Есірткіге тәуелді болма!


Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен қала жастары арасында «Есірткіге емес, өмірге тәуелді бол» атты профилактикалық кездесу өтті.
Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың алдын алу, олардың жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатында өткен кездесуге Ақтөбе облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Азамат Қияшев, Ақтөбе облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Жүніс Какимов, Ақтөбе қаласының Заң және Қоғам ұйымының есірткі және киберқауіпсіздік төрағасы Бекарыс Сәденов, кинологтар, мектеп-лицей мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Алдымен сөз алған Ж.Какимов қоғамда заң және тәртіп орнату идеологиясын нығайту мақсатында жастар арасында осындай кездесулер жиі өткізілетінін айтады.
— Облыс аумағында есірткі қылмысы қазіргі таңда 10 пайыз өсіп отыр. Өткен жылы 21 адам есірткі сату фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Биылдың өзінде 12 адам сот үкімімен жазасын алды. Биыл кодекске өзгеріс енгізілді, яғни есірткі заттарын өндіргендерге 10 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Бұл бап кісі өлтіру, терроризм, экстремизм сияқты аса ауыр қылмыстармен бір деңгейде қаралады, — деді ол.
Бекарыс Сәденовтің айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша он үш жасөспірім есірткіге қатысты қылмыстарға тартылған.
— Есірткі адамның миын улап, өмірін құртады. Сондықтан ешқашан шөп, ұнтақ, мефедрон, синтетика секілді заттарды иіскеуге, ұстап көруге де болмайды. Бір рет көріп, қызығып көрудің өзі өмір бойғы проблеманың басы болуы мүмкін. Есірткіге жоламаған адам ғана еркін, дені сау өмір сүреді. Президентіміздің бастамасымен бүгінде «Заң мен тәртіп — қауіпсіз Қазақстан» идеологиялық бағыты қолға алынған. Біз де осы бағыт бойынша өңірде профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Біздің мақсатымыз — сіздерді қорғау, дұрыс жолға бағыттау және қиындыққа тап болмаудың алдын алу. Ең бастысы, өз өміріңізді өздеріңіз құртып алмаңыздар, — деді.
Азамат Қияшев оқушыларға телефонға келген күмәнді хабарламаларға, WhatsApp пен Telegram-дағы белгісіз ұсыныстарға абай болып, «жеңіл ақшаға» алданбау керектігін ескертті. Жиында теріс жолға түсіп кеткен жастар туралы бейнефильм көрсетіліп, кинологтар есірткі заттарды иісшіл иттердің көмегімен қалай ұстайтындарын тәжірибе жүзінде көрсетті.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.





