Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Досжан ишан және Қайнар кешені

Ұлы даланың ұлы есімдері

«Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады».

Н.Назарбаев, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан.

Тарихи сананы жаңғырту мақсатымен Елбасы бастамасы бойынша қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, оған жалғас «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген ірі жобалардың үлкен бір бағыты —  бізді ата-бабалардың тылсым әлемімен жалғап тұрған көне ескерткіштерді зерттеу.

Батыс Қазақстан өлкесіндегі көне мұраның қатарында белгілі қоғам қайраткері, діни ағартушы Досжан ишан Қашақұлының есімімен байланысты екі ірі ескерткіш бар. Олар: Доңызтаудағы Қайнар діни-тұрғын кешені мен Шұбарқұдық маңындағы Ишан ата кешені.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, археолог әрі этнолог Серік Әжіғали Ишан ата кешенінде алғаш рет — 1979 жылы, ал Қайнар кешенінде 1987 жылы болып, зерттеу жұмыстарын бастаған. Бұдан кейін Қайнарға тағы бірнеше рет, яғни 2005, 2007 жылдарда және 2019-2020 жылдарда ұйымдастырылған Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедицияларын бастап барып, егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізген. Осы зерттеулердің қорытындыларына сүйене отырып, ол Қайнар діни-тұрғын кешенін Қазақстандағы ең ірі, айрықша маңызды тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарына қосады. Ғалымның пікірінше, бұл — Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Маңғыстаудағы Сисем ата қорымы сынды ең көрнекті ескерткіштердің тізімінде тұруға лайық дүние.

Қайнар діни-тұрғын кешені Доңызтау өңірінде, қазіргі көршілес Атырау облысы мен біздің облыстың шектескен тұсында орналасқан. Оның құрамына мешіт-медресе, тұрғын үйлер мен қора-жайлар (барлығы 30 шақты құрылыстың орны анықталған), құдық және мыңға жуық нысаны бар көне қорым енеді. Серік Әжіғалидың еңбегінде кешеннің жалпы ауданы 60 мың шаршы метр деп көрсетілген.

Біз ғалыммен сұхбатымызды осы кешеннің негізін қалаған Досжан ишанның өмірбаяндық деректеріне қатысты сауалмен бастадық:

Қайнардағы мешіт. 2005 жыл

 

— Серік Ескендірұлы, Досжан ишанның жерленген жері мен соңғы мешіті Шұбарқұдық маңында екені белгілі. Біз сонда тұрған құлпытастағы мәліметке сүйеніп, ишанның өмір сүрген уақытын «1815-1890 жылдар» деп көрсетіп жүрміз. Бұған қоса сіздің еңбектеріңізде басқаша, яғни 1812-1896 жылдар аралығында өмір сүргені айтылады. Осы екі дерекке қатысты

 уәжіңізді білсек?

— Алдымен мынадан бастайын: 1979 жылы көне ескерткіштерді тізімге алып, түгендеп, зерттеу үшін бір топ маманмен бірге Ақтөбе өңіріне алғаш рет келдім. Қолымдағы республика Мәдениет министрінің хатымен сол кездегі облыс басшыларының бірі, облыстық атқару комитетінің төрағасы Оразалы Қозыбаевтың қабылдауында болдым. Ақылдаса келгенде, Бестамақ арқылы Шұбарқұдықтағы Ишан ата кешеніне баратын болдық. Яғни бұл кешен — өзім құрамында болып, Ақтөбе жеріне келген ең бірінші экспедицияның алғаш зерттеген нысандарының бірі. Біз Темір аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Роза Ахметоваға мән-жайды түсіндіріп, Досжан ишанның өмірі мен қызметіне қатысты нақты деректер беретін үлкен кісілердің керек екенін айттық. «1812-1896 жылдары өмір сүрді» деген дерек, міне, сол сапарда жазып алынған. Бұл ақпаратты беруші — Жұмағали Ақбалин. Оның жасы 85-те екен. Жұмағали ақсақалдың жеткізген дерегі бойынша «Досжан ишан 1896 жылы 84 жасында қайтыс болған». Бұл менің 1979 жылғы экспедиция кезіндегі күнделігімде сақтаулы тұр. 2000 жылдардың басында жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына арнап Досжан Қашақұлы туралы мақала жазғанда да мен осы деректі пайдаландым.

Ал қазіргі көк түсті құлпытасты біз алғаш барғанда ол жерден көрген жоқпыз. Ол кейін пайда болған. Әрине, құлпытасты қоюшылар да онда жазылған деректі өздері сенетін адамдардан алған болса керек. Жалпы, мен Досжан ишан туралы кейінгі жылдарда жазылған көптеген еңбекті оқып шықтым. Көпшілігінде осы құлпытаста тұрған даталар пайдаланылады. Бірақ оның қайдан алынғаны, түпкі дереккөз айтылмайды. Оның үстіне бұл даталар маған «дөңгелектеп» алынған секілді болып та көрінеді.

Жұмағали ақсақалдың дерегін дұрысырақ санауыма тағы бір себеп — беріде Досжан ишанның жеке мөрінің табылғаны белгілі. Мөрде оның хижра бойынша 1248 жылы жасалғаны жазулы тұр. Біздің жыл санауымызға шаққанда, бұл — 1832/33 жылдардың іші. Егер 1812 жылы туған болса, бұл кезде Досжан Қашақұлы — 20, ал 1815 жылы туған болса, 17 жаста болады. Мөрді кез келген кісі ұстамайды. Қоғамда, өзінің ортасында үлкен орны мен салмағы бар, үлкен істерде шешім қабылдайтын, яғни зор жауапкершілік жүктелген адам ғана ұстайды. Ондай жауапкершілік пен сенімге ие болу үшін адам алдымен өзінің білімімен, қабілетімен, абырой-беделімен танылады. Бұл үшін 17 жас, қалай дегенмен де, ертелеу. Сондықтан мөрді қолына алғанда, Досжан Қашақұлы 20 жастағы азамат болса керек деп пайымдаймыз.

Досжан ишан — шариғат арқылы ел ішінде тәртіп орнықтырып, халықты өркениет көшіне ілестіруге ұмтылған, ұстаздардың ұстазы болған, өз тұсындағы ең беделді тұлғалардың бірі. ХХ ғасырдың 80-жылдарында біз бүкіл Батыс Қазақстанды аралай жүріп, өткен заманның ең көрнекті, атақты тұлғаларын анықтауға тырыстық. Сонда қайда барсақ та, алдымыздан екі адамның есімі шығатын: олар — Досжан хазірет пен Нұрпеке хазірет (Нұрпейіс Байғараұлы — ред.). Қариялар олардың есімдерін құрметтеп, «қарт хазіреттер» деп атайтын. Бұл жерде қариялар деп отырғаным — халықтың тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген шежірешілер. Айталық, Алшын Меңдалыұлының Кіші жүздің және адайдың шежіресінен жазған қолжазба еңбегі Орталық мемлекеттік архивте сақтаулы тұр. Бұл — өте құнды дерек. Ал мен көрген Ашығали Тағанов, Есенгелді Қаймақов, Маткер Нұрмағамбетовтер де — сол Алшын Меңдалыұлы тектес шежірешілер. Олар шежіре-қариялардың ең соңғы буынының өкілдері. Біз Досжан ишанның ірі қайраткер тұлға екенін сол көнекөз қариялардың айтуынан түсіндік.

Бірақ оның өмірбаянының әлі де зерттелмеген, анықталмаған тұстары көп. Қазір жазылып жүрген деректердің кейбіріне өз басым күдікпен қараймын. Мысалы, зерттеушілердің бірқатары Досжан ишанды Орынбордағы Қарғалы медресесінде оқыған дейді. Мұнымен келісу қиын…

— Неліктен?

— Ол заманда Үстірт қазақтары — адай, табын және шекті рулары — саяси және рухани-идеологиялық жағынан Хиуа хандығының ықпалында болды. ХІХ ғасырдың ортасына дейін Хиуа хандығы мен Ресейдің шекарасы осы Солтүстік Үстірт арқылы өткен. Бұл дерек Ермұхан Бекмахановтың еңбегінде де бар. Маңғыстау, Доңызтау өңірлерінің қазақтары жұт болған ауыр жылдары көршілес Хиуаға қарай көшіп, сол жақты паналаған.

Досжан ишанның әкесі Қашақ та молда болған адам. Досжан араб тілін, әліпбиін алғаш әкесінен үйреніп, одан әрі оқуын Хиуа медресесінде жалғастырған болса керек. Мұсылмандық-сопылық дәстүрге тән «ишан» атағын алуы, Кердері Әбубәкірдің толғауында айтылатын Олдан атты пірінің болуы соны айғақтайды.

Екіншіден, оның Тасастау-Қайнардағы алғашқы мешіті де сәулеті жағынан Орта Азиялық үлгіде салынған. Мұнда Орынбор жақтағы мешіттердің, яғни татар архитектурасының белгілері жоқ.

Қайнар мешітінің қазіргі жағдайы. 2019 жыл

— Бұл ескерткіш туралы әріректен қалған деректер бар ма? Бергі кеңестік кезеңде, тәуелсіздік жылдарында мұнда кімдер зерттеу жүргізді?

— Қайнар туралы әзірге ең ескі деректі біз 1869 жылғы «Орынбор өлкесінің атласынан» таптық. Мұнда кешен «Ишан үйі» деп белгіленген. Одан кейін 1892 жылы Үстіртке ғылыми экспедициямен Сергей Никитин келіп, осы сапардан жазған есебінде Қайнарды атап өтеді. 1904 жылы Доңызтауға геоботаник Владимир Дубянский келіп, зерттеулер жүргізген. Осы жерде ерекше айта кететін бір дерек, Дубянский сол уақытта Темір уезінде де болып, Ишан ата кешенін суретке түсірген екен. Бұл сурет орыс географиялық қоғамының қорында сақталып қалыпты. Менің шәкіртім, атыраулық Мұхамбетқали Кипиев оны Санкт-Петербургтегі архивтен тапты. Біз үшін бұл сурет — өте құнды жәдігер.

Кердері Әбубәкірдің Досжан ишанды жоқтап жазған толғауында да Қайнар туралы деректер бар. Ал кеңестік кезеңде мұнда 1962 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтының Гурьев (Жем) экспедициясы зерттеулер жүргізген. Экспедицияға белгілі қазақ этнографы, профессор Халел Арғынбаев жетекшілік еткен.

1960-жылдары Қайнарда географ Сергей Викторов та болған. Оның мақсаты — қазақ руларының бұрынғы көш жолдарын анықтау үшін рулық таңбалар жөнінде мәліметтер жинастыру еді. Кешендегі қорымнан, негізінен, шөмішті табын және адай руларының, аз мөлшерде шекті руының және бірлі-екілі тарақты табын мен жаппас руының таңбалары кездескен.

Мен мұнда Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясын бастап, алғаш рет 1987 жылы, одан соң 2005 және 2007 жылдары келдім. Бұл зерттеулер кезінде ескерткішті толықтай, жан-жағынан фотоға түсіріп, тіпті дельтаплан арқылы жоғарыдан жалпы көрінісін алып, өлшемдерін жасап, құлпытастардағы жазуларды оқып, барынша мол мәлімет жинақтадық.

Доңызтау өңіріндегі зерттеу жұмыстары 2019 жылы қайта жандандырылды. Біз Қайнарда 2019 жылы да, өткен жылы да болып, зерттеулерді одан әрі жалғастырдық. Бір өкініштісі, Қайнардағы мешіттің қазіргі жағдайы нашар, жақын уақытта ол біржола құлап, үйіндіге айналуы да мүмкін. Өз жеріміздегі осыдан екі ғасырдай уақыт бұрынғы сәулет өнерінің ескерткішіне жойылып кету қаупі төніп тұр…

Қайнар кешенінің жалпы көрінісі. 2007 жылы дельтапланнан түсірілген

— Енді Қайнар кешенінің тарихына ойыссақ?..

— Діни-тұрғын кешендерінің өзі — халқымыздың тарихындағы тұтас бір дәуірдің айғағы саналатын айрықша құбылыс. Бұл кезең ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басына дөп келеді. Ол дәуірдің басты сипаты — қазақтың көшпелі өмірден жартылай көшпеліжартылай отырықшы өмір салтына өте бастауы. Міне, осы тұста Доңызтау өңірінде 30-ға жуық діни-тұрғын кешен болған.

Діни-тұрғын кешендер туралы айтқанда, есте болуы тиіс маңызды жайт бар, бұл — олар кең далаға шашырай-шашырай, кездейсоқ тұрғызыла салмағаны. Діни-тұрғын кешендер сайлардың ығына, бұлағы, мол сулы құдығы бар, малды бір мезгіл қолда ұстау үшін әр маусымда екі-үш рет шөп орып алуға да қолайлы тұстарға, яғни жер жағдайы көрегендікпен, әбден зерттеліп  барып салынған. Кешендердің тұрғындары мал ұстап қана қоймай, шағын алқапқа егін салып, бақша өнімдерін еккен.

Діни кешендердегі мектеп-медреселерде шәкірттер үш жылдан он үш жылға дейін білім алған. Олар араб тілін, мұсылмандық құқық, діни философия, тағы басқа пәндерді оқыған. Сабақтарды жүргізу үшін Орталық Азияның медреселерінде оқытылатын оқулықтар пайдаланылған. Мешіт-медресенің айналасында шәкірттердің жатақханалары да болған.

Орталық Азияда ханака аталатын қоныстар болған. Ол жерлерде мектеп-медресе, мешіт, кітапхана, мазар — бәрі топтаса орналасқан. Доңызтаудағы діни-тұрғын кешендер де сол Орталық Азия елдеріндегі ханаканы еске түсіреді.

Қайнар — Доңызтау өңіріндегі кешендердің ең ірілерінің бірі. Мұндағы мешіттің биіктігі 4,7 метрге жеткен, күмбезі алтау болған. Мешіттен бөлек, дауыстап Құран оқитын зал, кітапхана, оқу бөлмелері, ұстаздар мен оқушыларға арналған құжыралар да болған.

Менің шамалауымша, Қайнардағы құрылыс жұмыстары 1840 жылдардың екінші жартысы мен 1850 жылдардың басында жүргізілген. Мешіт салынбас бұрын, Досжан хазірет Меккеге алғашқы қажылық сапарына барып келген деп болжаймыз. Жоғарыда аты аталған Ашығали Тағановтың (1903 жылы туған) маған берген деректері бойынша, бастапқыда Досжан хазірет қажылыққа Нұрпеке хазіретпен бірге барып қайтқан. Негізінде, ол қажылыққа үш рет барған.

Досжан, Нұрпеке хазіреттердің басты мақсаты — дін арқылы ел ішіндегі тәртіпті, бірлікті нығайту, халықты жаңа өмірге бейімдеу болған. Жастарды, өздерінің шәкірттерін осы мақсатқа жұмылдырған. Олардың шәкірттері бүкіл Батыс аймақ бойынша халыққа діни-ағартушылық қызмет көрсетті.

Қайнар — Досжан хазіреттің 20 жылдай еңбек еткен жері. Одан соң Ойылдың жоғары жағындағы тармақтарының бірі — Шилі өзенінің бойына қоныс аударды. Бұған себеп — 1868 жылы патша үкіметінің «Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ережені» енгізуі еді. Бұл құжат арқылы патша билігі ел ішіндегі беделді адамдардың ықпалын шектеуді көздеді. Әрине, беделді адамдардың қатарында Досжан ишан сынды ірі діни қайраткерлер де бар еді. Сөйтіп, ол шалғайдағы Доңызтаудан берірек көшіп келуге мәжбүр болды. Осы Шилі өзенінің бойында, яғни қазіргі Шұбарқұдық маңында жаңа кешен салдырды. Кейінгі мешіті, сәулеті жағынан, Қайнардағы мешіттен сәл басқарақ еді: мұның татар мешіттерінің үлгісіне келетін тұстары бар. Бір жағынан, Темір өңірі Орынборға жақынырақ та ғой…

Шилі бойындағы кешеннің бастапқы деректердегі атауы — Ишан ата. Бұл — ғасырдан астам уақыт бойы ел аузында сақталған, тарихи атау. Біз де оны солай атауымыз керек.

Ал Доңызтаудағы діни-тұрғын кешендер халыққа бір ғасырға жуық уақыт, яғни ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ұжымдастыру кезеңіне дейін қызмет еткен. Ұжымдастыру жылдары қаңырап қалғанына қарамастан, көпшілігі беріге дейін жақсы сақталып тұрды. Оларды қазақтың тарихындағы бір ерекше кезеңнің — жартылай отырықшылыққа көшу кезеңінің ескерткіштері ретінде әлі де зерттей түсу керек.

Шилі жағасындағы (қазіргі Шұбарқұдық маңы) Досжан ишан салдырған екінші кешеннің көрінісі. В.А.Дубянскийдің суреті. 1904 жыл (С.-Петербордағы Ресей географиялық қоғамының архивінен алынған.)

— Қайнардағы қорымға жеке тоқталсаңыз? Мұндағы құлпытастар оқылды ма?

— Қайнар кешенінің батыс бөлігінде үлкен қорым орналасқан. Бұл — Үстірттегі ең ірі мемориалдық кешендердің бірі. Қорымның тарихы әріректен, ХVIII ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қорымды бастан-аяқ аралап, көркемдік ерекшелігі, формасы жағынан сан алуан және әр кезеңге жататын 966 нысанды тіркедік. Олардың арасынан үш мавзолей (бұлар құлап қалған), сағанатамдар, сандықтастар, қойтастар, пирамида тәріздес етіп қойылған «бестастар» мен «үштастар», басқа да ескерткіштер, жалпы, маңғыстау-үстірт аймағының мемориалдық архитектурасына тән ескерткіш түрлерінің барлығы дерлік кездесті. Құлпытастар да сан алуан. Құлпытастардағы араб қарпімен қазақ тілінде жазылған мәтіндерде көп мағлұматтар бар. Олардың бір бөлігін өзім оқып шықтым. Мысалы, 1880/1881 жылдардың ішіндегі құлпытаста «Дамла Оразғали Мұсаұлы» жерленген деп көрсетілген. Дамла — дамолла деген сөз. Бұл дәрежесі жоғары, бас молда дегенді білдіреді. Осы жерде медресенің болғанын, оның оқытушыларының, қызметкерлерінің қасындағы қорымға жерленуі әбден мүмкін екенін ескерсек, мұндай ақпараттың, әрине, маңызы зор.

Шөмішті табынның жалпақтіл бөлімінен деп көрсетілген Қожым Жанқұтұлының мавзолейіне қарап, оның қатардағы көптің бірі болмағанын көреміз. Ал тағы бір ерекше құлпытаста оны қашаған шебердің есімі жазылып қалыпты — Жалғали Жантөреұлы. Жалпы, сол маңның қазақтары Қайнардағы қорымға өз жақындарын жерлеуді ХХ ғасырдың басына дейін жалғастырған.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button