Тәуелсіздік — 30

Кәсіпкерлерге құрмет

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында онлайн режимде салтанатты шара өтті. Марапатталғандардың арасында өңірдегі бизнес-қоғамдастығының өкілдері, осындағы сала мамандары бар.

Атап айтсақ, кәсіпкерлер палатасының ІІІ дәрежелі «Ісіне адалдығы үшін» медалімен «Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі Марат Итеғұлов, облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Express Gruz» ЖШС және «Сақтағанов А.К.» компаниясының директоры Айгүл Сақтағанова, Хромтау аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Жаңыл Шегірбаева марапатталды.

Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің Құрмет грамотасы кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және кәсіпкерлік қоғамдастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрлан Махамбетов пен сарапшы мамандар Владимир Сухорученко, Нұрлан Құсаевқа тапсырылды. Тағы бір сарапшы Азамат Бұрұмбаевқа ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алғыс хаты табыс етілді.

Марапаттаудан соң «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов:

— Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқармасы атынан барлығыңызды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тағы да құттықтағым келеді. 2020-2021 жылдары болған қиындықтарға қарамастан, бизнес субъектілерінің саны кеміген жоқ. Барлық салалар осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша оң динамиканы көрсетіп отыр. Бұл бізді де қуантады. Баршаңызға қазақстандық бизнесті дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтамын, — деді.

Өз кезегінде өңірдегі марапатталғандардың бірі де өз лебізін білдірді.

— Мен бұл марапатты алғаныма өте қуаныштымын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жан-жақты қолдау көрсеткені, бизнес жүргізу үшін, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін жасалған жағдайы мен мүмкіндіктері үшін алғыс айтамын, — деді кәсіпкер Айгүл Сақтағанова.

Марапаттау рәсімінде өңірлік кеңес төрағасы Асхат Айтжанов, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова да жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button