Мәдениет

Жаңғырық

Газетімізде жарық көрген Ардақ Қонақбаеваның   «Көңілден шыққан қойылым бар ма?» атты мақаласына орай театр саласының адамдары,               көрермендер өз пікірлерін білдіруде. Солардың бір парасын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ұжымды соңына ерте алатын кісі керек

Әсия ҚҰРМАНАЛИНА, облыстық  «Алақай» қуыршақ театрының директоры:

Ардақ Қонақбаеваның мақаласындағы көтерілген мәселенің бәрі дұрыс, мұндай әңгіме айтылуы тиіс, ең болмағанда,  «Біз қандаймыз осы?» деп ойлануға итермелейді ғой.  Журналисті осы арқылы Т.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасы ұжымының еңбегін жоққа шығарайын деп отыр деп ойламаймын. Керісінше, қатардағы дүниелерді ұсынып, соны қанағат тұтып жүргендеріне намыстанатын сияқты. Мен де қазақ труппасы қойылымдарының кәсіби деңгейі өсіп, өзге облыстардағы әріптестері сияқты республикалық, халықаралық фестивальдарда Ақтөбенің атын шығаратындай  жағдайға жетсе деймін.

Шынында да, Ахтанов театрының іші керемет, хан сарайы сияқты, жарқырап тұр, оны бір көріп қайтудың өзі адамға қуаныш сыйлайды. Жұмыс  істеймін деген адамға барлық жағдай бар, бірақ көрермендерді еріксіз баурап алатындай қойылым жоқ екені рас қой. Оны директордың немесе режиссерлердің, жоқ болмаса актерлердің жамандығынан деп ойламаймын, әрқайсысы қолынан келгенше тірлік жасап жатыр. Шақырылған режиссерлердің бірі де көрермен үшін жаңалық ашқан жоқ. Сол баяғы бір сарын. Сонда да болса, меніңше, осы театрда өз ісіне шексіз берілген, өнеріміз алға бассын деп жанын салатындар   жетіспейтін сияқты, кейбіреулерінде жұмысқа деген немкеттілеу көзқарас бары шындық. Кейде актерлерді аяймын,  олардың жігері құм болатын сияқты әсер етеді. Мұндай құраммен  одан әрі жұмыс жасау қиын сияқты.

Болашақта театрға Болат Атабаев сияқты режиссурада  өзіндік ізденістерімен дараланған тұлғаларды шақырып, спектакль қойғызса, мүмкін труппаның кәсіби деңгейінің өсуіне игі ықпалы тиер, кім біледі?

Жеңісбек Әбетбекұлы жақсы директор, бірақ оның қазақ труппасымен ғана айналысып отыратын уақыты жоқ, қалада, облыс көлімінде өтіп жатқан ағымдағы шаруалардан мойны босамайды. Ал Сырым Ерікұлының тәжірибесі аздау. Қысқасы, қазақ труппасына  ұжымды шығармашылық тұрғыда сөзімен де, ісімен де мойындатып, соңына ерте алатын  дұрыс кісі керек. Ешкімге ақырып-жекірмей-ақ, күштеп-зорламай-ақ, актерлермен тіл тауып, оларды ізденістерге жетелейтін, бағыт-бағдар сілтейтін адамдар болады. Ондай адамдар қолдан жасалмайды, бірақ сирек туады. Ол ортадан мен әзір ондай көш бастаушы  адамды көріп отырғаным  жоқ. Менің ойымша, сол сияқты бұл театрға кәсіби режиссер-педагог керек, өйткені кәсіби дайындығы жоқ актерлердің білімін жетілдіріп отыруына ықпал етер еді.

Көрермен ұйымдастыруды, мысалы, әріге бармай-ақ, басқа елдердегі әріптестерімізден үйренсек болады. Олар әрбір спектакльді белгілі бір жас шамасына қарай қояды. Спектакль  бағдарламасына оның қысқаша мазмұнын және қандай жастағы көрерменге арналғанын міндетті түрде жазып қояды. Ал көрермен келсе болды дейтін болсақ,  театрдан жұртты жирендіріп алуымыз ғажап емес. Қазір өзі спектакльге әлеуметтік жағдайы орташа, орташадан төмен отбасылары адамдары ғана келеді ғой. Рухани байлықтан қол үзбейтін де солар сияқты. Байлар үшін біздің театрлардың қажеті шамалы, олардың шетел аралаудан қолдары тимейді. Сондықтан біздер көрермендеріміздің алдында қадірімізді қашырып алмауды ойлауымыз керек.

Театр атына айтылған сынның  бәрі орынды

Бақыт АЙТОВА, Т.Ахтанов атындағы драма театрдың актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері:

Өткенде газетте шыққан журналист Ардақ Қонақбаеваның  мақаласын оқығанда, оның театр жайлы әңгіме қозғауының өзін жанашырлық деп қабылдадым.  Шынында, қай театрда не болып жатқанын ол жақсы біледі, өйткені ешбір спектакльден қалмайды. Көркемдік кеңес туралы сөзінің жаны бар, талқыға түсіп, қабылданбаған спектакль сахнаға қалай жол тартады?

Ал қазір өзіміз жүгіріп жүріп ұйымдастырған көрермендерден басқа театрға кім келеді? Әкім-қаралар театрдың маңынан жүрмейді. Баяғыда Өзбекәлі Жәнібеков Торғайда театр ашқызып, оған Мәскеудегі Щепкин атындағы театр училищесінің түлектерін алдырып, Арқалықты театрқұмар қалаға айналдырғаны жұрттың есінде. Тіпті олардың әрқайсысына баспана беріп қана қоймай, киетін киімі мен ішетін асына дейін қадағалап, олардың шығармашылықпен ғана айналысуына мүмкіндік берген. Жанат Хаджиев сияқты атақты режиссерлердің шыққан жері сол.  Сол кезде Торғай облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған Өзбекәлі ағамыз әрбір қойылымға қарамағындағы қызметкерлерімен бірге өзі бас болып барып, зиялы қауымның   театрға бет бұруына игі әсер етті.

Рас, Ахтанов атындағы театр ғимаратының кемі жоқ,  ал оның ішкі мазмұнын ашатын, бет-бейнесін көрсететін қойылымдар қандай? Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Алматыдан бірнеше рет актерлік мамандық алған студенттер келді, олар тұрақтамады. Соған қарағанда, оларға қамқорлық өз деңгейінде жасалмаған болар деп шамалаймын. Бұрын қойылған спектакльдердің декорациясы, костюмдері қайда, неге қалпына келтірілмей жатыр? Кейбір  театрларда 30-40 жыл жүріп жатқан спектакльдер бар, олардың бар керек-жарағы сол күйінде сақталады. Біз бір-екі жыл бұрынғы спектакльдерді қалпына келтіре алмаймыз. Мен, мысалы,    осыдан 5 жыл бұрын өзіме арнап қойылған М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» атты спектаклінде ойнағым келеді, бірақ ол да репертуардан түсіп қалған. Соған түсінбеймін. Мен де көрермендермен жұмыс жасаймын, олардың: «Сіздердің сахнаға киетін киімдеріңіз неге жарқырап тұрмайды, арзандатылған тауарлардың ішінен  сатып аласыздар ма? Сахнаны неге  жұпыны безендіресіздер?» дегендерін талай  естідім. Мұндайда адам не айтарын білмей қалады екен.

Театрда тұрақты репертуардың жоқтығы рас, ал мұның  өзі актерлердің тәртібінің әлсіреуіне әкеп соқтырары сөзсіз. Шынында, талай спектакль  қойылды, бірақ солардың театрда тұрақты жүріп жатқанын көрмедік. Менің ойымша, ең алдымен тәртіп керек, актерлер жұмысқа уақтылы келіп, өз шаруасымен айналысса, артық-ауыс сөзге, пыш-пыш әңгімеге уақыт қалмайды. Актер мен режиссердің, директордың,  басқа да театр қызметкерлерінің арасында субординация сақталуы тиіс қой, әркім  өз орнын білмейді, «қашқанға да жақ, қуғанға да жақ» демекші,  керек нәрсеге де, керек емес нәрсеге де килігетіндер бар. Мұның өзі мәдениетіміздің төмендігі деп ойлаймын. Шығармашылықпен шындап айналысатын кісінің басқада шаруасы да болмас еді.

Жас режиссер Сырымның қойылымдарына сын айту ертерек деп ойлаймын. Оның тырнақалды жұмыстарын жоққа шығарудың реті жоқ. Жалпы, Сырым өте ойлы, сауатты жас, театр өнерінен хабары мол. Әрине, оның әзір тәжірибесі, труппа актерлерінің шеберлігі жетісіңкіремей жатқан шығар. Ал ол қойған  Ж.Тәшенов пен И.Саввиннің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» атты спектакльдің өз көрермендері бар, қазір оны көруге сұраныс білдіріп жатқан ұжымдар аз емес.  Ол екі қойылымын да  аз ғана уақыт ішінде дайындап шығарды. Алматыдан келіп, осында спектакль қоюға тырысып жүрген жас режиссердің талпынысын құптағанымыз жөн болар.

Ал атақ мәселесіне қатысты ештеңе айта алмаймын, кім қандай марапат алса да, соған лайықты болса екен деймін. Өйткені өнер адамының еңбегі еленсе,  қолпаш-құрмет көрсе, шабыты оянады. Бірақ атақ-құрмет  деген кезекпен тұрып алатын зат емес.

Ал енді көрермен мәселесіне келейік, «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» спектаклі негізінен балалар көретін қойылым емес еді. Оған мектеп оқушыларын шақырса,  театр әкімшілігіндегі көрермен ұйымдастыратын қызметкерлердің кемшілігі деп санаймын.

Бізде театр репертуары, жаңа қойылымдардың тұсаукесері жайында жарнамалау жағы жетіспейді. Қаладағы БАҚ құралдары арқылы жиі-жиі ел есіне салып тұрса, театрдың жұмысы да көрінер еді, халық не болып жатқанынан хабардар болар еді.

«Көрермен туралы пікіріне қосыламын»

Аманжол ҚОРҒАНБАЕВ, №34 мектептің директоры. Қаладағы №1 театр жанкүйері.

Ардақтың  мақаласы маған ұнады.  Әсіресе, көрермен жайлы өте дұрыс айтқан. Қаладағы қай театрдың да репертуары бізге таныс. Өзім театрлардың тұрақты көрерменімін.  Сондықтан қай театрдағы болмасын спектакльді алдымен өзім көріп аламын, сосын мектептегі оқушыларымның жас ерекшелігіне қарай қай спектакльге бару керектігі жайында кеңес беремін.  Мысалы, біздің  мектептің оқушылары — «Алақай» театрының тұрақты көрермендері.  Төменгі  сыныптардан бастап, театрдың қандай өнер ордасы екендігі, спектакльдер туралы әрбір  сынып жетекшісі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мағлұмат беріп, оқушыларды хабардар етіп отырады. Содан шығар,  мейлі Ахтанов театрына барсын, мейлі қуыршақ театрына барсын, біздің оқушыларымыз әдептен аттаған емес. Мұны мақтанайын деп айтып отырғаным жоқ, бәрі де алдын ала оқушыларды  дайындауға байланысты. Екіншіден, ересек адамдардың театр деген киелі ордада өздерін дұрыс ұстай алмауы да кейінгі буынға кері әсер етеді. Сол себепті газет бетінде  мұндай әңгімелер жиі айтылса, оқырмандарға ой салары сөзсіз.

Театр да эстетикалық тәрбие беретін үлкен мектеп, оқушы, ең болмағанда,  зәулім ғимаратқа кіріп, керемет  дүниелерді көріп, басқаша әсер алып қайтады. Әдемілікке, жақсылыққа ұмтылады. Жаны нұрланады. Рухани байиды. Студенттер  үшін де солай, олар ауылда мұндай әдемі ғимаратты көрген жоқ. Қарапайым көрерменге де ерекше қуаныш сыйлайды. Ал қойылымдар көңілден шығып жатса, көрермендер екі есе   бақытқа кенеледі.

Сырттан режиссерлер келіп спектакльдер қойып жатса, оны да дұрыс қабылдауымыз керек. Театр бір орнында тұрып қалмай, тіршілік етіп жатыр деген сөз. Қазақ, орыс труппаларының бір шаңырақ астында тұруы шығармашылық адамдары үшін онша қолайлы жағдай емес.  Спектакль репитицияларына, театрдың репертуарына салқынын тигізбей тұрмайды, бір-бірімен кезектесіп жүргенде, актерлердің жұмысқа деген кеуілдерінің суып қалуына, театрдың жүйелі жұмыс жасауына қалай дегенде де кесірін тигізеді. Келешекте қазақ театры салынады деп жатыр. Ақтөбе сияқты экономикалық әлеуеті мықты облыс үшін  бір театр ғимаратын тұрғызу қиын емес. Тек шынайы жанашырлық, әбжіл қимыл қажет.

Театр директорлығына Жеңіс  Әбетбекұлы келгелі көп болған жоқ, біресе, Достық үйін, біресе облыстық шығармашылық үйін басқарды. Ол да театрдың өз адамы, қай труппаға да болмасын демейді.

Қазақ труппасы туралы қаттылау айтып жатса, журналистің ұлттық мүддені көздегені, ұлттық өнердің туы биік болсын дегені. Оған бола ренжудің қажеті жоқ. Одан да театрымыз қайткенде оңға басады деп ойланған жөн сияқты.

Атақ мәселесі туралы айтарым, өнер адамына  атақ-құрмет  қашанда қажет. Осында Ресейден талай театрлар келіп жатады, бағдарламаларында атағы жоқ артисті таппайсыз. Бізде театр өнеріне еңбегі сіңген талай адамдардың атағы жоқ, Қазақстанның өнеріне бір кісідей қызмет етіп жатыр ғой, неге соларға атақ алып берудің жолдарын қарастырмасқа? Бақыт Айтова, Мағзом Бақытжанов,  Әсия Құрманалина, Сержан Аманқұлов, Елтай Кемал, Кеңес Кемалбаевтардың және  басқа да адамдардың атақ алатын уақыты әлдеқашан болды деп ойлаймын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button