«Тәртіпке бағынған құл болмайды»


Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарға кеңес» жобасы аясында Бопай ханым жоғары медициналық колледжінде тәрбиелік бағыттағы кезекті іс-шара өтті. Шараға облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары, колледж оқушылары және облыстық полиция департаментінің өкілдері қатысты.

«Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау және жастардың патриоттық рухын арттыру мақсатында колледж оқушыларына қазақстандық «Капитан Байтасов» көркем фильмі көрсетілді. Жастар 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі туралы туындыны тамашалап, оның қайсарлығы мен Отан алдындағы адалдығына тағы бір мәрте куә болды.
Іс-шараға Ақтөбе облысы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Манарбек Қойшыбаев қатысып, фильм туралы пікір айтып, құқықтық мәдениеттің маңызына тоқталды.
— Заң мен тәртіп қағидасы — қоғам тұрақтылығының іргетасы. Әр жас өз құқығы мен міндетін білгенде ғана тәртіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алуға болады. Капитан Ғазиз Байтасовтың ерлігі — батылдық пен ар-ожданның үлгісі. Біздің мақсат — жастардың бойына осындай жауапкершілік пен патриоттық рухты сіңіру, — деді М.Қойшыбаев.
Көрсетілім соңында полиция қызметкерлері мен ұйымдастырушылар жастар арасында құқықтық сауатты арттыруға бағытталған түсіндірме жұмысын жүргізіп, тәртіп сақтау, қоғамдық мәдениет, жеке қауіпсіздік және жауапкершілік туралы сөз қозғады.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



