдіремін.

Біздің жұмысымыздың басты қорытындысы – бизнес пен биліктің жолға қойылған сындарлы диалогы, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру.

Біздің басымдығымыз әрқашан бизнес құқығын қорғау болды. Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жұмыс жолға қойылған», — дей келе, Т.Құлыбаев өзі басқарған сегіз жылдың ішінде атқарған жұмыстарын тізіп, алда атқарылар «үлкен міндеттер мен межелер тұрғанын», «2022 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысы өзінің Үндеуінде «Атамекен» мен бизнес-қоғамдастық үшін басым бағыттарды белгілегенін, халық табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, импортқа тәуелділікті төмендету, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, экономикада мемлекеттің үлесін төмендету  бойынша кешенді шараларді іске асыру қажеттігін» айтқан.

Ал осыдан бірнеше күн бұрын«QazaqGaz» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТансОйл» АҚ бас директоры Д. Досанов та  қызметінен босатылған болатын. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының сайтында жарияланды.

Д.Досанов қызметінен кетіп бара жатып, өзі бес жыл басқарған ұжымына алғысын айтты: «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) қызметінен кетуіме байланысты компаниямыздың еңбек ұжымына жылдар бойы бірге жұмыс істегеніміз үшін алғыс білдіргім келеді. Осында еңбек еткен әрқайсысыңыздың кәсіби шеберлігіңіз бен жұмысқа риясыз берілгендігіңіздің арқасында компания өзінің басты міндеті – мұнайды толассыз және апатсыз тасымалдауды абыроймен атқарып келеді. Әрқайсысыңызға бірге еңбектенген жылдар мен ұйымшыл да берекелі ұжымның бір бөлігі болғаным үшін алғыс білдіремін», — деп жазды ол.

 М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button