Білім

Балдырған

Табиғат

Біздің қыс

Қыс. Қар сықыр-сықыр етеді. Боран соғады, сосын аяз болады. Бірақ біз бәрібір далада ойнаймыз. Мен достарыммен аққала жасаймын, шанамен сырғанаймын, қарға жатып періштені саламын.

Үйге келгенде анам:

— Дала аяз, тоңдың ба? — дейді.

— Жоқ, дала тамаша! — деймін.

Мен қысты ұнатамын.

Нұрғали ЕЛЕУСІЗОВ,

№32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Менің елім

Біз бақытты ұланбыз

Біз ашық аспан астында, ынтымағы жарасқан елде өмір сүріп жатырмыз. Биыл тәуелсіздік алғанымызға — 20 жыл.

Қазақ елінің тәуелсіздігі ежелден келе жатқан ел тілегі. Тәуелсіздік бізге ата-бабаларымыздың қанымен келді. Жүрегі қазақ деп соққан Бауыржан атамыздың, Әлия, Мәншүк апаларымыздың ерліктері ел есінде. Қайрат пен Ләззат секілді аға-апаларымыздың өшпес рухы қазақ еліне тәуелсіздіктің алауын жақты.

Бүгінде қазақ елінің көгілдір түсті көк байрағы көгімізде желбіреп, әр адамға рухани күш беретін Әнұранымызды әлем мойындайтын қуатты мемлекет атандық. Қазақ елі мен оның президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әлем жұртшылығы мойындайды. Мен соған мақтанамын.

Қазір Қазақстанның барлық қаласы гүлденіп, көркеюде. Осындай болашағы зор мемлекетте өмір сүрген әрбір баланың жүрегі Отан деп соғуы тиіс.

Бүгінде елімізде балаларға деген қамқорлық жақсы жолға қойылған. Балалардың денсаулығына, демалуына мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Мұның барлығы Қазақстанның келешегі, яғни біздер үшін жасалып жатқан игі шара.

Мен ертегідей болған елордамыз — Астана үшін мақтанамын. Астанадағы шаттанған бала бейнесіндей болған Бәйтерек үшін мақтанамын.

Мемлекетімізде әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешетін маңызды жиындар өтеді. Соның бірі — Астана Саммиті. 56 елдің басшылары қатысқан Саммитте Қазақстанның беделі одан әрі асқақтай түсті. 7-ші қысқы Азия ойындарының да елімізде өтуі — қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Бұл дүбірлі додада Қазақстан бірінші орынға қол жеткізіп, қоржынға 32 алтын медаль салды. Бұл орайда мен:

Еңсесі биік елімнің,

Тау мен тасы жақұтты.

Кең байтақ дарқан жерімнің

Ұланымыз біз бақытты, — дей отырып, тәуелсіз еліміз туралы жұдырығымдай жүрегімнен шыққан ой-пікірімді осылай аяқтағым келеді.

Аяулым ҚЫДЫРБАЕВА,

№ 50 орт мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Жылдың қай мезгілі де керемет. Соның ішінде қыс мезгілі ерекше. Оның бораны, аязы, суық желі болса да, біз оны асыға күтеміз.

Біздің мектепте «Қыс қызығы» атты апталық өтті. Оған бастауыш сынып оқушылары қатысты. Біздің сынып ондай іс-шараларға белсене араласады. Апталықта қыс туралы сурет байқауы, қыс туралы өлең, тақпақтар сайысы болды. 3-4 сыныптар қыс туралы ертегілерден көріністер көрсетті. Біздің сынып «Қардың  түсі қандай?» деген ертегіні қойдық. Қыстың табиғи құбылыстарына арналған жұмбақтар шешіп, ойындар ойнадық. Нәтижесінде біздің сынып оқушылары бәріне де белсене қатысып, «Ең өнерлі сынып» деген мадақтама алдық.

Енді ызғарлы қыс кетіп, күлімдеген көктем келер күнді сағынып жүрміз.

Диляра БАХТИЯРОВА,

Талдысай орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Сүйемін

Сүйемін туған тілімді,

Сүйемін туған елімді.

Алысқа ұзап кеткенде,

Сағынам туған жерімді.

Гүл

Көркем гүл, әдемі гүл,

Әдемі ыдыста тұр.

Маған да ауа беріп,

Өзі де тыныстап тұр.

Әйгерім УКСУКҚАЛИЕВА,

№1 мектеп-бақшаның 4-сынып оқушысы.

Алға қаласы.

Менің достарым

Досым бар менің ардақты,

Өзі сондай жан-жақты.

Досым бар менің салмақты,

Сабаққа да сауатты.

Аяна ЖЫЛҚАЙДАРОВА,

№32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Мен жазған ертегі

Күшігім мен мысығымның көмегі

Бірде ұйықтап жатып түсімде өте кішкентай болғанымды көрдім. Қалай болғанын білмеймін, мен бір үлкен ақ бұлттың үстінде жатыр екенмін. Айналаға көз жүгіртіп қарасам, бұлт дегенім жастығым екен. Ал ата-анам мені таба алмай жүр екен. Қанша айқайлап, белгі берсем де, олар мені көздеріне ілер емес. Сонда мен ұйықтап жатқан мысықтың үстіне мініп, онымен тілдестім. Одан көмек сұрадым.

Мысық мені сиқыршыға апармақ болды. Мысықты сіңлім ұстап алып, онымен ойнағысы келді. Ал уақыт өтіп жатыр. Біраз уақыт өткен соң мен мысықтың үстінен түсіп, есікке қарай ұмтылдым. Осы кезде анам кілемнің шаңын қағуға далаға алып бара жатыр екен. Мен кілемнің түгіне жабысып, далаға шықтым.

Шыға сала күшігіме келіп, оқиғаны айтып бердім. Күшігім маған көмектесуге уәде берді. Екеуміз сиқыршыға жол тарттық.

Алдымыздан талай қиындық кездесті. Бірақ күшігім мені аман алып қалды. Кенет жаңбыр жауып кетті. Жаңбыр тамшыларының үлкендігі сонша, мен суға тұншығып қалдым. Сонда күшігім мені құлағына кіргізіп, паналатты. Біз кешке дейін жүрдік, жаңбыр да басылды.

Сөйтіп сиқыршылар еліне де жеттік. Бірақ сиқыршы үйінде болмай шықты. Оны шақыру үшін хабаршы құстарды жібердік. Құстар сиқыршыға хабарды лезде жеткізді. Қарасам, құстар аузына бір тал шөп тістей келіпті. Сол бойда шөп адамға айналып, сиқыршы да қасымыздан табылды.

Сиқыршы мені сынамақ болып, үш құтыдағы сусынды берді де, «Осылардың қайсысы сиқырлы деп ойлайсың? Бір-ақ рет таңдауға мүмкіндігің бар. Дәл тапсаң, өз қалпыңа қайта келесің», — деді. Мен ұзақ ойландым. Қателесуге болмайды. Осы кезде маған күшігім көмектесті. Өйткені күшігім жай күшік емес еді.

Ақыры сиқырлы сусынды тауып, ішіп кеп қалғанда, ұйқымнан оянып кеттім. Байқасам, түсім екен.

Сол түсте көмектескен мысығым мен күшігіме риза болып, құрметтейтін болдым.

Айдана АЯПБЕРГЕН,

№ 33 қазақ орт мектебінің 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button