БілімТәуелсіздік — 30

Білім саласының белестері

Ешбір мемлекеттің ертеңі білімсіз, ғылымсыз дамымайды. Сондықтан елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсарту мәселесі мемлекеттік деңгейде іске асырыла бастады.  

30 жылда білім берудің ұлттық моделі қалыптасып, білім саласын дамыту бағытында бірқатар заң қабылданып, бұл сала түбегейлі жаңғырды.

30 жылда 500 балабақша

Облыстың білім беру жүйесінде де оң бағыттағы елеулі өзгерістер болды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, облыста тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттыру, балабақшаларға қолжетімділікті кеңейту бағытында жұмыстар жолға қойылды. Мәселен, 1991 жылы облыста 433 балабақша болды, олардың 85 пайызы немесе 370-і жекешелендірілген болатын. Жалпы, 1999 жылға қарай облыстағы балабақшалар саны 68 бірлікке дейін азайды.

Облыстағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі 2006 жылдан бастап қайта жандана бастады. Елбасының «Балапан» бағдарламасы еліміздің мектепке дейінгі білімін қалпына келтірудің басты тетігі болды. Алғаш рет республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі барлық ұйымға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін нысаналы трансферттер бөлінді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көпшілігі 2010 жылдан бастап ашыла бастады. Облыста 2010-2021 жылдар аралығында 39 мыңнан астам орынға арналған 491 мектепке дейінгі ұйым ашылды. 1999 жылдан бастап желі 68-ден 559 бірлікке дейін артты. Қазіргі таңда облыста 559 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, онда 43086  бала қамтылған, —  дейді Н.Бертілеуова.

Қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ұйымдары артты

Тәуелсіздік алған жылдан бері облыста қазақ тіліндегі мектепке дейінгі ұйымдар саны артқан. Тәуелсіздіктің алқашқы жылдары өңірде қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін мектепке дейінгі ұйым саны 23 болса, бүгінгі көрсеткіш — 432!

— Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру қазақ тілінде тәрбие мен білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда ұлты қазақ емес балалардың санының артуына әсерін тигізді. Бүгінгі күні қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшаларда 900-ге жуық  орыс және басқа да ұлт балалары тәрбие алады, — дейді Н.Бертілеуова.

Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғанға дейін қазақ тілінде білім беретін мектептер барлық мектептің 50 пайызына да жетпейтін, ал қазақ тілінде оқитын балалар үлесі небары 37 пайыз ғана болатын. 1990 жылы облыста  барлығы 514 мектеп жұмыс жасады, оның ішінде 265-і ғана қазақ тілінде білім берді.

— Ал бүгінде облыстағы 405 мектептің  270-і қазақ, 113-і аралас, 22-сі орыс тілінде білім беруде.  Жыл сайын облыстағы орыс тілінде оқытатын  және аралас мектептер саны азайып келеді. Осы жылдар аралығында 3 аралас мектеп қазақ мектебі болып қайта құрылған. Жаңадан ашылған білім беру ұйымдарының 95 пайызы қазақ тілінде білім береді, — дейді Н.Бертілеуова.

Жалпы білім беретін мектептердегі 160864 оқушының 76 пайызы қазақ тілінде оқиды. 1991 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде оқитын оқушылар саны 58 пайызға артқан.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту септігін тигізді.

Мұндай серіктестік нәтижесінде жеке мектепке дейінгі ұйымдар саны 4-тен 175-ке дейін, яғни 43 есеге артты.

Мектеп және колледждердегі жетістіктер

Тәуелсіздік жылдары ішінде облыстағы орта білім беру саласыныӊ инфрақұрылымында да айрықша өзгерістер болды. Отыз жылда облыста Назарбаев Зияткерлік мектебі, облыстық дарынды балаларға арналған 4 мамандандырылған мектеп-интернат, инновациялық режимде жұмыс жасайтын  7 гимназия, 15 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей  ашылды.

1991-2021 жылдар аралығында облыста 53553 балаға арналған 160 мектеп пайдалануға берілген.

Соның ішінде тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында —  9748 орындық 29 мектеп, екінші онжылдығында 13371 орындық 37 мектеп және үшінші онжылдығында 30704 орындық 94 мектеп салынған.

Облыста  үш тілде білім беретін 127 мектеп жұмыс істейді. Оларда жаратылыстану бағыты бойынша 1046 мұғалім ағылшын тілінде білім береді. Қазір облыста  18466 педагог еңбек етуде. Олардың сапалық құрамы айтарлықтай жақсарды. Білім беру саласында педагогтердің біліктілігін арттыруға зор мән беріледі.  30 жыл ішінде біліктілігін арттыру курстарына 17 мыңнан астам мұғалім қатысқан.

— 2005 жылдан  бастап материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында мектептер  жаңа модификация кабинеттерімен, лингафондық және мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті тақталармен жабдықталды. Облыс мектептерін интернет желісіне қосу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде облыс мектептерінің 100 пайызы кеңжолақты ғаламтормен қамтамасыз етілді, — дейді Н.Бертілеуова.

1991 жылмен салыстырғанда кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі 20-ға артты: облыста бүгінде 42 колледж жұмыс істейді. Ондағы оқушылар саны 50 пайызға артты. Қазір колледждерде 23138 оқушы білім алып жатыр.

Инклюзивті білім: арнайы ұйымдар

Өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдаудың өзгеше механизмі қалыптасқан: инклюзивті білім берумен барлығы 3853 бала қамтылған. Бүгінде өңірде 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 1 оңалту орталығы, 15 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті және 1 балалар сауықтыру лагері түзетім көмекті көрсетеді.

Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі — «Бақытты бала» жобасы аясында елімізде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі, инклюзивті балаларға арналған «Күншуақ» сауықтыру лагері, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы (түзетім) «Нектар» балабақшасы ашылды. Сонымен бірге облыста Қазақстанда тұңғыш ашылған «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс жасайды.

2019 жылы балалар үйі мен Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының қосылуы арқылы «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы да өз қызметін бастаған болатын.

М. САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button