Пікір

Басты мақсат — ел үмітін ақтау

Ғалымжан ЕЛЕУОВ,

Мәжіліс депутаты.

Еліміз бойынша медицина саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Диагностика және науқастарды емдеу хаттамалары заман талабына сай дүниежүзілік тенденцияларға сәйкес әзірленіп, клиникаларда инновациялық медициналық технологиялар енгізілуде. Денсаулық сақтау саласында табысты стартаптардың (жаңа жобалардың) дамуына ықпал ететін пәрменді мемлекеттік бағдарламалар басталып кетті.

Біздің аймақ денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің қатарына кіреді. Себебі Ақтөбе облысындағы медициналық кластерді құру тәжірибесі, сондай-ақ аймақтық денсаулық сақтау саласында кластерлік тәсілді қолдану тиімділігі мен перспективалары өзге өңірлерге үлгі.

Қазір облыста тәуелсіздік жылдарында салынған 154 медициналық нысан жұмыс істеуде. Инновациялық медициналық құралдармен жабдықталған облыстық көпбейінді аурухана, облыстық клиникалық балалар ауруханасы және «Дару клиникасы» оңалту медициналық орталығы секілді нысандар ел игілігі үшін қызмет етуде. «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы жобасының іске асырылуы аймақтың және көрші облыстардың тұрғындарына елден шықпай, көз ауруларын емдеуге мүмкіндік берді.

Сонымен бірге биыл облыстық перинаталдық орталық пайдалануға берілді. 2022 жылы өз жұмысын бастайтын «AQQANAT» медициналық клиникасының негізінде онкогематологиялық бөлім ашылып, мұнда гемопоэздік бағаналық жасушалардың трансплантациясын жүргізу (батыс өңіріндегі кішкентай пациенттеріміз үшін) жоспарланып отыр.

Nur Otan партиясының депутаты ретінде маған сенім білдірген азаматтардың алдында ерекше жауапкершілікті сезінемін.

Бұл тұрғыдан осы жыл маған баға жетпес тәжірибе берді: заң шығару процесіне белсенді қатысып, елдің заңдарын жетілдіруге өз үлесімді қосуға тырыстым. Мәжіліс биржа саудасы, өнеркәсіптік саясат, кәсіпкерлік қызмет саласындағы реттеу секілді мәселелер бойынша мақұлдаған заң жобаларына менің 40-қа жуық түзетуім қабылданды. Әсіресе маған кәсіби тұрғыдан жақын болған, елдің биологиялық қауіпсіздігі бойынша заң жобасының жұмыс тобына қатысып, айрықша тәжірибе алдым. Бұл заң жобасына елуге жуық түзету ұсындым. Оның ішінде патогендік биологиялық реагенттердің айналымын бақылау және қадағалау рәсімдерін жетілдіруге бағытталған түзетулер мемлекеттің биологиялық қауіпсіздігін күшейтуі тиіс.

2022-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетті талқылау барысында әрбір қазақстандықтың мүдделерін қозғайтын өзекті мәселелерді көтердім, инфляцияны төмендету үшін үкіметтің қабылдап жатқан шараларын сұрадым. Басқа депутаттармен бірге Ақтөбе облысында мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу жөнінде бастамаға қолдау көрсеттім. Өйткені қазіргі уақытта облысымызда мүмкіндіктері шектеулі 27 700 адам бар, оның ішінде 4300 бала, ал амбулаториялық-емханалық ұйымдары мен балалар стационарлары арасында аралық сауықтыру бөлімі бола алатын орталық жоқ.

Іс жүзінде депутаттардың жұмысы — өз өңіріндегі ахуалды жақсы біліп, көкейтесті және өзекті проблемаларды көтеру, ал заң шығару қызметінде барлық сайлаушыларымыздың, отандастарымыздың мүдделерін ескеру. Ел үмітін ақтауға бар күшімді салуға тырысамын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button