Пікір

Халық күткен жағымды жаңалық

Нұрлан АЛДАБЕРГЕНОВ, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі отырысындағы мәлімдемесі көптің көкейіндегі көп мәселені шешуге бағытталды.

Соның ішінде мені көліктердің қымбаттауы мен оған төленетін алымдардың жайы алаңдататын. Мемлекет басшысы бұған баса назар аударып отыр.

Себебі бұған дейін шетелден көлік алу үшін тіркеу, кедендік рәсімдеу құжаттарына төленетін қаржы көлік алушылардың қалтасын қағып келді.

Көлік екі есе қымбаттап кетті. Көрші елдерге қарағанда утильдік алым мөлшерден тыс ең көп елге айналып кеттік. Салыстырып қарасақ, шетелде утильдік алым 100-150 еуро болса, бізде 2-2,5 мың еуро болды. Президент өз мәлімдемесінде «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын тоқтату туралы Үкіметке тапсырма берді.

Бұл барша халық күткен жағымды жаңалық еді. Мемлекет басшысының утильдік алымдардың қаржысын жеке компанияға емес, мемлекет пайдасына жарату керек дегені біздің ойымызды дөп басты. Утильдік алым тек жекеменшік адамдарға ғана кесірін тиігізіп отырған жоқ. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникалары да қымбаттап, шаруаларға өте қиын соғып отыр.

Жүк көлігі, автобустарды да алып келуге осы утильдік алым көп кедергі жасап тұр. Қала көшелерінде де қоғамдық көліктер жетіспейтінін көріп жүрміз. Президент: «Алымдардың жарнасы қайта қаралып, мұнымен мемлекеттік ұйым айналысу керек.

Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға утильдік алым есебінен жеңілдіктер қарастырған жөн. Осы және өзге де утильдік алым қаражатын қоғам пайдасына жаратыңдар», — деп Үкіметке нақты тапсырма берді.

Бұған қарап, көліктің бағасы арзандайды деп айтуға ерте. Бірақ шетелден қалаған көлігін алып келушілер құжат рәсімдеуде бұрынғыдай қымбат бағаға ұрынбайды. Ал утильдік алым реттелсе, пайдасы зор. Әсіресе ауыл шаруашылығы техникаларын әкелушілер көбейіп, экономикаға оң әсерін тигізері анық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button