Басты жаңалықтарМереке

Қызыққа толы мереке

Адамдар үшін әр мерекенің өзінше қымбат екені белгілі. Ал Жаңа жыл мерекесі — соның ішіндегі ерекшесі. Өйткені бұл атаулы күнді қанша жерден кішкентайларға арналған десек те, әрқайсысымыз желтоқсанның соңында бір сиқыр-ғажайыпты күтеміз…

Осы орайда біз әртүрлі салада еңбек етіп жүрген ақтөбеліктерді әңгімеге тартып, олардың есінде қалған Жаңа жыл мен қазір бұл мерекені қалай қарсы алатыны туралы білген едік…

Мұз құрсауындағы мейрам

Саламат АМАНБАЕВ,

Темір ауданының әкімі:

— Бала кезімде, 1975 жыл кірер уақытта ауылымызда аяқ астынан жаңбыр жауып, айналаның барлығын мұз басқаны бар. Сондағы ауыл шетіндегі Мәдениет үйіне қалай жеткенімізді әлі ұмытпаймын. Жүру мүмкін емес, тайғанақтап, сүрініп-қабынып, әбден әбігерге түстік. Ең бастысы, 31-і күні кешке жаңажылдық думанға үлгердік. Сол оқиға есімде қалыпты.

Сосын қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің төрағасы болып еңбек еткенімде 2013 жылды ерекше қарсы алғанмын. Себебі Біріккен Ұлттар Ұйымының 68-ші сессия ассамблеясына еліміздің атынан қатысып, 200 қатысушының арасынан сөз сөйлеу мәртебесіне ие болғандардың бірімін. Жаңа жыл қарсаңында маған жасалған осынау құрмет ешқашан ұмытылмайды.

Қазір қалай тойлайтыныма келсек, жұрт қатарлы отбасымызбен атап өтеміз. Арамызда жасы 90-ға келген ақылшымыз — әкеміз бар. Балаларымыз бен немерелерімізді жинап, оларға сыйлық жасап, жақсы көңіл күймен қарсы аламыз.

Барлық ақтөбелікті келе жатқан 2022 жылмен құттықтап, бар жақсылықты тілегім келеді. Келер жыл бұдан да келісті болсын!

Бәріміз Ақшақар болатынбыз…

Мәдина ҚАБИЖАНОВА,

А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері,

ҚР Мəдениет саласының үздігі:

— Менің бала кезім Кеңес Одағымен тұспа-тұс келді. Ол уақытта барлық бала Жаңа жылды бірдей қарсы алатын. Сыйлық алғанда да солай. Мәселен, баршамызды әдемі безендірілген қорапта мандарин, кәмпит, жаңғақтар «күтіп тұратын». Соған мәз болатынбыз. Сондай-ақ ертеңгіліктерге қатысып, түрлі ертегі кейіпкерлерінің костюмін киетін едік. Ұл балалар аю, қоян болса, біз, қыздар, Ақшақардың кейпіне енетінбіз. Қазіргідей ата-аналарға сыйлыққа, ерекше киімге «тапсырыс беру» атымен болған жоқ.

1-сыныпта оқып жүрген кезімде Жаңа жылға сыйлық деп әкемнің үлкен қуыршақ сыйлағаны есімде. Есімі Маша болатын…

Бүгінгі таңда жылдағы дәстүрге сай Жаңа жыл алдында ата-анамның, бауырларымның үйіне барып, ең бірінші кезекте соларды құттықтап шығамын. Ал сағат тілі түнгі 12-ні соққанда, міндетті түрде үйде боламын. Менің ойымша, бұл — отбасылық мереке.

Тілегім — еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Пандемиядан тездетіп құтылып, бәз-баяғы тіршілігімізге оралайық.

Қабырғадағы кейіпкерлер

Әділғали БАЯНДИН,  

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

— Ағаларымыз Мәдениет үйінің қабырғасына Аяз ата, мультфильм кейіпкерлерінің бейнесін салатын. Жаңа жыл қарсаңында бала біткен соны асыға күтетінбіз. Өйткені өте әдемі боп шығатын… Бәлкім, бейнелеу өнеріне қызығушылығыма сол әсер еткен болар?! Қазір бұлай ешкім жасамайды ғой. Бәрі дамыған, дүкенде дайын суреттер толып тұр.

Шыны керек, қазір бұл мерекені соншалықты дүркіретіп атап өтпейміз. Тек балалардың көңілі үшін мәре-сәре боламыз. Мен үшін Наурыз мейрамы — нағыз Жаңа жыл.

Балаларға сыйлықты да арнайылап жасаймын деп айта алмаймын. Бұл жағын жеңгеңе тапсырамыз. Менікі тек қаржы жағынан қамту (күліп).

Барыс жылы бәрімізге берекелі болғай!

 Аяз атаға хатты әлі күнге жазамын

 Мәлика ДҮЙСЕНБАЕВА,

дизайнер,

«Қазақстанның 100 жаңа есімі-2021»  жобасының жеңімпазы:

— Бұл мереке, ең алдымен, балабақшадағы жаңажылдық ертеңгіліктерімен есте қалды. Бәріміз жаппай Ақшақар болып киініп, сыйлыққа мандарин алатынбыз.

Ал үйде қалай мерекелегенімізді айтсам, тума-туыс, достар — барлығына құттықтап баратынбыз. Өзара сыйлық алмасатын едік. Тағы бір есімде қалғаны, біздің бала кезімізде Жаңа жыл мерекесі айрықша тойланатын. Кәдімгідей думантататын едік. Үлкендер жағы аулаға міндетті түрде мұз айдынын жасап беретін. Балалар болып аққала соғамыз. Қазір мұндайды көрмейміз… Мерекенің иісі анау айтқандай сезілмейді.

Бүгінгі таңда корпоративтік кештер көп. Сыйлықтың түрі де. Өз басым отбасылық достарыммен кездесуді дәстүрге айналдырдым. Аяз атаға тақпақ айтып, бәріміз арман-тілегімізді айтамыз. Одан бұрын үлкен-кіші деп бөлінбей, Аяз атаға кәдімгідей хат жазамыз. Бұл — біздің үйдің дәстүрі.

Келе жатқан 2022 жылы барлығымыздың арман-тілегіміз орындалсын!

2022 жылды Оралда қарсы аламын

 Жеңіс ЖҰБАНҚОСОВ,

мүсінші,

«Ақтөбе облысының жыл адамы-2021» номинациясының иегері:

— Нақты қай жыл екені есімде жоқ, бала кезімде апа-жездемнің үйінде қарсы алған Жаңа жылым ерекше болған. Шамамен 7 жаста едім. Ол кезде ойын баласына шоколад, тәтті сусын, балмұздақтан артық сыйлық жоқ. Соны үлкен бөлмеге жіпке іліп қойып, бәрімізді бір қуантқаны есімнен кетпейді.

Қазірде 4 баланың әкесімін. 7 жастағы кенжем әлі күнге Аяз атаның барына сенеді. Соның келуін кәдімгідей күтіп жүр. Ал одан үлкендері бәрін біліп алған (күліп). Дей тұрғанмен, келіншегім екеуміз әр балаға өзі қалағандай тарту-таралғы табыстауға тырысамыз.

Бізде жаңажылдық ерекше дәстүр жоқ екен. Бір ерекшелігі, биыл аталған мерекені отбасыммен Орал қаласында қарсы аламыз. Өйткені 1 қаңтар күні сондағы досым, белгілі суретші Қайыр Оразғалиев 60 жасқа толады. Соны құттықтап, «бір оқпен екі қоянды атқалы» отырмыз. Осыдан 10 жыл бұрын да сол жақта Жаңа жылды тойлағанбыз.

Газет оқырмандарына амандық, бақыт, сәттілік тілеймін!

Ерекше есте қалған Жаңа жыл

Ардақ СӘУЛЕТ,

«Ақтөбе» футбол клубының жартылай қорғаушысы:

— Шынымды айтсам, бала кезімде есте қалған Жаңа жыл жоқ екен. Ел қатарлы дастарқан жайып, сыйлық алдық. Ерекшелеп айтатындай оқиға есімде қалмапты.

Соңғы 2-3 жылдықта басымнан мынадай оқиға өткен: Жаңа жыл түні, келер жылға 30 минут қалғанда ағам хабарласып тұр. «Мұзға тайып құлап, аяғымды сындырып алдым». Содан үйдегі қарбаласты ұмытып, ағам екеуміз Жаңа жылды ауруханаға қарсы алғанымыз бар. Ең қызығы, ол жақта жарақат алған адамдар көп екен.  Бір қауым ел болып бір-бірімізді жаппай құттықтағанымыз бар (күліп).

Уақыт өте келе, қай мерекенің болсын, қызығы басылады екен. Бірақ 10 жасымда әкем компьютерге арналған құрылғыларды сыйлағанда, қатты мәз болғаным бар. Сол кезде қалай қуанғанымды ұмытпаған мен де іні-қарындастарымды атаусыз қалдырмауға тырысамын. Қанша дегенмен, бала ерекше ілтипатты күтеді ғой…

Алдағы жылы барлық аяулы армандарымыз ақиқатқа айналсын!

P.S. Қым-қуыт тіршілік, жұмысбастылық, әрі-беріден соң әрқайсысымыздың

бітпейтін шаруамызға қарамастан, жылда «қабаттасып» келетін әр мереке, соның ішінде Жаңа жыл бір-бірімізді бір сәтке болса да қуантуға себеп екені анық. Сондықтан осынау мерекені есте қалатындай атап өту, бір-бірімізге қуаныш сыйлау — өз қолымызда. Соны ұмытпайық…

Жаңа жыл құтты болсын! Әр шаңыраққа мол шаттық тілейміз!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button