Ауыл

Туған ауыл түтіні түзу шықса…

Әр перзент кіндік қаны тамған жерін еш уақытта естен шығармақ емес. Бұл — ақиқат. Сол жерге қыста қар, жазда жаңбыр жаумаса да ойланып, алдағы мезгіл қалай болар екен деп толғанасың.

Өйткені, бұл — туған ауылың. Бір үй көшіп кетсе, мектеп бір оқушыға азаяды-ау деген ой да мазалайды. Сол ауылдың түтіні түзу шықса дейсің.

Біздің туған өлкеміз жарықтық Жем өзені бойындағы бұрынғы «Абай» кеңшарының бүгінгі ізі — Қызылбұлақ ауылдық округі. Кешегі мыңдаған төрт түлігімен табыс қазанын қайнатқан шаруашылықтың бүгінде аты ғана бар. Ел сол орнында, бірақ тұрғындарын толғантатын үш іргелі мәселе бойынша үш ауылдың ардагерлерінен шағым түсті.

Ардагерлер мазасыз ба?

Редакцияға жиі хат жазып, көкейтесті ойларын ортаға салғанын кейбіреулер артық санар, бәлкім. Бірақ елдің ертеңін ойласа несі айып…

2020 жылдың күзінде Жаңатаң ауылының 10 ардагерінен «Ақтөбе» газетіне шағым хат келді. Онда Жаңатаңнан салынар мектеп жайы 2015 жылдан бері әңгіме болғанымен, шешімін таппай келе жатқаны айтылған.

Елдегілер «осы жайтты облыстың бүгінгі әкіміне жеткізсеңіз» деген аманат хатты Оңдасын Оразалинге  табыстадым. Өйткені 2015 жылы жасалған жоба мерзімі 2020 жылмен бітпек. Жағдайға толық қаныққан облыс басшысы ауданнан 150 миллион теңге  қаржы бөлгізіп, содан құрылыс басталды. Жаңатаңдықтардың алғысы шексіз, себебі тастан салынған бұрынғы мектеп апатты жағдайда болатын. Енді, міне, екі қабатты білім ордасы биылғы жылдың соңында пайдалануға берілмек. Жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері С.Ешбаев атындағы мектептің атына заты сай болмақ.

Суға зәру ауыл…

Округке қарасты үш ауылдың бірі ақын Сағи Жиенбаевтың туған жері — Бұлақтыкөл. 1934-38 жылдары Оймауыт жақтан керуендетіп көшкен жұрт осы жерге қоныс аударған. Сол заманда ауыл айналасы тереңдігі ат жалынан асатын көлдерге толы болған. Бірақ біраз жылдан соң көргеніміз — Жарқамысқа барар жолдағы мөлдіреп жатқан Қоскөл ғана еді. Одан да айырылдық. Бұл ауыл елу жыл, яғни жарты ғасырдан бері ішер тұщы ауызсуға зар болып келеді.

«Кезінде құм басқан ауылды жерасты су бассейні бар Қызылшоқыға көшіру туралы мәселе қозғалып, ауыл ақсақалдары қолдамағандықтан, бұрынғы орнына жақын жерге кеңшар күшімен үй, мектеп салынып қалды. Бірақ су мәселесі сол күйінде шешімін таппады.

«Фермада көлік көп еді, су тасып берілді, ол уақытта кеңшардың күші жеткілікті болатын» — дейді бұрынғы бөлімше басқарушысы Мұса Қожабаев. Биылғы жылы Бұлақтыкөлден суға қатысты екі рет шағым хат түсті. Ауыл ардагерлері редакциядан көмек сұрап, орын алған мәселенің анық-қанығына көз жеткізуді өтінген. Жеті айдан бері ауылдың су құбырына телміріп отырғандығы жазылған-ды.

Алдын ала баратын күнімізді айтып аудан басшылығына хабарластық. Аудан әкімшілігінен жа-
уапты адамдар Қызылшоқыға келсе, ауыл ардагерлері редакция тілшілерінің келер жолын күтіп, суға қатысты ойларын оңаша ортаға салды. Аудандағы мекеме басшылары да мән-жайға қанықтырды, экологияға байланысты жерасты суы азайғаны себепті белгілі тереңдікте су болмағандықтан, құбырдың құмығып қалғанын тілге тиек етті. Сол жердегі мұнай компаниясы тереңірек бұрғылап, су шығарды. Біз де, ауыл тұрғындары да қуанды. Артынан  көп ұзамай  тағы да тұщы сусыз қалды.

Ардагерлер тағы да редакцияға хат жолдады. Мақала жарық көрді, мұнайшылар тағы да қимыл жасап, қайта бұрғылап су шығарды, алайда бұрынғыдай тұщы су болмай тұр, осыған да ырзамыз деп хабарласты елдегілер. Алда қалай болмақ, оны уақыт көрсетер дейміз бе…

Газ бар, бірақ мектеп көмір жағуда…

Екі ауылдың мұң-мұқтажы шешілді-ау деген тұста Қызылбұлақ округінің орталығы Кемерши тұрғындары Т.Жұмағалиев, Ә.Әбдірахманов қол қойған хат тағы келді. Редакцияда Жем бойының ардагерлері белсенді болып кетті деп әзілдейтіндер де шықты. Сонымен, хатта ауылға газ 2020 жылы пайдалануға берілгенімен, Кеңес Одағының Батыры Қожабай  Жазықов атындағы мектептің көгілдір отын пайдасын көре алмай отырғандығы баяндалған. Мәселе дұрыс қойылған. Бағдарлама бойынша газ елді мекенге келген соң, ең бірінші аурухана, балабақша, мектепке берілуге тиіс. Тегін газдан тыс қалған мектеп биыл да қатты отынмен жылытылмақ. Оған
404 тонна көмір жұмсалмақ. Ардагерлер газдың мәселесі 15 жыл бойы қозғалды дейді.

«Құрметті облыс әкімі, сіз келген соң газ құбыры Жаңатаңға, Бұлақтыкөлге, Кемершиге тартылды. Бүгінде Кемершидің мектебі газ қазандығы болмағандықтан тегін газды пайдалана алмауда» деп ашық жазған.

Мәселені зерттей келе, облыстық құрылыс және сәулет басқармасы басшысына редакция тарапынан сұрау салдық. Кім кінәлі? 2021 жылдың сәуір айында аталмыш мектепке қатысты аудан әкімі облыстың құрылыс басқармасымен сметалық-жобалау құжаттарына қол қойған. Содан бері облыстық мәслихат сессиясының отырысына газ  қазандығын ауыстыруға байланысты мәселенің қойылмағандығы түсініксіз. Жаппай жайлаған індетті сылтау еткен жөн болмас. Ашығын айтсақ, аудан әкімдігі мен құрылыс басқармасының өзара тіл табыса білмеуі жауапсыздыққа соқтырған. Аталмыш  мәселеге орай жауапты да бірнеше рет телефон шалып, сұрап алдық. Бірі қаржы бөлінбеді десе, екіншісі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасынан ұсыныс түскен жоқ деп отыр.

Тағы да облыс басшысы мәселеге араласты, орынбасарларына тапсырма берді. Облыстық білім басқармасы тарапынан Кемерши ауылындағы мектепті газ қазандығына ауыстыру үшін 2020 жылы сметалық құжатына сараптама жасалынды. Жоба құны — 11,6 миллион теңге. 2022 жылға газ жүргізуге экономика және жоспарлау басқармасына жолданып, ұсыныс енгізілді деген жауап жолдады. 2020 жылы сараптама жасалса, неге 2021 жылы жұмыс жүрмеген деген ой туындайды.

Ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаты Естай Сисенбаевпен жүздесіп, ел өтінішіне орай сауал жолдадық. Сонымен, Кемершидегі мектепке газ қазандығын орнату алдағы жылдың алғашқы тоқсанында жүзеге аспақ, өйткені тендер дегеннің өз заңдылығы бар деп сендірді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров. Амал жоқ, оны да күтеміз. Өзге ауылдар көгілдір газды келтіре алмай жүрсе, Байғаниндегі Қ.Жазықов атындағы мектеп бір жылдан бері келген тегін газды пайдалана алмай алаңдаулы. Аудан әкімінің сұрау салмағанын қалай түсінуге болады?

Қылышын сүйретіп қыс келді…

Көп нәрсе ойлантады. Ауданда екі жылдан бері ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтілмеген. Өткен жылы індет жайласа, биыл жасыл аймақта болдық. Ауданда болғанымызда жергілікті тұрғындар, әсіресе ноғайтылық ардагерлер ауылдың жемшөппен қамтылуының жайына орай өкпесін ортаға салды. Округ әкімі шаруа қожалықтарының көршілес облысқа шабылған шөпті тым көп сатып жатқанына бақылау жасай алмай отырғандығын тілге тиек етті. Жергілікті  әкім Сырым Құлбатыр  көрші ауыл Жарлыдан Ноғайтыға қатынап жұмыс жасайтын болса, қалай бақылауға алмақ?

Редакция билік пен халық арасындағы мәселені шешуде көпір боларлық қызметін тағы да көрсетті. Біздің мақсат —  әр ауылдың түтіні түзу шықса деген ізгі ниет. Ел-жұрттың талабы да дұрыс.

Жақсылық АЙЖАНОВ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button